События

«Туған жерге тағзым»

деп аталған онлайн өңірлік өлкетану оқулары өтті

Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы және Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе отырып «Туған жерге тағзым» деп аталатын онлайн өңірлік өлкетану оқуларын өткізді.

Іс-шараның мақсаты – Қостанай облысының тарихы, мәдениеті және табиғаты жөніндегі ғылыми зерттеулерді насихаттау, өлкетану жұмысын жандандыру және өлкетануды дамыту арқылы мәдени-тарихи сананы қалыптастыру.

Онлайн өлкетану оқулары барысында, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры филология ғылымдарының кандидаты, ақын С.Оспанұлы, филология ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы А.Шаяхмет, тарих ғылымдарының кандидаты Ө.Исенов, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Шәукенов, өлкетанушы-зерттеуші, Марбург қаласының тұрғыны (Германия) А. Шефер, өлкетанушылар Қ.Орманов, А.Ибраһим, Ш.Байділдин, В.Стародуб, Д.Сүттібаев, Е.Ахменов, тарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы С.Виниченко және архив, музей, кітапханалардың қызметкерлері баяндама оқыды.

Онлайн өңірлік өлкетану оқуларының модераторы – А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, өлкетанушы Қалқаман Жақып болды.

Ол өз сөзінде өлкетану оқуларының ашылуында өлкетанушылардың тарихты зерттеудегі, тарихи жадыны сақтаудағы және өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеудегі өлкетану зерттеулерінің рөлін атап өтті. Алғаш өтіп отырған өлкетану оқулары біздің облыстың мәдени өміріндегі маңызды оқиға екенін айта отырып, зерттеу және ізденіс жұмыстарына табыс тіледі.

«Zoom» платформасында өткен іс-шарада қатысушылар өзара пікір алмасты. Қостанай облысының археологиясы мен этнографиясы, жергілікті тарихты зерттеудегі өлкетанудың рөлі мен маңызы, ата-бабалардың рухани мұрасы және өңірдің киелі нысандары, тұлғалары, туған өлке тарихының беймәлім беттері, облыстың сырға толы табиғаты туралы өлкетанудың ең өзекті мәселелері талқыланды.

Өлкетану оқуларының қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Өлкетанушылар облыстың қалалары мен аудандарының өлкетанушыларын тарта отырып, қатысушылардың географиясын кеңейту, өлкетануды дамытуға мүдделі барлық мекеме, ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту, өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеуге жастарды кеңінен тарту, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізінде 2-3 жылда кемінде бір рет өлкетану оқуларын өткізуді тәжірибеге енгізу, өлкетанушылар өлкетану саласындағы зерттеулерді дамытып, БАҚ-да өлкетануға қатысты жұмыстарды жандандыруды ұсынды.

Аталмыш музейдің ғылыми хатшысы Күләш Омарованың айтуына қарағанда, Өлкетану оқуларына 23 баяндама ұсынылған. Алдағы уақытта өлкетану оқуларының электронды жинағы жарық көретін болады. Бұл жинақ мәдениет мекемелеріне, өлкетанушыларға, оқу орындарына таратылады. Мұндай өлкетану оқуларының өңір тарихын терең зерделеп, насихаттауға үлесі зор.

Сондай-ақ өңірлік өлкетану оқуларында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-әдістемелік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Нәзима Оташева өзінің баяндамасында:

– Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің бағытына сәйкес өлкетануға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына айрықша көңіл бөліп келеді. Музей қызметінің ғылыми-зерттеу жұмыстары архивтермен тығыз байланыста жүргізіледі. Челябі облысынан алынған архив құжаттарының көшірмелері Қостанай уезінің Челябі губерниясының құрамында болған қысқа кезеңіндегі тарихи құжаттардан сыр шертеді. 1919 жылдың 27 тамызында БОАК (ВЦИК)-тың қаулысына сәйкес Челябі губерниясы құрылып, оның құрамына Челябі, Троицк, Қостанай және Қорған уездері кірді. 1920 жылдың 16 қыркүйегінде Челябі губерниялық атқару комитетінің президиумы Қостанай уезін Қазақ республикасына қайтаруға шешім қабылдады. Қостанай уезі 1920 жылдың қазан айында Челябі губерниясынан бөлініп, Қырғыз (Қазақ) АКСР-не берілді. Биылғы жылы осы тарихи оқиғаға 100 жыл толып отыр, – деп атап өтті.

Онлайн режимде өткен іс-шараға қатысушы ғалымдар мен ақын, жазушылар баяндамаларында өңір тарихына тереңнен үңіліп, өздерінің білген-түйгендерін ортаға салды. Шараға қатысушылар мұндағы нақты мәліметтерден өздеріне қажетті мол мағұлымат алды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті ұсынған музей қызметкерлері


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77