Культура

Ыбырай Алтынсарин – қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы

Балалардың жүрегінде адалдық, еңбекқорлық сезімін ояту Ыбырай шығармаларынан көрініс табады

Торғай даласында тұңғыш қазақ мектебін ашқан ағартушы, педагог Ыбырай бабамыздың тек қана білім саласында емес, сондай-ақ балалар жазба әдебиетінде де сіңірген еңбегі мол. Себебі6 Ыбырай заманына дейін қазақ балалар әдебиеті болмаған деп айтсақ қате болмас еді, сондықтан да Ыбырай Алтынсаринды қазақ балалар жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға толық негіз бар.

Әдебиет саласында ең күрделі һәм ең қажетті жанр – балаларға арналған шығармаларды жазу. Өйткені, жазған туынды кішкентай оқырмандардың психологиясына кері әсер етпейтін және оларды жалықтырмайтын, жалпы ережелерге сай болуы керек.

Балалар әдебиетінің мақсаты да сол, шығармадағы кейіпкерлер немесе қаһармандар арқылы, олардың жасаған ерліктері мен белгілі бір жақсылыққа шақыратын істерін үлгі ете отырып, жас оқырмандарды дұрыс бағытта тәрбиелеу. Әрине, бұдан басқа да туындыларға қойылатын талаптар көп, мысалы шығарма қызықты, оқып бастағаннан оқырманды өзіне елітіп әкететіндей жағдайда болуы шарт. Ал мұндай талаптар мен ережелерді сақтай отырып туынды жазу кез-келген ақын-жазушының қолынан келе бермейді. Сондықтан да болар, біздің қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиетінің сын көтермейтіні.

Ыбырай Алтынсарин балаларға арналған шығармалардың нағыз үлгісін көрсетіп, іргетасын қалап кеткен тұлға. Ол жазған еңбектерінде көбіне көтерілетін тақырып – еңбек. Мысалы, «Бай баласы мен жарлы баласы», «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Әке мен бала» әңгімелері мен аудармаларында балаларды еңбекке шақырып, адал жолмен тапқан нанның қадірін ұғындыруға тырысты және мұнымен шектеліп қалған жоқ, сондай-ақ балаларды оқуға, білім алуға шақырып, «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» деп ұран салды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, балалар әдебиетіне қойылатын талаптар жеңіл емес. Балалар ұғынуға қиындық туғызатын ауыр сөздерсіз, жинақы түрде, қысқа сөйлемдер арқылы балалардың жүрегінде мейірімділік, сүйіспеншілік, адалдық, еңбекқорлық сезімдерін ояту Ыбырай шығармаларынан көрініс табады.

Дәулет ЖАДЫРАСЫН,

Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасының


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77