Біздің Қостанай Социум

Туристік слет әлеуметтік жобасы табиғат аясында өтеді

Қостанай облысында «Бірыңғай туризм – Единый туризм» әлеуметтік туристік слеті өтті. Ерекше балалар таза ауада, табиғат аясында бас қосып, ән айтып, турнирде жарысты. Жалпы слеттің өтіп тұрғаны алғаш емес. Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл да салтанатты ашылып, баласын ерткен ата-ана «Золотой фазан» қонақүйінің базасында жиналды.

Осы слетке келген жанның бірі – Ұлболсын Исламбекқызы. Ол екі баланың анасы. Қостанай қаласында тұрады. Үлкен ұлы 19 жаста, екінші топтағы мүгедек. Баласын дамытып, жетелеп жүреді. Ешқашан мойыған емес. Соның арқасында баласы қатарынан қалмай, дамып келеді. Өз бетінше жүріп, сөйлеп, тіптен өлең де айтады.

– Балам ән айтқанды жақсы көреді. Осы слетке жылда қатысамыз. Балама ұнайды. Басқа салған соң көнеді екенсіз. Бірақ жан-жақтан демеу мен көмек керек. Сондайда өзіңді жеңіл сезінесің, – дейді Ұлболсын Исламбекқызы.

Елімізде Ұлболсын сынды ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан тиісті жағдай жасалып жатыр. Әр өңірде арнайы сауықтыру орталықтары мен спорт кешендері жұмыс істейді. Сондай-ақ, ерекше балалардың денсаулығымен қатар, олардың қоғамға сіңіп, өздерін кемсінбей еркін сезінуі де өте маңызды. Осындайда туристі слеттердің өтіп тұрған жақсы. Ол балаларға еркіндік беріп, дамыта түседі. Слетті өткізіп, балалардың басын қосқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы.

Спорттық туризм біздің елімізде жақсы дамып келеді. Оның берері де көп. Аты айтып тұрғандай табиғат аясында спортпен айналысу, ширақ, шымыр болуға және далалық өмірге бейімделу. Оның денсаулыққа пайдасы зор. Сол сияқты спорттық туризм адамды табиғатты аялауға, оны қорғап, қадірін түсінуге де үйретеді. Әсіресе туризмнің бұл түрін балалар мен жасөспірімдердің арасында кеңінен насихаттаған жөн.

–Біз слетті бірнеше жыл қатарынан өткізіп келеміз. Барлық облыс көлемін қамтыса да алыс шалғайдан келе алмайтындар көп. Былтыр бірнеше ауданнан келген еді. Себебі, ерекше балалармен жүріп, тұру оңай болмайтыны белгілі. Турнир далалық аймақта өтеді. Қатысам деушілердің бәрін де күтеміз. Осы жолы Қостанай қаласы мен Қостанай ауданынан ғана 10 команда келді. Балаларға жетуіне ыңғайлы болсын деп қала маңындағы демалыс орындарын таңдаймыз. Спорттан бөлек, ерекше күтімді талап ететін балалардың арасында спорттық туризмді насихаттап, дамытып, олардың рахаттанып демалғанын қалаймыз. Балаларға ұнайды, ауа-райы да тамаша болып тұр. Ата-аналары да демалып қалады, – дейді туризм бөлімінің бас маманы Ажаркүл Алсупова.

Қатысушылар шатыр орнату, от жағу, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты туристік эстафеталардан өтіп, арқандағы түйіндерді шешіп, шатырларды орнатып үйренеді. Ал шығармашылық бөлігінде ән айтып, өнерлерін көрсетеді. Балалар ән орындауға мұқият дайындалған. Туған жер туралы әндерді таңдап алған екен. Көп бала ән арқылы ішкі сезімін жеткізеді. «Капитандар сайысы» да қызықты өтті. Сынақ оңай болмады. Топ ішіндегі көшбасшылар өздерін таныта білді. Суырлып ортаға шығып, тапсырмаларды орындады.

Қостанай ауданынан келген «Адреналин» командасы осымен үшінші жыл қатысып отыр.

–Балалар осы слетті асыға күтеді. Оларға ұнайды. Өзімнің баламның да мүмкіндігі шектеулі. Баланы тәрбиелей жүріп, қоғамдық қор құрған едім. Қордың құрамында алпыстан астам бала мен ата-ана бар. Балам 17 жаста, осы турсттік слетке ерекше көңіл-күймен келді. Біз сияқты ата-аналарға оңай емес екені белгілі. Баланы үнемі қаратып, жетілдіріп, дамытып отыру керек. Ал бұл жерде бір ғана күн болса да біраз демалып қалады. Бір-бірімен араласқаны өте маңызды. Болашақта бір күн емес, үш күн болса қуанар едік. Осы іс-шараға қатысуға бір ай дайындалдық. Әніміз де, биіміз де дайын, – дейді «Лучики надежды» қоғамдық қорының жетекшісі Валентина Бутырина.

Балаларға барлығы да ұнады. Олар өте белсенді екен. Қызыға кірісіп, бір-бірімен араласып, әңгімелесіп жатты. Егер өзге де командалар келіп жатса есік әрқашан ашық екенін білдірді ұйымдастырушылар.

– Слетке 10-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар жиналды. Барлығы 10 команда. Балалар спорттық туризмнің не екенін біліп, бір күн бойы демалып, бойжазып, көңілді уақыт өткізсін дейміз. Мамандар спорттық туризмге үйрете отырып денсаулықтарына көңіл бөледі. Слет жыл сайын өтіп тұрады. Балалар арнайы бағдарлама бойынша күні бойы демалады, бір-бірімен араласады, дамиды, танысады. Олар мұндай мерекелерді жақсы көреді. Ата-ана үшін бұл бір жағынан көмек. Себебі, балаларға мұндай іс-шаралар өте ұнайды. Қуанып, күліп, еш шектеусіз жүгіріп, ойнайды, бір-бірімен жарысып сайыстарға қатысады, өнерлерін де көрсетеді, – дейді бөлім басшысы Данияр Ералин.

Бұл жай ғана слет емес, бұл әлеуметтік жоба. Ол баршаға арналған. Табиғат пен туристтік бағыт бір-бірімен жарасым табады. Ол тамаша мүмкіндіктерге жол ашары да сөзсіз. Барлық командалар қатысқаны үшін естелік сыйлықтар, жүлделі орындар және жеке номинациялар бойынша мараптталды. Бірақ басты сыйлық марапат алу емес, бастысы алған әсер. Достық қарым-қатынас, уақытты қызықты өткізе білу. Туристік саяхат адамның көңілін жайлап, табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезіндіре алады. Бұл тұрғыдан алғанда бүгінгі әр бала, әр ата-ана жақсы демалып, дами білді.

Аий ӘБДІЛДА,
суреттерді ұйымдастырушы тарап ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77