Культура Образование

Университетте тағылымы мол конференция ұйымдастырылды

Бұл шара Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығына арналды

Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің мәжіліс залында П.Чужинов атындағы Экономика және құқық иституты Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы және облыстық «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдық мерейтойының қарсаңында «Заманауи журналистика және PR-дың өзекті мәселелері» тақырыбында IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Аталмыш шараға еліміздің, шет елдердің жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, тәжірибелі журналистер, жарнама және PR мамандары қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – қоғамдағы жағдайлар мен ресурстардың өзгеруіне байланысты медиа саладағы проблемалық мәселелерді талдау болды.

Осынау кең ауқымды өткен шараны журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шөрентаев жүргізіп отырды.

Ол өз сөзінде аталмыш конференцияға барлығы 60 баяндама келіп түскенін атап өтіп, олардың тек 9 ғана конференция барысында көпшілік назарына ұсынылатынын жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді. Өңірімізде өтіп жатқан конференция екі форматта дәстүрлі және онлайн режимде өтті.

Сондай-ақ конференция барысында алғашқы болып, сөз алған облыстық «Қостанай таңы» газетінің редакторы-директоры Жанұзақ Аязбеков өз сөзінде, осы уақытқа дейін «Қостанай таңы» газетінің 8 рет атауы өзгергенін және қазіргі кездегі әлеуметтік желі дамыған шақтың өзінде қағаз болып шығатын газетке деген сұраныстың жоғалмайтынын атап өтті. Сонымен қатар бір қатар шет елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқанына тоқталып, біздің елімізде де газетке деген сұраныстың ешқашан жойылмайтынына сенім білдірді. Осы ретте «1000 жауынгерден гөрі, 4 газеттен қорқу керек» деген Наполеонның сөзін мысалға келтіріп, газеттің БАҚ құралдарының ішінде ең маңызды қару екенін ерекше атап өтті.

Екінші болып сөз алған А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің профессоры, ақын Ақылбек Шаяхмет өз сөзінде Мұхамеджан Сералиннің журналистикаға салған сара жолына жан-жақты тоқталып өтті.

-Мұхамеджан Сералин «Айқап» журналын 1911 жылдың қаңтар айынан бастап шығара бастаған. Бұл журналдың әр нөмірі, әр мақаласы патша үкімітенің тарапынан үнемі бақылауда болған. Сондықтан журнал бетіне айтарлықтай сыни мақалалар жазылмаған. Тек қазақ халқын отырықшылық өмір салтына шақыру, қазақ  жастарының профессорлық деңгейге дейін көтерілуі, діни  мерекелердің аталып өтуі және өлең жолдары, фелетондар, қызықты әңгімелер жарыққа шығып отырған. Мұхамеджан Сералин журнал арқылы қалың ұйқыда жатқан қазақ халқын оятып, мал бағып отыра бермей егін егіп, білім алып, орыс халқының отырықшылдық өмір салтын үйренуге үндеген, – деп атап өтті өз баяндамасында Ақылбек Қожаұлы.

Сондай-ақ конференцияға қатысқан студенттер қауымы да өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. Жиналған қауым қазақ журналистикасының бастауында тұрған Мұхамеджан Сералиннің еңбек жолымен танысып, «Қостанай таңы» облыстық газетінің қалыптасу жолдарыменде қанықты.

Тағылымы мол конференция көпшілікке ұмытылмас әсер қалдырды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77