Біздің Қостанай

Құтты мекен – Қостанай

Астықты өлке Қостанайдың келешегі зор

Жасыл желегі желбіреген, әсем қала Қостанайдың 143 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілуде.
Жыл сайын жаздың соңғы айында аталып өтілетін бұл мерекені жергілікті жұртшылық асыға күтетіні де белгілі. Қала күні дегенде өздерінің балалық шағын еске алатындар да баршылық.

Міне, осы мерекеге орай, өткен демалыс күндері де қала орталығында, «Тәуелсіздікке 25 жыл» өзен жағалауындағы саябақта, «Жастар» сарайында концерт болып өтті. Оған жиналған қала тұрғындарының да қатары көп болды.

Бұл жолы Федоров, Әулиекөл, Қарабалық аудандарынан келген өнерпаздар Қостанай қаласын туған күнімен құттықтап, әсем әннен шашу шашты. Кеште қоңыр домбыра күмбірлеп, әсем ән шырқалып, мың бұралған би көрермендердің көңілінен шықты. Сондай-ақ Федоров ауданынан келген өнерлі жастар жетігенде ойнады.

Осындай өнерлі жандардың бірі өңірімізге кеңінен танымал, отбасылық «Жоламановтар» ансамблі.

– Қостанай өте әсем қала. Біз бұл қаланы өте жақсы көреміз. Отбасылық ансамбльмен қала күніне орай концертке қатысуды ұйғардық. Қостанайлық қауым бізді жылы қарсы алды. Қызым Фариза Жоламанова жетігенде ойнап, көпшіліктің көңілінен шықты. Жергілікті қауымға жетіген аспабы қатты ұнады. Олар оған ерекше ықылас танытып, ұзақ қол шапалақтап, ризашылығын білдірді.
Концерт жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Біз қаланың үш жерінде өнер көрсетіп, жұртшылыққа жоғары көңіл-күй сыйласақ деген едік. Міне, сол мақсатымыз орындалып, көпшіліктің қуанышты жүзін көріп, өзіміз де шаттанып қалдық.

Қостанай қаласының 143 жылдығы құтты болсын. Алқабы алтын астыққа толы мекеннің келешекте дамып, гүлденіп, жарқырап жайнай беруіне тілектеспін. Біз өз кезегімізде өнер адамы ретінде Қостанай жұртшылығын әсем әнімізбен тербеп, әрдайым жоғары көңіл-күйде жүрулеріне өзіндік үлесімізді қоса береміз. Әсем қала Қостанай қаласының тұрғындарының саны күн санап артып, үлкен шаһарға айналуына тілектеспіз,-дейді «Жоламановтар» ансамбілінің мүшесі Сапура Әлібекова.

Тобыл өзенінің жағасында әсем әннің қанатында қалықтаған қала жұртшылығының қуанышында шек болмады. Олар өздерінің демалыс күндерін ерекше, жоғары көңіл-күйде өткізгендерін жеткізді.

– Қостанай қаласын қатты жақсы көремін. Мен мұнда Жанкелдин ауданынан осыдан 20 жыл бұрын көшіп келдім. Еліміздің өзге бірқатар қалаларында да болдым. Бірақ маған Қостанай қатты ұнайды. Ауасы да, көшесі де таза. Халқы да заңға бағынатын, тәртіпті жандар. Кейбір шаһарлардың тұрғындарымен салыстырғанда Қостанайдың халқы тәрбиелі, мәдениетті. Мұнда барлық салада тәртіп бар. Әсіресе, медицина саласының жыл санап дамып келе жатқаны қуантады. Дәрігерлердің де өздеріне алған жауапкершілікті сезініп, алдына келген науқасқа жүрдім-бардым қарамайтыны қуантады.

Бір сөзбен айтқанда, Қостанай ғұмыр кешуге өте қолайлы қала. Осында балаларым дүниеге келді. Олар қазір оқып, өз мамандықтары бойынша қызмет етіп жатыр. Қостанай алға ұмтылған жастар үшін де үлкен мүмкіндіктер қаласы. Мұнда білікті, білімді жан жұмыссыз қалмайды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жеке кәсіп те дамып келеді. Сондықтан мен Қостанайдың болашағы зор деп білемін. Қостанай күннен-күнге гүлденіп, Тобыл жағасында еркелеп, жайнап тұр. Сондықтан сүйікті қаламның болашақта дамып, көркейе беруіне тілектеспін,-дейді қала тұрғыны Қарагөз Ернешбаева.

Иә Қостанай өте таза да, әсем қала. Шаһарымыздың экономикасы да жыл санап дамып, халықтың жағдайы да жақсарып келеді. Қоймасы астыққа толы, бай мекеннің келешегі зор екеніне біз де сенімдіміз. Қостанайдың сәніне сән қосылып, келбеті жарқырай берсін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77