немесе мәдениет саласындағы арулар хақында
Міне, доңыз жылының да алғашқы айы аяқталып келеді. Біз мұның алдында осы жылдың ерекшелігі жайлы газет бетінде тоқталып өткен болатынбыз. Енді дәл доңыз жылы дүниеге келіп, арамызда ғұмыр кешіп жатқан жерлестерімізбен тілдесіп, олардың пікірлерін жазып алған едік.
Балдырған Айғожина:
– Өзім 1959 жылы 18 қарашада яғни доңыз жылы дүниеге келіппін. Мен қазақтың зиялы отбасында тәрбиелендім. Балалық шағым Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының орталығы Торғай селосында өтті.
Ұзақ жылдар бойы аталған ауданның бас дәрігері болып қызмет атқарған ардақты әкеміз Аяжан Сатыбалдыұлы кішкентай кезімізден бастап осы доңыз жылының ерекшелігі жайлы айтып, санамызға құйып отыратын.
Ол кісіні сол өңірде білмейтіндер жоқ-ты. Өйткені, ол Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері болатын. Аяулы анамыз Кәтима да да бізді жастайымыздан инабаттылық пен ибалылыққа, ізгілікке баулыды.
Осынау ардақты жан алдағы мамыр айында 90 жасқа толғалы отыр. Өзім біз үшін аса қасиетті жаннан тағылымды тәрбие алғанымды мақтан тұтамын.
Бәріміз үшін қымбатты адам кешегі Кеңес Одағында Батыр ана атанды. Тәуелсіз еліміздің Алтын алқасына да ие болды. Он бала тәрбиелеп, қазіргі таңда солардың қызығына бөленіп отырған жайы бар.
Жалпы, доңыз жылында туылғандар еңбекқор болып келеді деседі. Мен де жастайымнан алдыма үлкен мақсат қойып, соған жетуге талпындым. Орта мектепте де үлгілі шәкірттердің бірі болдым.
Алдымен Арқалық шаһарындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдадым. Өйткені, сонау мектеп қабырғасында жүрген кезден бері осы сала өзіме өте ұнайтын.
Міне, содан бері де арада қаншама жылдар өтті. Білікті маман атандым. Қазіргі таңда облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық мұражайында ғылыми-ағарту бөлімінің жетекшісімін.
Күләнда Әлібекова:
– Өз басым доңыз жылының халқымызға берері мол деп есептеймін. Кейбір деректерге қарағанда, бұл жыл еліміз үшін берекелі болады. Бәрі де сайып келгенде, адамның өзіне байланысты емес пе.
Бейнетқор, ізденімпаз кісі қашан да көздеген биігіне көтерілетініне шүбә келтірмеймін. Мен де доңыз жылы яғни 1971 жылы 10 маусымда Қарасу ауданына қарасты «Тімтуір» кеңшарының Қозыбай ауылында туылдым.
Ата-анамыз бізді ес білгеннен бастап Отанымызға адал қызмет етуге баулыды. Қазір соның жемісін көріп отырмыз деп толық сеніммен айта аламын.
«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейді. Сонау бала кезімде халқыма пайдамды тигізетін білікті маман атансам деп армандайтынмын. Сондықтан 1988 жылы орта білім алған соң Затобол кентіндегі ауылшаруашылығы колледжіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтадым.
Осы жылы жоғары оқу орнын тәмәмдап, диплом алғалы отырмын. Ол да мен үшін шексіз бақыт. Ана ретінде Шыңғысхан есімді ұлыма тағылымды тәрбие берудемін.
Айымгүл Жүніс:
– Әр жылдың өз берері бар. Мен үшін доңыз жылының жөні бөлек. Себебі, өзім 1995 жылы 29 сәуірде киелі Торғай өңіріндегі Жангелдин ауданының орталығында дүниеге келдім.
2013 жылы Қостанай шаһарына келіп, өткен жылы көрнекті ғалым, академик Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілген мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих факультетін тәмәмдадым.
Сөйтіп өзім жастай армандаған тарихшы мамандығын алып шықтым. Бұл күндері жоғары білімді қазақ қыздарының бірімін. Тарихшы жан-жақтылықты, тынымсыз ізденісті қажет етеді.
Өткен жыл да мен үшін қуанышты болды деп айтар едім. Себебі, өзімнің жүрегім қалаған Қажымұқан есімді азаматпен шаңырақ көтердім.
Болашақта сәби сүйіп, ана болғым келеді. Бала деген әрбір отбасының бақыты. Ата-ана ғұмырының сәні де мәні емес пе. Сондай-ақ ибалы келін атанып, бір әулеттің мәртебесін көтерсем деймін.
Диана Аишева:
– Доңыз жылы мен үшін де ерекше. Себебі, 1995 жылы 21 наурызда Қарасу ауданына қарасты Новоселов елді-мекенінде туылдым. Ата-анамыз бізге кішкентайымыздан заман талабына сай тәрбие берді.
Орта мектепте де терең білім алуға тырыстық. Бәлкім таудай талабым мен ұстаздарымның еңбегі де болар, көршілес Ресейдің Челябі мемлекеттік университетінің облысымыздағы филиалын ойдағыдай тәмәмдадым.
Таңдаған мамандығым – экономист. Оның қыры мен сырын меңгеріп, туған елім мен халқыма адал еңбек етсем деймін. Ол үшін біздің мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалған.
Көпшілікке мәлім, Елбасы 2019 жылды жастар жылы деп жариялады. Сондықтан біз де Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін оған өзіміздің лайықты үлесімізді қосуға тиіспіз.
Доңыз жылы республика жұртшылығына тек ғана ырыс-береке, молшылық әкелетіндігіне өз басым нық сенімдімін.
Анар Нұрпейісова:
– Мен де доңыз жылы дүниеге келіппін. 1983 жылы өңіріміздің Наурызым ауданына қарайтын Өлеңді деп аталатын киелі елді мекенде туылып, жастық шағым сонда өтті.
Кішкентайымнан құқық саласында жұмыс істеуді армандайтынмын. Сондықтан да болар, колледжді тәмәмдап, заңгер мамандығын алып шықтым.
Өзімді ана ретінде бақытты сезінемін. Өйткені, Әуез және Әмірхан есімді қос ұлым бар. Олар бұл күндері облыс орталығындағы №5 орта мектептің жанындағы кадет корпусында білім алуда.
Оразалы Жақсанов
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77