Біздің Қостанай

Ыбырай Алтынсаринның туғанына 180 жыл

Биыл қазақ халқының тарихында ерекше орын алған кемеңгер тұлғаның бірі, қазақтың тұңғыш ұстазы, қазақ жерінде алғаш мектептер ашып білім мен оқуды насихатаушы, халқының көсегесін көгертуші «Дала шамшырағына» айналған ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы. Айтулы датаға орай, «Ыбырай музейіне саяхат» жобасы ұйымдастырылды

Осы жоба аясында және «Ұлт ұстазы» «Даланың дара ұстазы» деп аса құрметке бөленген Ы.Алтынсаринның мерейтойына орай музей қабырғасында жыл басынан бастап 180 экскурсия жүргіздім. Республикамыздың білім ошақтары мен мәдени ұйымдарының тапсырысы бойынша онлайн форматта экскурсия жүргізіліп, бес мыңнан астам тыңдарман қатысты.

Тұңғыш қазақ ұстазының туған елі мен халқы үшін жасаған ерен еңбегі мен қызметі жайында, Ыбырай Алтынсаринның педагогикалық және қоғамдық қызметі, асыл мұралары мен өмірі туралы, оның айналасындағы достары мен ізбасарлары, ашқан мектептері туралы жан-жақты деректермен, мұрағаттан алынған құжаттар көшірмелерін көресете отырып, Ыбырай Алтынсаринды алғаш зерттеушілер Бегежан Сүлейменов пен Әміржан Сыдықовтың ғылыми зерттеулер жинақтарын оқып, соның негізінде экскурсия жасалды. Музейдің негізгі экспозициялық залында Ы.Алтынсаринның педагогикалық және қоғамдық жұмыстары туралы 50 жуық экспозициялар бар ондағы жәдігерлердің барлығы Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Троицк, Ташкент, Алматы, Қостанай мұрағаттарынан алынған құжаттар мен фотосуреттерден тұрады. Бұл құжаттар да құнды жәдігер болып саналады.

Экспозиция залында ең құнды Ыбырай атамызға қатысты деген санаулы жәдігерлер бар. Солардың бірі «Сөз басы» Қырғыз хрестоматиясының алғашқы бетіндегі білім мен өнерге, ғылымды танығу, өркениетке ұмытылуға шақырған өлеңі. «Бір құдайға сыйнып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық, Істің болар қайыры бастасаныз аллалап» деген өлеңнің түп нұсқадан көшірмесі сақтаулы. Бұл қолжазбада ұлы бабамыздың өз қолымен жазған жазу үлгісін көре аламыз.

Өте баға жетпес киелі жәдігердің бірі ол Қарабұтақ болыстық мектебінің кірпіші. Бұл кірпіште мектеп салу ісінде бабамыздың қажырлы күш қуаты, маңдай тері, қуанышы мен елінің жас ұрпағына деген шексіз махаббаты сезіледі. Кірпішті 1991 жылы «Ыбырай ізімен» экспедициясы кезінде Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектеп-интернаттың бұрыңғы директоры және «Ы. Алтынсарин төс белгісінің» иесі ұстаз Беген Қаженұлы тапсырған.

Сонымен қатар Ы.Алтынсаринның отбасы қолданған төсекқап музейдің ең құнды жәдігеріне айналған. Бұл төсек қапта бабамыздың көз жанарының нұры түскен, қолының табы қалған. Музейге келушілерге қанық бояуы мен қазақы ою өрнектерімен қызықтыра түседі.

Сондай-ақ құнды жәдігердің тағы бірі Шеген бидің отбасы қолданған келі-келісап. Шеген би Ы.Алтынсаринның нағашы атасы, Ыбырайдың анасы Әйменнің әкесі. Торғайда алғаш еңбек жолын бастаған жас Ыбырайға мектеп салу үшін осы Шеген бидің ұлдарының бірі Бірімжан (нағашысы) құрлысқа қажетті материалдармен және қаржылай көмектескен.
Алғаш қазақ жеріне ислам дінінің заңдылықтары мен құран аяттарының қазақша мағынасында берген, оны Қазан университетінің баспаханасынан бастырып шығарып, насихаттаушы ұлтымыздың жанашыры Ы.Алтынсарин. «Шариат-ул-исләм» кітабының түпнұсқасы асыл кітап.

Адам ұрпағымен мың жасайды дейді. Ы.Алтынсариннің жалғыз тұяғы Абдолла ағамыздың қызы Нағима Ыбыраева апаймыздың музейге тапсырған жеке заттары мен әкесі Абдоланның қолымен жазған шежіресі құнды жәдігерге айналып отыр.

24 жылға жуық Торғай қаласында ұстаздық пен қатар әкімшілік, сот қызметін атқарған Ы.Алтынсарин 1883 жылдары туған жері Қостанайға көшіп келеді. Музей тұрған аумақта 1884 жылы екі класстық мектеп ашады. Ол мектеп кеңес дәуірі уақытында Қостанай қаласының ең көрікті жеріне айналған. Мектептің жан-жағы қалың бау-бақша болған. Мамыргүл ағаштары мен ақ қайын және жап-жасыл қарағайларды мектеп оқушылары отырғызған. 1968 жылы ол мектеп халалық депуттар шешімімен бұзылып орнына жаңа мектеп-интернат салынған. Бір бөлігінеде ұлы ұстаздың мемориалдық музейі орналасқан. Сол 1884 жылы Қостанай қаласының дәл орталығында ашылған мектептің кірпішіде құнды жәдігер. Бұл мектеп қабырғасынан талай шәкіріт біліммен сусындап, қарапайым еңбек жұмыскерінен бастап, атақты оқымысты ғалымдар, өнер майталмандары, ақын-жазушылар, елімізден тысқары шет елдерде білікті маман ретінде жоғары бағаланып, қызмет жасап жатқан түлектер бар. Сондықтан бұл кірпіште сол мектептің талай ұстаздары мен түлектерінің «білім инемен құдық қазғандай» демекші қажырлы сәттері бар. Бұл кірпіште бабамыздың қазақ балаларына сабақ берген уақытындағы үні, оларға деген жүрек мейірімі жатыр. Сондықтан бұл ең киелі баға жетпес жәдігер. Міне осындай құнды да қасиетті жәдігерлермен таныстыру және ұлт ұстазын насихаттау менің алға қойған бірден-бір міндетім.

Музей басшысынан бастап ғылыми қызметкерлер Ы.Алтынсаринның 180 жылдық мерейтойы үшін көптеген жауапты іс-шаралармен қатар, оларды насихаттау барасында әр қайсысы өз үлестерін қосуда. Музей Тәуелсіздіктің құрдасы, құрылғанына 30 жыл. Сол мақсатпен «Асыл мұра-аманат» атты музейдің тарихы туралы 200 тиражбен кітап шығарылды. Идея авторы Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақов, бас редакторы Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің басшысы М.Оспанов, құрастырушылар музей қызметкерлері Н.Шектыбаева мен А.Аймухамбетова.

Жыл басында 180 тиражбен «Ыбырай жылы» күнтізбесі шығарылды. Оның әр жыл он екі айға бөлінген беттеріндегі Ыбырай бабамыздың өмірі, қызметі жайындағы материалдармен енгізілді. Сондай-ақ, арнайы жасалған «QR код» арқылы қосымша ақпарат алуға болады.

Оның шығарылуына ғылыми көпшілік бөлімінің қызметкерлері Б.Айгужина, Ш.Досмағамбетова мен А.Омарқанованың еңбегі зор.

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған Халықаралық конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жоғары оқу орындарының ректорларына, Ақмола облысынан келген «Аналар алқасы» ұйымына, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы ұйымдарына, қоғамдық қорлар, мекеме мен кәсіпорындардан келген қызметкерлерге, қаламызға келген қонақтарға, музейге арнайы келген халыққа саяхат жасадым. Халық алдында Ы.Алтынсарин бабамыздың абыройы асқақ, беделі биік дара тұлға екені нақтылана түседі.

Түркістан, Қызылорда, БҚО, ШҚО, Алматы қаласы мен облысы, ел астанасы Нұр-Сұлтан, СҚО-ның мектеп, колледж, жоғары оқу орындарына «Ыбырай музейіне саяхат» жобасы аясында күн сайын онлайн форматында саяхат жүргізіліп отыр. Бұл жөнінде толық ақпаратты әлеуметтік желіден және музей сайтынан көруге болады.

Биыл шілденің аңызғақ ыстық күндері Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылының Кенбай орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Нұржанат Шонтыбаева шәкірті Ақгүл Кенжебекова екеуі арнайы келді.

– Бабамыздың өлең жолдарыңдағы «Аты жоқ құр арбаны, мың шақырым жерлерге, күн жарымда барғызды» – дегендей бір күн, бір түн жүріп, астықтың Отаны, тұңғыш тұлғалар мен ағартушылар мен алаш азаматтары, асылдың көзі алтынның сыңығы мекендеген елге жетіп қуанышымызда шек жоқ, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Нұржанат Шонтыбаева.

Айтуынша, ағартушы, жаңашыл педагог Ы.Алтынсаринның туған жеріне келіп, өмірлік жолымен танысу арманы болған екен. Атыраулық оқушы және оның жеткешісі келіп музей қабырғасында экскурсия тындап, атамыздың мәңгілік тыныстап жатқан жеріндегі кесене басында болып тағзым жасады.

Түркістан облысы, Шарадара ауданы, Сүткент ауылынан арнайы келген медресе ұстазы шығыстанушы филолог – Досмахамбет Әсілханұлы Достаев Ы.Алтынсарин мемориалдық музейін аралап саяхат тыңдады. Кесене басына барып құран бағыштаған Досмахамбет Әсілханұлы, Ыбырай Алтынсаринді көрген көрінеді.

– Музейге келмес бұрын атамыздың жерленген зират басына, яғни кесеңесіне барып құран оқыдым. Ыбырай атамыз орта бойлы, қазақы киімде, тізеден сәл түскен етегі кең шапан киген, басына жиегі жиектелген қазақы бөркі бар мені айналып өтті. Тылсым күш пен әулие кісі болған соң, Ыбырай аруағы жүргені анық. Ыбырай атамыз құраннан сусап қалған болу керек, «оқи түс» дегендей көпке дейін жібермеді. Сәуір айының ызғарлы суығы денемді қарып бара жатса да, атамыздың аруағы риза болсын деп менде құран аяттарын оқи бердім, – дейді ол.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген туризм қызметкері, Қазақ спорт және туризм академиясының ғылыми-зерттеу иститутының экскурсовод-әдіскері, Қазақстанның үздік экскурсоводы Бақыт Оразымбетованы ұлы ұстаздың бай мұрасымен таныстырдым. Ол кісі экскурсовоттар маманы ретінде менің экскурсия жүргізу жұмысымды жақсы бағалады. Ыбырай музейін халықаралық стандарттарға сай жабдықталғанын және оның бай мұрасына қызығушылықпен қарады. Шет елдерге көрсетуге тұрарлық мемориалдық музей екенің айтты.

Киелі нысандар мен көрікті жерлерге саяхат жасауды мақсат еткен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының «Otbasy Travel» жобасы Тобыл-Торғай жерлеріндегі киелі нысандарды аралай отырып, музейге келіп ағартушының өмірі мен қызметі жайында саяхат тындады.

Алаштың айтулы ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қостанай облысының құрметті азаматы Ақылбек Қожаұлы Шаяхметтің 70 жылдық мерейтойына арналған іс шара Ы.Алтынсаринның мемориалдық музейін де жалғасын тапты. Орыс драма театры әртістерінің ұйымдастырумен музей қабырғасында «Завещание И.Алтынсарина» деп аталатын драмасы қойылды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан келген ақын-жазушыларға, жақын достарына олардың бірі медицина ғылымдарының докторы, ақынның досы және жерлесіміз, профессор Мақсұт Темірбаев, ақын Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдеріне Ы.Алтынсаринның елі мен халқы үшін жасаған ерен еңбегі жайында мәліметтер айтылды.

«Саналы ұрпақ 2050» қоғамдық қоры «Даланың дара ұстазы» конкурсын қала мектептері оқушылары арасында өткізді. Оларда соңғы бөлімде «Ыбырай музейіне саяхат» жобасына келіп экскурсия тындады. Аталған қоғамдық қордың және Алтынсарин ауданының ішкі саясат басқармасы, тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастыруымен, қазан айының 9 жұлдызы күні жастар арасында Ы.Алтынсаринның туғанына 180 жыл толу мерей тойына арнап квест ойын жүргізді. Осы мақсатпен Қостанай аймақтық қасиетті нысандар қатарына кірген Шоқай би биіті және Жазы би кесенесіне, сонымен қатар «Омар құдығы» деп аталатын Ыбырай Алтынсаринның бал дәурен балалық шағы өткен, бала Ыбырайдың аяғының іздері жатқан аумақ, бұрын Балғожа бидің ауылы болған, қазіргі кезде Алтынсарин ауданының ең көрікті орындарының біріне айналған киелі жерде ұлт ұстазы жайында мәліметтер берілді. Балғожа би және оның балалары Қошан мен Алтынсарының және оның ұрпақтары мекен еткен жер болғаны ақиқат. Ол кісілердің ауылының осы аймақта болғаны, тұрғаны белгісі ретінде 1991 жылы табылған құдық қалпына келтіріліп, жан жағы абаттандырылып мемориалдық тақта орнатылған еді.

Ыбырай сынды тарихи тұлғаны еліміз ғана емес өз заманында Патшалық Ресей империясы оның елі мен халқына жасаған қызметін жоғары бағалап, II-ші, IIІ-ші Светой Станислав және II-ші, III-ші Светая Анна ордендерімен марапаттаған. Орынборда білім алған, барлық пәндерден үлгірімі өте үздік болған 17 жастағы Ы.Алтынсаринге «зауряд –хорунжий», яғни лейтенат атағы, кейін 48 жасында «Статский советник» атағы берліген, ол «Аса мәртебелі» деген ұғымды білдіреді.

Тек басқа елде ғана емес «аса мәртебелі» «аса қамқор» болған, қазақ халқының болашағы үшін қызмет жасап, өркениетке жетіп білім мен ғылымды игерген мықты елге айналуы үшін аянбай еңбек еткен ұлы ұстаз есімі мәңгілік жасайды. Елі мен жұрты оның есімін ардақтап мақтан тұтып құрметтейді.

Шынар ДОСМАҒАМБЕТОВА,
Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин
мемориалдық музейінің экскурсия жүргізушісі


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77