Алдағы қыркүйектен бастап елімізде 11 жасар қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталады. Мұндай ақпарат жиі айтылып жатқанын байқаған да шығарсыз. Әрине, алғаш қолға алынып жатқан бастама қай ата-ананы болмасын ойлантады.
Бұл не вакцина, оның пайдасы мен зияны қандай болмақ, қыз балалардың болашағына әсері қандай деген сауал әр адамда бар. Біз де осындай сұрақтарды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қуат Әлмағамбетовке қойған едік.
− Қуат Райханұлы, папиллома вирусына қарсы вакцинациялау біздің елімізде алғаш рет жүзеге асып жатыр. Әлде бұрын да мұндай вакцина салынып па еді?
–Дәл осындай вакцина салу Қазақстанда бұрын болды. Шамамен 15-20 жыл бұрын жүргізілді. Бірақ ол кезде басқа вакцина салынды. Шындығын айту керек, тұрғындар қабылдамады. Қарсы шығып, түсінбеушілік танытқандардың қатары көп болды. Өкінішке қарай қазір антиваксерлер өте көп. Олар вакцинаның пайдасын білмей тұрып, еш дәлелсіз қарсы уәждер келтіреді. Бірақ вакцина толық зерттелген. Американдық вакцина 20 жылдан артық тәжірибеде қолданылып келеді. Вакцина жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз жолы екенін тұсінуіміз керек.
–Адам папилломасы вирусы туралы айтып беріңізші, бұл қандай вирус?
– Адам папилломасы вирусы – бүкіл әлемде кең таралған, шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы. Вирустың 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ негізінен жыныстық қатынас арқылы таралады және жұқтыру жағдайларының басым бөлігі жыныстық қатынас басталғаннан кейін болады. Вирус тез таралады және жасушалардың қатерлі ісігінің қоздырғышына айналады, сондықтан да қауіпті болып саналады. Көп жағдайда инфекция еш симптомсыз өтеді, сондықтан адамда АПВ бар-жоғын арнайы зертханалық талдаудан кейін ғана білуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жатыр мойны обыры әлемдегі барлық қатерлі ісік аурулары құрылымында 13%-ға дейін жетеді. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қайтыс болады. Қатерлі ісік ауруы арасында жатыр мойны обыры 5-орында, ал өлім-жітім бойынша – 8-орында тұр. АПВ-ге қарсы вакциналауды енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталды. ДДСҰ 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакциналауды ұсынып отыр. Осыған байланысты, күзге дейін 11 жастағы 175 мыңға жуық қызды вакцинамен қамту көзделген. Статистикаға жүгінсек, жылына 1500 әйелде жатыр мойны обыры тіркеледі екен. Соның 600-ге жуығы ажал құшады. Осы көрсеткішті жарты пайызға азайта алсақ бұл біз үшін жетістік болар еді.
–Вакцина неге 11 жаста жасалады?
–Себебі осы жаста қыз балалардың ағзасы өзгеріске ұшырайды. Ол балалықтан өтіп, ересек өмірге дайындала бастайды. Вакцина дегеніміз вирус емес, ол ақуыздан жасалады. Әр препарат біздің елге келгенде тексерістен өтеді. Арнайы институтта зерттеледі. Құрамы қандай, әсері қандай деген сұрақтарға жауап болады.
–Сіз жатыр мойны обырына байланысты статистика келтірдіңіз. Ал кәмелетке жетпеген қыз балалардың арасында мұндай ауру тіркеле ме?
–Облыс көлемі бойынша ондай есеп жүргізілмейді. Бірақ қыз балалардың арасында ерте жыныстық қатынасқа түсу, екіқабат болу жағдайлары кездесіп жатыр. Оның арты жақсылыққа апармайды. Біз мұндай жағдайлардың бергі жағын, тіркелгенін, дәрігерге келгенін ғана көреміз. Ал тығылып, түсік жасап, денсаулығын жастай бұзатын қыздар қаншама. Жыныстық қатынас арқылы жұғатын қаншама инфекциялық аурулар бар. Сондықтан жамандықтың алдын алып, қыздардың денсаулығын сақтауымыз керек. Олар болашақ ана. Деректерге сүйенсек, 2013-14 жылдары елімізде бұл вакцинаны 11 мың қыз бала салдырған еді. Қазір олар репродуктивті жасқа жеткен. Онкология институты жүргізген зерттеуге сай, екпе алған бойжеткендер арасында отбасын құрып, жүктілік кезеңі келгенде ешбір ауру белгілері анықталмаған. Вакцина алған қыздар келешегінде олар жатыр мойны обырынан профилактика алатын болады. Адам папилломасы вирусы ол кеңінен таралған вирус. Барлық популяцияның ішінде 80%-ы өмірде 1 рет болса да адам папилломасы вирусын кездестіреді.
–Бұл пилоттық бастама ма?
–Жоқ, бұл жыл сайын тұрақты түрде жүргізіліп тұратын болады. Пилоттық бастама болса ол тек бір-екі өңірде ғана жүргізілер еді. Бұл арнайы бағдарлама. Вакцина күнтізбесіне де енгізілуі мүмкін. Жыл сайын жүргізіледі.
–Европада вакцина ер балаларға да салынады екен. Біздің елде де солай болуы мүмкін бе?
–Негізі ұлдарға да осындай вакцинация керек. Біздің көрші елдеріміз Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан 2019 жылдан бастап осы вакцинаны өздерінің ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізген, қыздармен бірге ұлдарды да вакцинациядан өткізеді екен. Әзірге ондай бастама туралы айтылып жатқан жоқ. Бірақ мен дәрігер ретінде қолдар едім. Себебі вакцина жатыр мойны обырынан сақтап қана қоймайды, простата обырынан да сақтайды. Сондықтан жағдайға қарай отырып, қолға алына жатар. Мүмкін осы вакцина алған қыздар иммундық жүйені кейінгі ұрпағына қалыптастырар. Сондықтан қазір нақты ештеңе айта алмаймын.
− Вакциналау жұмыстары қалай жүргізіледі?
− Вакцина білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін қолжетімді болады. Сондай-ақ, ата-ана өтінішімен вакцинаны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады. Вакциналау ата-ананың немесе қамқоршының келісімімен, еш қарсы көрсетілім болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін жүргізіледі. АПВ-ге қарсы вакциналар стандартты 0,5 мл көлемде иық бұлшықетіне егіледі. Барлық талап сақталуы керек.
Қазір вакцина дәрілері әлі алынған жоқ. Екі жақты келісім жүргізіліп жатыр. Осы айдың аяғына дейін 1324 мың доза алынады. Бұл екі рет салуға жетеді. Қазір барлық тіркеуге алынған қыз балалар туралы деректер бар. Әрине, вакцинаны салдыру әркімнің өз еркінде. Ата-ана өзі шешетін болады. Ешқандай да күштеу, міндеттеу болмайды. Ал дәрігер ретінде, үш қыздың әкесі ретінде айтарым, жаман аурудан қорғаныңыздар. Оның арты қайда апарарын бәріміз де білеміз. Сондықтан әркім өзі ойлана отырып, дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.
–Әңгімеңізге рахмет.
Аий ӘБДІЛА,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77