Біздің Қостанай ЖКХ

«Әуежай» шағын ауданы несімен көрікті?

Қостанай қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Әсіресе, қалаға кіреберісте орналасқан «Әуежай» шағын ауданын білмейтіндер кемде-кем.

Қазіргі кезде қайнаған тірліктің ортасына айналған бұл мекен бір кездері бос аумақ саналап, бос жатты десең сенбессің. Айналдырған он жылдың ішінде шағын ауданда заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, спорттық кешендер мен саябақтар бой көтеріп, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда.

Көркін ашқан мекен

Шағын аудан құрылысы 2012 жылы басталып, аз уақыт ішінде сәнді тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, көз тартатын келбетті ауданға айналды. Бұл ауданға алғашқылардың бірі болып қоныстанған жанұялардың қатарында Әйгерім мен Қабдрахманның отбасы да бар.

– Біз мұнда жас отбасы ретінде 2016 жылы көшіп келдік. Қаладан алған алғашқы баспанамыз осы шағын ауданнан болған соң ба, біз үшін әрдайым ыстық. Балаларымыз дүниеге келіп, осында өсіп жетілді. Алғашында бос жатқан алаңдар көп еді, халық та аз болатын. Уақыт өте жаңа үйлер салынып, адамдар қоныстана бастады. Қазір әр ауланың өз спорт алаңы бар. Балаларға арналған бір емес, екі мектеп пен балабақша, спорт кешені бой көтерді. Жағалаудағы «Керуен» саябағы болса тұрғындардың сүйікті серуен орнына айналды, – дейді шағын аудан тұрғыны Әйгерім.

Шынында да, санаулы жылдардың ішінде «Әуежай» қаланың ең қарқынды дамыған аймақтарының біріне айналды. Мұнда тек тұрғын үйлер ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі дамып келеді.

– Қаланың өзге жерлерімен салыстырсам, өзімнің тұратын жеріме ештеңе жетпейтіндей көрінеді. Тұрмысқа қажеттінің бәрі де бар. Көркін ашып келеді. Кейбіреулер үйлерінің астына су жиналады деп жатады. Бірақ өз басымда ондай болған емес. Сондықтан кез келген адамға көшіп келіп, көрші болыңыз деп айтар едім, – дейді ол.

Бүгінде мұнда жаңа мектептер, балабақшалар, спорт кешендері бой көтеріп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалып отыр. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, абаттандырылған саябақтар мен демалыс орындары тұрғындардың сүйікті мекеніне айналған. Кешкілік жарық шамдарымен жарқырап, заманауи келбетімен көз тартады.

Қала тұрғындары үшін «Әуежай» бүгінде жай ғана шағын аудан емес, жаңа өмірдің айнасы, жастардың, жас отбасылардың бақытты мекеніне айналып отыр. Мұнда қоныстанған әр жан өзін болашағы бар, өркендеп келе жатқан ортаның бір бөлшегі ретінде сезінеді.

Бар жақсы – жастарға

Уақыт өте келе бұл жерде барлық әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі бой көтере бастады. Мысалы, «Қостанай» спорттық-ойын сауық кешені 18-жылы ашылған еді. Қазір мұнда қаншама бала жаттығып жүр. Аумағы 4 мың шаршы метрге жуық кешенде волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Мұнда қалалық, облыстық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстар жиі өткізіледі.

Ғимаратта үйірмелердің сыртында қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейлердегі жарыстар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар жыл сайын жаңа оқу жылы басталған кезде үйірмелерге қатысушы балалардың саны артып отырады. Зал спорттық нормативтерге сай жабдықталған

Осы жерден емхана да ашылды. Биыл бұл аумақтың жолын ғана емес, қала бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көптеген аулалар реттеліп келеді. Жыл аяғына дейін мемлекеттік бюджеттің есебінен тағы бірнеше балабақша ашу жоспары тұр. Ол жұмыстарға жеке инвесторлар да тартылатын болады.

Абаттандыру жұмыстары

Шағын ауданға тек тұрғын үй ғана емес, инженерлік және экологиялық инфрақұрылым да қажет. Ұзындығы 1,5 шақырымдық дренаж жүйесін салу жұмыстары қолға алынды. Бұл жүйе жер асты суларының деңгейін бақылауға және оларды «Тарелочка» көліне бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Тарелочка» көлін тазалау мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. 2023 жылы басталған жоба жауапсыз мердігердің салдарынан бір кездері тоқтап қалған еді. Алайда кейін жұмыстар қайта жанданып, көлдің маңы абаттандырылып, көркін аша түсті. Қазіргі таңда бұл жер тұрғындардың демалатын сүйікті орнына айналып отыр.

Дегенмен, шешімін күтетін мәселелер де жоқ емес. Аэропорт шағын ауданының тұрғындары жолға жаңа асфальт төселгенімен, жауын суын ағызатын жүйенің орнатылмағанына шағымданатыны бар. Олардың айтуынша, әр жаңбырдан кейін көшелерде үлкен шалшықтар пайда болып, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызғаны рас. Бірақ бұл да назардан тыс қалмады.

Алдағы уақытта жауын суын ағызу жүйесін жобалау мен салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, шағын ауданның абаттандырылуын жаңа деңгейге көтереді.

Ең бастысы, бұл жоба Әуежай шағын ауданын жер асты суларынан және жаңбырдан кейін пайда болатын шалшықтардан қорғауға бағытталған. Жиналған су арнайы арналар арқылы «Тарелочка» көліне жіберіледі. Осылайша, ұзақ жылдан бері тұрғындарды мазалап келген өзекті мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.

Сонымен қатар, көлдің өзін тазарту және маңайын абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Көл жағалауы тұрғындардың тынығатын көрікті аймағына айналуда.

Тұрғындар жаңа өзгерістерге ризашылықтарын білдіруде. Дегенмен, олар жауын суын ағызатын жүйе толығымен іске қосылғанша, көктемгі және күзгі маусымда көшелерде жиналатын судан әлі де қолайсыздық көріп отырғанын айтады. Қала билігі болса, бұл мәселе толық шешімін табатынын, жүйе толық іске қосылған соң шағын ауданның инженерлік инфрақұрылымы әлдеқайда жақсаратынын мәлімдеді.

– Бұрын бұл маңайда көл болған деседі. Қазір сол жер тұрғындардың мекеніне айналды. Өзім осыдан бес жыл бұрын жаңа үй алып, көшіп келген едім. Әуелде небір алып-қашпа әңгімелерге қарап, біраз ойланғанымыз рас. Бірақ уақыт өте келе шешіміміздің дұрыс болғанына көз жеткіздік. Жылдан-жылға шағын аудан көркейіп келеді. Көлдің маңы бұрын қамыс өсіп, қараусыз жатқан болса, қазір бәрі де ретке келіп, абаттандырылды. Кешкілік серуендеп, таза ауамен тыныстайтын тұрғындар көп. Тыныш, жайлы, ауасы кең. Осындай ортада тұрғаныма қуанамын. Жер ылғалды болған соң ба, жауыннан соң шалшық жиналатын, кейін суағарлар орнатылды, – дейді тұрғын Қымбат Мұратбек.

Жаңа мүмкіндіктер

Қазіргі таңда шағын аудандағы ең ауқымды жобалардың бірі – жалпы ауданы 23 мың шаршы метр болатын жаңа сауда-ойын сауық орталығының құрылысы. Мұнда кинотеатр, супермаркет, фудкорт, балаларға арналған ойын аймақтары, сұлулық салондары және демалыс орындары ашылады. Бұл жоба 150-ден астам жаңа жұмыс орнын құрып, тұрғындар үшін ерекше демалыс мекеніне айналмақ.

Жазда ықшам ауданның ең кішкентай тұрғындары үшін жаңа балабақша ашылды. Жергілікті тұрғындар жаңа балабақшаны көптен күткен болатын. Олар бұл күнді «Әуежай» шағын ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды әрі қуанышты оқиға ретінде бағалап отыр. Ата-аналар балаларын заманауи, қауіпсіз және ыңғайлы мекемеге сеніммен тапсыра алатынына риза. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі әр балаға мектепке дейінгі сапалы білім мен тәрбиемен қамту. Соңғы екі жылдың ішінде облыста оннан астам балабақша ашылған екен. Үш жастан алты жасқа дейінгі балалар облыста жүз пайыз балабақшамен қамтылса, екі жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің көрсеткіші тоқсан екі жарым пайызға жетіп отыр. Алдағы уақытта бес-алты балабақша ашылса, жүз пайызға жетіп қалар.

Енді бұл жердегі ата-аналар балаларын жетелеп, басқа аудандарға қатынамайтын болды.

–Біздің шағын ауданымызда осындай балабақша, мектеп ашылғаны қуантады. «Әуежай» шағын ауданы күннен-күнге гүлдей жайнап, қарқынды дамып келеді. Бұл ауданда алғаш рет бой көтерген Әлихан Бөкейхан атындағы білім ордасы мен осы жылы жаңадан ашылған жайлы мектеп балаларымыздың сапалы білім алуына зор үлесін қосып келеді. Білім саласын дамытып, еліміздің көркейіп дамуына, кішкентай бүлдіршіндердің жарқын болашағына жасалып жатқан игі бастамалар, – дейді Қымбат Мұратбек.

«Аэропорт» бүгінде Қостанайдың жаңа бет-бейнесін айқындап тұрған ауданға айналды. Заманауи тұрғын үйлер, спорттық және мәдени нысандар, әлеуметтік инфрақұрылым – мұның бәрі халыққа жайлы өмір сүру мүмкіндігін беруде. Алдағы уақытта жаңа жобалар іске қосылып, ауданның келбеті одан әрі көркейе түспек.

Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77