Қыз алып қашуды ата-бабамыздан қалған дәстүр деп санайтындар бүгін де аз емес. Әсіресе еліміздің оңтүстік аймақтарында мұндай жағдайлар жиі кездесетіні жасырын емес.
Ал біздің өңірде ресми түрде тіркелген дерек жоқ болғанымен, «мүлде болмайды» деп кесіп айту қиын. Себебі көп жағдайда мұндай оқиғалар құқық қорғау органдарына жетпей, жабулы қазан күйінде қалады.
Алып қашу – адам ұрлығы
Қаншама қыздың тағдыры осындай түсініктің құрбаны болды. Көбі өз еркінен тыс, қысыммен, қорқынышпен өзгенің босағасында қалып қойды. Бұл – бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның трагедиясы. Қыз баланың арманы, білімі, болашағы бір сәтте аяқ асты болып жатады.
Әрине, қыздың өзара келісімімен, екі жақтың ризалығымен отбасын құрып жатқандарды бұл санатқа жатқызуға болмайды. Мұның бәрі де ересек адамдардың саналы таңдауы. Мәселе «дәстүрді» желеу етіп, зорлыққа жол беру. Күш қолдану, еркінен тыс әкету – қандай атпен аталса да, бұл адам құқығын өрескел бұзу.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қызды келісімінсіз алып қашу – қылмыстық әрекет. Мұндай іс үшін кінәлі тұлғаларға бас бостандығын шектеу немесе айыру, сондай-ақ айыппұл және өзге де жазалар қарастырылған. Заң алдында «дәстүр» деген ұғым жауапкершіліктен құтқара алмайды.

«Қазіргі қоғамда “қыз алып қашу” ұғымы жиі айтылатын болды. Алайда оны халқымыздың шынайы дәстүрі деп түсіну қате. Ертеректе қазақта қызды зорлықпен алып қашу болмаған, керісінше, екі жақтың келісімімен құда түсіп, айттырып, ұзату салты сақталған. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда кейбір жігіттер бұл мәселені теріс түсініп, ұлттық дәстүрдің мәнін бұрмалап жүр. Отбасы құру жеңіл-желпі шешім емес. Ол ең алдымен өзара сенімге, махаббат пен жауапкершілікке негізделуі тиіс. Біреудің қызын алып, шаңырақ көтеру үлкен аманат. Қыз баланың тағдырына жауап беру, оның ар-намысы мен қауіпсіздігін сақтау ер азаматтың басты міндеті. Дәстүр дегеніміз зорлық емес, сыйластық пен келісім. Сондықтан жастар ұлттық құндылықтарды дұрыс түсініп, отбасы құндылығының қадірін арттыруы қажет», — дейді қоғам белсендісі Жаңбыршы Тілеуқабылов.
Қоғам ретінде біз бір нәрсені нақты түсінуіміз керек: зорлық – дәстүр емес. Қыз баланың тағдыры – ойыншық емес. Бұл тақырыпта үнсіз қалу – қылмысты қолдаумен тең. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір азамат мұндай жағдайға немқұрайлы қарамай, заң мен адамгершілікті алдыңғы орынға қоюы тиіс.
Өкініш өзегімді өртейді…
Өзін толық таныстырмауды өтінген кейіпкеріміз Амангелді ауданының тұрғыны. Оның жастық шағы еліміз үшін ең ауыр кезеңдердің бірі нарық заманына тұспа-тұс келді. Бұл жұрттың тұрмысы түзелмей, санасы дағдарыста болған, талай тағдыр талқыға түскен уақыт еді.
Мектепті жаңа ғана аяқтап, алдағы өміріне үлкен үмітпен қараған шағында оның тағдыры күрт өзгерді. Сол жылдары «қыз алып қашу» деген жабайы әдет кең етек алған болатын. Таныса да, танымаса да күшпен алып қашу қалыпты жағдай еді. Көптеген қыздар қорлық көрсе де, ешқайда шағымданбай, үнсіз қалуға мәжбүр болды. Кейіпкеріміз де дәл сондай тағдырдың құрбанына айналды.
Бар-жоғы бір-екі рет қана көрген жігіт оны алып қашты.
Бірақ анасы «қайтып келме» деді. Сол бір сәтте оның тағдыры біржола басқа арнаға бұрылды. Не керек, сол босағада қалып қойды. Отбасылы болған бес жылы көз жасымен, қорқынышпен, күйзеліс, шарасыздықпен өтті. Ақыры бір баласын жетектеп, ажырасуға мәжбүр болды.
Ол Астанаға барып, жұмыс істеді. Қарапайым еңбекпен күн көрді, баласын жеткізді, өмірден мойымай өтуге тырысты. Кейін қайта тұрмыс құрды. Бүгінде баспанасын салып, ел қатарлы тіршілік етіп отыр. «Жерде қалған жоқпын» дейді өзі.
Алайда жүректің түкпірінде өкіну бар. Ең үлкен өкініші – оқуға түсіп, маман иесі атана алмағаны. Мектепті өте жақсы оқыған, арманы асқақ еді. Бүгінде өзімен қатар оқыған құрбылары бір саланың білікті маманы, елге танылған азаматтар. Ал ол басқа салада, қара жұмыста еңбек етіп жүр. Бір есерсоқтың әрекеті мен анасының сол сәттегі батылсыздығы бүкіл өмір жолына әсер еткенін ойласа, жүрегі сыздайды.
Қаншама қыз сол кезеңде үнсіз қалды. Тағдыры талқан болды. Зорлықты салтқа айналдырған қоғамның жарасы бүгін де тыйылмай отыр. Мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін, біз өткенге сын көзбен қарап, бүгінгі ұрпақтың құқығы мен таңдау еркіндігін қорғауды үйренуіміз керек.
Біздің өңірде ахуал қалай?
Қостанай облысы бойынша қыз алып қашу дерегі тіркелмеген. Мұндай жағдай жоқ. Осы сипаттағы арыз-шағымдар ішкі істер органдарына түспеген. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда. Халық арасында, жастармен, ата-аналармен және қоғам өкілдерімен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ішкі істер органдары алдағы уақытта да осындай заңға қайшы әрекеттердің кез келген көрінісіне принципті түрде ден қойып, жауаптылықтың бұлтартпастығын және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететін болады. Азаматтарды мұндай фактілерге бейжай қарамауға шақырады.
Облыстық полиция департаменті отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Әсел Мұратбек:

«ҚР Қылмыстық Кодексi 125-1-бап. Некеге тұруға мәжбүрлеу, адамды күш қолдану не мүлікті жою немесе бүлдіру қатерін төндіріп, сол сияқты бопсалау жолымен, оның ішінде жәбiрленушiнi немесе оның жақындарын масқаралайтын мәлiметтердi не жариялануы немесе таратылуы жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi жариялау немесе тарату қатерін төндіріп некеге тұруға мәжбүрлеу – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – дейді.
Айта кету қажет, «қыз алып қашу» деп аталатын әрекет дәстүр болып саналмайды, бұл – адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, ең алдымен жеке басының бостандығына, қауіпсіздігіне және ерікті таңдау құқығына қол сұғатын қылмыстық әрекет.
«Күш қолданып, кәмелетке толмаған адамға қатысты, жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланып жасалған адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, өз қызмет бабын пайдаланып жасалған дәл сол іс-әрекет – бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар абайсызда ауыр зардаптарға алып келсе, – бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2025 жылғы 16 қыркүйекте заңға енгізілді», – дейді аға инспектор.
Егер сіз зорлықпен қыз алып қашу дерегінің жәбірленушісі, куәгері болсаңыз немесе осындай әрекеттер туралы ақпаратқа ие болсаңыз, «102» нөмірі арқылы, ішкі істер органдарының жақын аумақтық бөлімшесіне немесе ресми электрондық сервистер арқылы дереу хабарласуыңыз қажет. Әрбір хабарлама заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеліп, қаралатын болады. Ішкі істер органдары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауға кепілдік береді, ал кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Өз өмірі үшін күресу ұят емес.
Бұл іске Президенттің өзі араласты
Қыз алып қашу мәселесі мемлекет деңгейінде көтерілген еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, аталған әрекетті өрескел әрі жабайы қылмыс деп бағалады. Мемлекет басшысы мұндай заңсыз әрекеттерге ешқандай ақтау болмайтынын қадап айтты.
Президенттің сөзінше, адам құқығы тең қорғалатын зайырлы мемлекетте қызды еркінен тыс алып қашу – қылмыс. Мұндай әрекет заң алдында міндетті түрде жауапкершілікке әкелуі тиіс. Осыған орай былтыр елімізде қыз алып қашуға қатысты жаза күшейтілді. Осы мақсатта қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» туралы 125-1-бап енгізілді.
Аталған бапқа сәйкес, адамды оның еркінен тыс некеге тұрғызу немесе бірге тұру мақсатында ұрлау қылмыстық жауапкершілікке жатады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланып, кінәлі тұлғалар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер іс ауыр зардаптарға әкелсе, жаза мерзімі 10 жылға дейін ұлғаяды.
Дегенмен заңның қатаңдатылғанына қарамастан, қыздарға күш көрсету, еркінен тыс алып қашу деректері әлі де тыйылар емес. Ер мен әйелдің өзара келісімімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми тіркеуге негізделген дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайту қажет.
Мемлекет басшысы елімізде әрбір азаматтың таңдау еркіндігі бар екенін, оны ешкім күштеп шектей алмайтынын атап өтті. Қыз баланың тағдыры – жеке шешім, ал зорлық пен қысымға құрылған «дәстүр» заң алдында да, адамгершілік тұрғысынан да қабылданбайды.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді кейіпкерлердің өздері ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
