COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

32500

Выздоровевших

56455

Зарегистрированных случаев

1500

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

264

Летальных случаев

Біздің Қостанай

«Толқынды, толқын қуады…»

Жас өрендер үшін шығармашылыққа жайлы орта

Қалалық Н. Остр-овский атындағы кітапхана жанынан құрылған жастарға арналған «Толқын» шығармашылық әдеби ұйымы 2017 жылы Наурыз мейрамы қарсаңында ашылған болатын.

Ол ұйымға қаламыздың кез келген оқу орынының өлең-жырға, шығармашылыққа жақын студенті мен кітапхана оқырмандары мүше бола алады. Құрылғандағы негізгі мақсаты айқын – жазуға икемі бар, қарлығаш жырларын қағаз бетіне түсіріп жүрген жас өрендердің қаламын ұштау. Шығармашылық көкжиегін кеңейту болып табылады.

– Студияны «Толқын» деп атауымыз тегін емес. Біздің көздегеніміз кіші буынның алдында темірқазық жұлдыздай жарқырап, бағыт-бағдар беріп жүрген аға буынның соңынан жастарды ілестіру. Себебі, оқырмандар студенттермен қатар оқырмандар арасында өлең жазатын, шағын эссе, мөлтек сырын қара сөзбен әдемілеп, әспеттеп жеткізетін өрендер бар. Оларды жігерлендіру, талабына нұр шашу біздің міндетіміз деп белімін, – дейді Н.Островский атындағы қалалық кітапхананың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ботакөз Дүйсембаева.

Бүгінде студия мүшелерінің саны 28 адамға жеткен. Олар әр мереке сайын түрлі бағытта шаралар ұйымдастырып тұрады. Айталық, «Достық» үйінде алғашқы шығармашылық кештерін өткерді. Ғашықтар күніне орай, «Март» ойын-сауық сауда орталығында жыл сайын «Қозы көрпеш Баян сұлу» атты тақырыппен шара ұйымдастырады.

– Алдағы уақытта толқындықтармен «Елім саған мың алғыс!» атаулы ақындық композиция ұйымдастыру қолға алынбақ. Сондай-ақ, «Қазақтың қазынасы, Ибраһим!» атты Абай атындағы әмбебап кітапханасының жас ақындарымен онлайн байланысқа шығу жоспарланып отыр, – дейді Ботакөз Әділбекқызы.

Жастар жылына орай, «Рухани жаңғыру – жастарға жол» бастамасымен библиобус шарасы ұйымдастырылған. Студия мүшелері қаламыздағы үш оқу орын студенттерімен кездесу ұйымдастырды.

– Бұл кездесуге «Толқын» студиясының мүшелері Базарбай Мәдина, Жауынбай Азат, «Тұмар» өнерлі жастар үйірмесінің мүшесі Даруш Раушан қатысып, әдеби ұйымның мақсаты жайлы терең ашып айтып жеткізді. Сондай-ақ кездесу барысында студияның шығармашыл жастары айтулы әдеби ұйыммен өнерлі клубқа мүше болғалы, алған әсерлерімен бөлісіп, тырнақалды туындыларын тарту етті. Кездесу соңында тілге шешен, өз беттерімен шығарма жазуға, өлең шығаруға икемдері бар, сондай-ақ өнерлі жастар «Толқын» шығармашылық студиясы мен «Тұмар» өнерлі жастар клубының қатарын көбейтуге ынта білдірді. Библиобуста өткен тамаша кездесуде жастарға арналған әдебиеттер қатары мол ұсынылды. Еліміздің жырын жырлап, Қазақ елін рухтандырар талантты жастардың санын көбейту үшін жасалынып жатқан жұмыстар нәтижесін беріп жатқаны бізді қуантады, – дейді кітапханашы.

Кітапханада ұйымдастырылатын шараларға өңірге белгілі ақын-жузышылар, сала мамандары қонақ ретінде әркез шақырылады. Айталық, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасының «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы аясында, Н.Островский атындағы Қостанай қалалық кітапханасының жанындағы жастарға арналған әдеби ұйым, «Толқын» шығармашылық студиясы мүшелерінің арасында ұйымдастырылған «Туған жер» арнайы жобасына арналған әдеби байқау өткен болатын. Рухани азық алар жиынға байқаудың әділ-қазылары ретінде Ақылбек Шаяхмет, Мешіт Ғазизұлы, Қымбат Досжановамен қатар арнайы шақырылған сыйлы қонақтар ардагер журналист Серік Шайман мен тілші Асылан Қанғожин шара куәгері болды. Онда байқауға қатысқан жас өрендердің шығармалары оқылды. Атап айтсақ оқырмандар назарына Тобылов Алмастың «Туған жерді аңсау» атаулы шығармасының желісімен сахналанған қойылым, Ихсан Даниярдың «Шұбалаң» атты өлеңінің желісімен бейнеролик ұсынылды. «Нұр әуен» домбыралы өнер студиясының жас жеткіншектері оқырмандарды әсем әнмен, кербез күймен баурап отырды. Байқауға қатысушылар шара соңында алғыс хаттар мен дипломдармен марапатталды.

Осы сынды ынта беретін көптеген байқаулар ұйымдастырылады. Мұнымен қатар жас ақындар облыс, республика көлемінде ұйымдастырылатын мүшәйраларға жас ақындар ұдайы қатынасып келеді.

– Толқын студиясына 2017 жылдың қаңтар айында тіркеліп, содан бері іс-шараларына қатынасып келемін. Жаңа достар тауып, шығармашылық орта қалыптастырдым. Өлеңнің құрылысы мен ұйқасы туралы біраз мағлұмат алып, өзіме көптеген көмегі тиді. Толқын студиясы арқылы көптеген ақын достарымның жыр кештері өтіп, қуаныш үстіне құаныш болды, – дейді студия мүшесі Данияр Ихсан.

Студия осы уақыт ішінде екі альманахтың тусауын кесіп үлгерген. Ол жинаққа студия мүшелерінің өлеңдері еніп отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77