Біздің Қостанай

Өз ісінің білгірі, еңбекқор жан айналасындағылардың құрметіне ие

«БК-Строй» құрылыс компаниясының құрылысшысы Айтбай Базилов жайында

Бүгінде бір жерде табан аудармай еңбек етіп, көпшіліктің құрметіне ие болып жүрген жандар қаншама. Осындай еңбекқор жандардың бірі «БК-Строй» құрылыс компаниясының кірпіш қалаушысы 60 жастағы Айтбай Базилов.

Айтбай Құрманұлы 13 баланы дүниеге әкеліп тәлімді тәрбие берген бұрынғы Урицкий қазіргі Сарыкөл ауданына қарасты Бас-ағаш деп аталған бөлімшеде үлкен отбасында дүниеге келген. Әкесі Құрман сол жерде тракторшы-комбайншы болып жұмыс істеген. Әкеге қарап бой түзеген саналы ұл бүгінде адал еңбек етіп, айналасындағылардың ыстық ықыласына бөленіп отыр.

Оның үш бауыры өзі сияқты құрылыс саласында жұмыс істейді. Өңірімізде қысы жазы тоқтамайтын құрылыс жұмыстары оңай емес. Табандылық пен темірдей төзімді талап ететін құрылыс жұмыстарын өмірінің мәніне айналдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді.

-Мен бала кезден құрылысшы болғым келді. Мектепті бітіргеннен кейін Қостанай қаласындағы құрылыс колледжіне кірпіш қалаушы бөліміне оқуға түстім. Осы мамандықты меңгеріп, қолыма диплом алып, жұмысқа кірісіп кеттім. Сол кезден бері құрылыспен айналысып келемін. Бір кездері облымызда құрылыс жұмыстары тоқтап, құлдырау заманы болды. Ол кездері де мен өзімнің сүйікті ісімнен қол үзген жоқпын. Өзіме өзім жұмыс істеп, туған-туыс, таныстардың құрылысында еңбек еттім. Кірпіш қалағанды жаным сүйеді. Бұл менің сүйікті ісім. Күнделікті жұмысымнан тек ләззат аламын.

Әкем өмір сүру үшін жұмыс істеу керек деп бізге жиі айтып отыратын. Оның сол сөзі бала кезімнен жадымда жақсы сақталса керек. Осы жасқа жеткенше қол қусырып үйде отырып көрмеппін. Отыра да алмаймын. Еңбек етіп, қызып жатқан құрылыстың дәл ортасында жүргенді жаным сүйеді, – дейді ол.

Айтбай Құрманұлы қаламыздағы «БК-Строй» құрылыс компаниясына басшылықтың шақыртуымен 2006 жылы келген. Содан бері мұнда кірпіш қалаушы, каменьщик болып абыройлы жұмыс істеп келеді. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын білікті жанды ұжым басшылыға да құрметтейді.

-Өз ісіңнің білгірі болу үшін алдымен өз мамандығыңды сүюің керек. Мен құрылыс саласына өз қалауыммен келген жанмын. Сондықтан бұл жұмыстан басқасын қолыма алып көрмеппін. Біздің құрылыс компаниясы тұрғызып жатқан көп қабатты тұрғын үйлер жоғары сапасымен ерекшеленеді. Өйткені, мұнда жұмыс істейтін құрылысшылар өз ісімізге асқан жауапкершілік танытамыз. Сондай-ақ құрылыс барысында қателікке жол бермейміз. Бүгін салынған сапалы ғимарат болашақта ұжым үшін үлкен бедел, абырой болса керек. Өзім кірпіш қалайтын бөлімнің бригадирімін. Қарамағымдағы құрылысшылардың әр ісін жіті назарымда ұстаймын. Осы салада көп жылғы тәжірибеме сеніп, кез-келген құрылысты уақытында сапалы жасауға болатынына толық көзім жеткен жанмын.

Сонымен қатар құрылыс саласында құрылыс материалының да сапасы үлкен рөл атқарады. Сондықтан әрдайым сапалы дүниені таңдау керек. Бір жағынан құрылысшылардың біліктілігі де маңызды. Онсыз болмайды. Мамандықтағы біліктілік, үлкен тәжірибе жылдар өте келеді. Мен де жас болдым, бірақ жылдар өте өз жұмысыма төселіп, тәжірибе жинай бастадым, – дейді ол.

Әр істің өз білгірі болады. Құрылыс саласының майталман маманына айналған Айтбай Құрманұлы көпке үлгі. Ол қарапайым құрылысшы. Бірақ өз саласының шебері. «БК-Строй» құрылыс компаниясындағы жұмысына көңілі толады, айлығы да көңіл қуантады.

Жұмысын бірінші орынға қойып, әрдайым өзінің міндетін мінсіз атқаратын жандар кез-келген мекеменің мақтанышы болса керек. Мұндай қызметкерлер айтқан сөзінде тұрады, өзіне артылған жұмысты дер кезінде орындайды.

Бұл тек еңбексүйгіш, жауапкершілігі мол, мінездері бірқалыпты жандардың ғана қолынан келері анық. Қарапайым еңбектен бақыт тапқан Айтбай Құрманұлы айрандай ұяған жанұяның тірегі. Жары Сәуле апамыз бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жан. Ұлдары Абай ата-анадан тәлімді тәрбие алып, олардың көмекшісіне айналып отыр.

Жұмысы жанына жайлы, отбасы берекелі қарапайым құрылысшы Айтбай ағамыз бақытты жандардың бірі. «Еңбек түбі береке» демекші, жұмыс істеген жанға өмірдің берері несібесі де жетерлік. Еңбекқор жанға тек абыройы артып, үлкен құрметке бөлене беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77