Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің негізі қаланғанына биыл 140 жыл толып отыр. 1882 жылы құрылысы басталып, 1884 жылы аяқталған бұл білім ордасы Троицк қаласынан көшірілген орыс-қазақ екі жылдық мектебі ретінде жұмысын бастады.
Ыбырай Алтынсариннің күш-жігерімен ашылған бұл мектепте қазақ халқының көптеген танымал тұлғалары білім алған. Мектептің түлектері арасында атақты қоғам қайраткерлері мен мәдениет қайраткерлері көп: Әліби Жанкелдин, Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Ілияс Омаров, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі Серәлі Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов және басқа да көптеген дарынды тұлғалар. Мектептің алғашқы директорларының бірі Бекет Өтетілеуов те осы білім ордасынан шыққан.
140 жылдық мерейтойға орай өңірдегі Ыбырай Алтынсарин атындағы оқу орындары, мектеп ұстаздары, Арқалық, Торғай өңірінен келген ұстаздар мен түлектер, оқушылар қатысты. Мерекелік іс-шара барысында мектеп тарихы мен оның түлектерінің ел дамуына қосқан үлесі аталып өтілді.
-Мектеп мерейтойы біз үшін ерекше маңызды оқиға. Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған бұл білім ордасы – қазақ даласындағы білім мен ағартушылықтың бастау көзі. Мерекелік іс- шараға жиналған мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар, түлектер мен оқушылар – осы білім жолындағы маңызды буын. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларын жаңғыртып, болашақ ұрпаққа жеткізу біздің ортақ міндетіміз деп білеміз,-дейді облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музей басшысының орынбасары Салтанат Амантайқызы.
Ы.Алтынсарин Қазақ даласында мектеп ашуға бар күш-жігерін жұмсап, білім беру ісінің негізін салған тұлға. Ол білім беру жүйесінің алдыңғы қатарлы болуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жаңа әдістер енгізуге тырысты. 1896 жылы «Торғай газетінде» жазылғандай, Троицк мектебінің Қостанайға көшірілуі білім беру ісіне жаңа серпін берді. Мектептің ғимараты жаңартылып, жарықтандырылып, оқу-тәрбие жұмыстары сапалы деңгейге көтерілді.
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатының 1966 жылғы түлегі ағартушының еңбегі туралы тоқталып өтті.
– Ол – бізге тек білім беріп қана қоймай, бүкіл қазақ халқының көзін ашқан ұстаз, ұлт болашағына бағыт-бағдар сілтеген дара тұлға. Ыбырай Алтынсарин қазақ жастарының білім алып, қоғамның өркениетті мүшесі болуын көздеді. Ол көптеген қиындықтарға қарамастан, қазақ жерінде алғашқы мектептер ашып, ана тілімізде білім алуға жол салды. Оның еңбегі арқасында қазақ жастары білімнің күшін түсінді. Бүгінгі ұрпақ Ыбырай атамыздың армандарын жалғастырып, білім алуға деген құлшыныстарын арттырып жатқанына қуанамын. Оның қалдырған мол мұрасы мен игі істері бізге әрдайым үлгі болып қала береді,-деді Қалқаман Хасенұлы.
Дильназ Изделюева
Суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77