Біздің Қостанай Культура

Қуыршақ театрының бүгінгі бағыты: жаңарған труппа, ерекше премьералар, жетістіктер мен жоспарлар

Қостанай облыстық қуыршақтар театры бүгінде балаларға арналған сахна ғана емес, халықаралық фестивальдерде топ жарып жүрген өнер ордасына айналып отыр. Театр басшысы Төленді Әлғожин ұжымның шығармашылық жолы және жоспарлары туралы айтып берді

– Сіз бұған дейін Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында актер болып еңбек еттіңіз. Қуыршақ театрына келуіңізге не себеп болды?

– Иә, 15 жылға жуық Қостанайдағы өнердің қара шаңырағы – қазақ драма театрында қызмет еттім. Кейін біршама үзіліс алып, жеке шаруаларыммен айналысып жүрген болатынмын. Сол кезеңде бұрынғы әріптестеріммен бірге 4 жігіттен тұратын «Таған» атты жеке театр құрып, шығармашылық жобаны қолға алдық. Театр шамамен бір жыл жұмыс істеп, бірнеше қойылым ұсынды. Алайда сол кезде елдегі су тасқынына байланысты гастрольдік сапарлар тоқтап, жобаның жұмысы да уақытша үзіліске ұшырады. Осы аралықта маған Қостанай облыстық қуыршақ театрының басшылығына келу туралы ұсыныс түсті, қазақ труппасын ашу керектігі жайлы қолқа салынды. Осылайша жаңа бастамаға тәуекел етіп, бұл қызметте жұмыс істеп жүргеніме шамамен бір жарым жылдай уақыт болды.

– Қуыршақ өнері драмадан ерекшеленетін бөлек әлем. Актер ретінде бұл жанрдың қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

– Дұрыс айтасыз, бұл – бөлек әлем, басқа жанр. Дегенмен екеуі де бір киелі сахнадағы өнер. Бұл театрға келгеннен кейін қуыршақ өнерінің қыр-сырын тереңірек түсіне бастадым. Мысалы, «MEN» спектаклінде бір қуыршақты үш актер бірге жүргіздік: бірі басы мен денесін, бірі қолдарын, ал мен аяқтарын басқардым, бір сөзбен, үшеуіміз 1 қуыршаққа жан бітірдік. Басты талап – бір-біріңді сезіне білу. Қимыл-қозғалысты үйлестіре отырып, бір адамдай әрекет ету керек. Сонда ғана ол шынымен тірі кейіпкер болып көрінеді, көрермен соған сенеді. Көпшілік қуыршақ театрын тек перденің артында қолына қуыршақ ұстаған әртіспен байланыстыруы мүмкін. Ал шын мәнінде бұл – үлкен еңбек пен шеберлікті талап ететін күрделі өнер.

Әңгімеңіздің басында негізгі міндеттердің бірі – қазақ труппасын қалыптастыру болғанын айттыңыз. Бұл идея қалай жүзеге асты?

Иә, театрдың 39-маусымында алғаш рет қазақ труппасын аштық. Бұл – театр тарихындағы маңызды жаңалықтардың бірі. Қызметке келгеннен кейін бірден актерлерді іздеуге кірістім. Алматы мен Астанадағы оқу орындарымен байланысып, жас мамандарды шақыруға тырыстық. Осылайша Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін тәмамдаған бірнеше жас қыз-жігіттерді жинап, жаңа ұжым құрдық. Сонымен қатар қазіргі көркемдік жетекшіміз Анар Жанбекова да осы ортаға қосылды. Бұған қоса, Қостанайдағы қазақ драма театрындағы әріптестерімді шақырып, шығармашылық құрамды толықтырдық.

– Жаңа труппамен алғаш қандай спектакль қойылды?

– Алғашқы қойылымдардың бірі – «Қазақ тілін бірге үйренейік». Одан кейін жаңа жылдық қойылымдар дайындалды. Ал ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жұмыс – ол «Мен» спектаклі. Оны сахнаға шығару үшін Қазақстан мен ТМД елдеріндегі танымал режиссерлердің жұмыстарын қарап, біразымен байланысқа шықтым. Театрдың дамуына ең алдымен режиссердің қолтаңбасы әсер етеді ғой. Екі айға жуық ізденістен кейін Грузия режиссері Николоз Сабашвилидің шығармашылығына тоқтадым. Ол кісінің жетекшілігімен «MEN» жобасын сахналадық. Қойылым толықтай қазақ тілінде өтті, тіпті орыс труппасының актерлері де қазақша ойнады. «MEN-нің» ерекшелігі – әрекетке құрылған, сөзден гөрі қимыл мен образ арқылы берілетін қойылым.

Сондықтан оны кез келген ұлт өкілі көріп, түсіне алады. Бұл жоба кейін театрдың халықаралық фестивальдерге шығуына жол ашып, бірнеше ірі байқауда жүлделі орындарға ие болды.

– Сол фестивальдер туралы айтып өтсеңіз. Және де «MEN» спектаклі сыншылар тарапынан да жоғары баға алған екен.

– «MEN» спектаклімен үш халықаралық театр байқауына қатыстық. Алматыда өткен «Ортеке» фестивалінде «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша бірінші орын алдық. Ақтауда Түріксой ұйымы өткізген өнер додасында облыс әкімінің арнайы жүлдесіне ие болсақ, Ақтөбедегі театрлар тартысында бас жүлде иелендік. Осылайша үш фестивальден де жеңіспен оралдық.

Сонымен қатар, өткен жылдың соңында бұл туынды Қазақстан театр сыншыларының сараптауы бойынша «Жылдың үздік спектаклі» атанды. Осылайша Қазақстан атынан Түркияның Анкара қаласында қазан айында өтетін халықаралық үлкен мәдени іс-шараға жолдама алдық. Сонымен қатар Ақтауда өткен фестивальде Кореяға жолдама берілді, ал Санкт-Петербург қаласына 2027 жылға шақырту алдық. Қаржылық мүмкіндік болса, қатысуды жоспарлап отырмыз.

Бұл жетістіктер театрдың шығармашылық бағытына қалай әсер етті? Ал кәсіби сыншылардың бағасы актерлік құрам үшін қаншалықты маңызды?
Әрине, мұндай жетістіктер актерлердің өздеріне деген сенімін арттырады, сонымен қатар жауапкершілік те жүктейді. Бұл – бір жарым жыл ішінде атқарған еңбегіміздің нәтижесі. Сондықтан біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Ең жоғары бағаны көзі қарақты көрермен береді ғой, бірақ кәсіби сыншылардың бағасы да өте маңызды. Өйткені олар – өз ісінің мамандары, театр өнерін терең түсінетін адамдар.

– Театрдағы соңғы премьера – ««Записки сумасшедшего». Бұл қойылым да көрермен тарапынан жоғары баға алып жатыр. Ерекшелігі неде, идеясы қандай?

– Жыл басында грузин режиссері Николоз Сабашвилиді қайта шақырып, Гогольдің «Записки сумасшедшего» шығармасы негізінде жаңа спектакльді сахнаға шығардық. Бұл қойылым 18+ санатына, ересек көрермендерге арналған. Премьерасы орыс тілінде өтті, ал қазір оны қазақ тілінде де қоямыз. Бұл тәжірибе көрерменнің ауқымын кеңейтеді деген ойдамын. Премьераның барлық күндері аншлагпен өтті. Қойылымның ерекшелігі – негізгі салмақ бас кейіпкерге түседі. Режиссер негізгі персонаждың ішкі әлемін терең ашуға назар аударған. Сондықтан бұл сахналық жоба моноқойылымға жақын келеді. Кейіпкердің өз-өзімен күресі, қоғаммен келіспеуі, әділетсіздікке қарсы жан айқайы көрсетіледі. Гогольдің XIX ғасырда жазған бұл шығармасы бүгінгі қоғамда да өзектілігін жоғалтпаған.

– Қуыршақ театры ең алдымен балаларға арналған өнер ордасы. Қазіргі репертуарда балаларға арналған қанша спектакль бар?

– Иә, қуыршақ театрының негізгі көрермені – 4 жастан жоғары балалар. Бірақ қазір бұл түсінікті кеңейтіп, театрға кішкентай балақайдан ересек көрерменге дейін келетіндей бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, 4 жасқа дейінгі балаларды қамту үшін baby театр жобасын аштық. Мұнда тіпті 6 айлық сәбимен де келуге болады. Ол үшін жұмсақ төсеніштер төселіп, арнайы зал дайындалды, актерлер балалардың қасында жүріп, олармен бірге ойнайды. Бұл кішкентай көрерменнің көру, сезу, қолмен ұстау арқылы әлемді тануына жақсы әсер етеді. Baby театрды «Маймақ қонжық» қойылымымен аштық. Қазір театр қоржынында 30-дан астам спектакль бар.

– Биыл театр үшін мерейтойлы жыл екен. Осы мерейтой аясында қандай жоспарлар бар?

– Иә, биыл Қостанай облыстық қуыршақтар театрының құрылғанына 40 жыл. Мысалы, қаламызда алғаш рет өткен халықаралық «Puppet Life» фестивалі осы мерейтой аясында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қала орталығында ұлттық ән-күй мен бидің сүйемелдеуімен, 50-ге жуық алып қуыршақ қатысуымен театрланған шеру өткіздік. Бұл шара арқылы қазақтың мәдениетін, қонақжайлығын көрсетуге тырыстық. Қонақтар мен қатысушылар жоғары бағалап, ризашылықтарын білдірді. Қазірдің өзінде Италия, Сербия, Ресей театрлары келесі фестивальге қатысуға ниет білдіріп жатыр. Сондай-ақ, театр ішінде шағын музей ашылып, театрымыздың тарихына арналған арнайы кітап жарық көрді.

Жалпы біздің басты мақсатымыз – қуыршақ театрының мүмкіндігін кеңейтіп, қазақ тіліндегі қойылымдарды көбейту және халықаралық жобаларды жалғастыру. Қостанайдағы қуыршақ театры балаларға ғана емес, ересек көрерменге де қызықты мәдени орталыққа айналса деген ниетіміз бар.

– Әңгімеңізге рахмет! Театр ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбатты жүргізген Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді Қостанай облыстық қуыршақтар театры ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77