Балалар дәрігері Азамат Абдуллин хақында
Кешегі ауылдың баласы
Ақ халатты абзал жандарға абыройлы болу – ең алдымен олардың кәсіби біліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл мамандықты игеру үшін адам баласын ерекше құрметтеп, олардың тағдыры үшін тікелей жауап беретіндігі көпшілікке мәлім болса керек.
Менің бүгінгі кейіпкерім, өз саласының нағыз білгірі. Жастығына қарамастан алдына үлкен мақсат қойып, үнемі талпыныс танытып келеді.
Бәрі де мектеп қабырғасында жүрген кезден басталады. Сол шақтың өзінде Азамат Абдуллин ертең өскенде денсаулық саласында қызмет ететін дәрігер болуды армандайтын.
Кім баласының жаман болғанын қалайды дейсіз. Әке- шешесі де осынау сүп-сүйкімді ұлынан үлкен үміт күтті. Оның ойын қолдып, жан-жақты азамат болып қалыптасуына тікелей ықпалдарын тигізді.
Өзім осы мақаланы жазбас бұрын облыс орталығындағы №1 емханада болдым. Оның қызмет бабы мен өмір жолдарына әбден қанықтым.
Азамат та кешегі ауылдың баласы. Өзі кейбір дерек көздеріне қарағанда, облысымыздың Федоров ауданындағы Вишневое деп аталатын елді-мекенінде дүниеге келіпті.
Бала әке-шешесіне еліктеп өседі. Бұл тұрғыдан алғанда ол өзін өте бақыттымын деп есептейді. Себебі, әкесі Татыбек айналасына сыйлы, жүрегі тек ғана елім, халқым деп соғатын кісі.
Өзі қарапайым ғана көлік жүргізушісі болса да өзіндік пікірі бар, кез-келген ортада өзін тек ғана жақсы жағынан көрсеткен отағасы. Жастайынан білімге құштарлық танытқан ұлына ақыл кеңесін беріп, оған қолдау көрсетті.
Анасы Ғазиза апамыз ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған ардақты ұстаз. Осындай мейірімді де қайырымды кісілерден ғибрат алған жас дәрігер уақыт өте өзінің көздеген биігіне көтерілді.
Өмірі жастарға өнеге
Ата-анасы үлкен қызы мен Азаматтың болашағын ойлап бертін облыс орталығы Қостанай қаласына қоныс аударды. Кейіпкеріміз мектепте де алдыңғы қатарлы шәкірттердің бірі болды.
Шаһарымыздағы «Озат» дарынды балаларға арналған мектепте өзін жан-жақты көрсетіп, білім ордасын үздік тәмәмдады. Содан кейін Қарағанды қаласындағы медициналық институтқа студент болып қабылданды.
Осы арада оның білікті дәрігерлер жоғары оқу орнында мемлекеттік грант бойынша білім алғандығын ерекше атап өткеніміз жөн.
Аталмыш институттан өзінің қалауы бойынша балалар дәрігері мамандығын алып шықты. Содан кейін ол көп ойланып жатпады Қостанай қаласындағы №1 емханасына өз кәсібі бойынша қызметке орналасты.
Мұндағылар да жоғары оқу орнында жақсы қырларымен көрінген білікті маманды құшақ жая қарсы алды. Өзі олардың сенімін ақтау мақсатында тынбай ізденіс жасады.
Қысқа мерзім ішінде әріптестерімен, қабылдауда болатын ата-аналармен тез тіл табысты. Өзінің талапты да медицина саласын жетік меңгерген ақ халатты абзал жан екенін дәлелдеді.
Ол қашан да өзі емдейтін балалардың да, олардың туған-туысқандарының да бабын табады. Жүзінен әрқашан мейірімділік пен парасаттылықтың иісі аңқып тұрады.
Өзім журналист ретінде оны алғаш рет көріп тұрсам да оның ой-толғанысынан, сөйлеген сөзінен болашағы жарқын ақ халатты абзал жан екендігін бірден сезіндім.
Жалпы, оның ұжымда беделі жоғары. Әрдайым сөзі мен ісі бір жерден шығатын дәрігерді көпшілік қауым айрықша құрмет тұтатындығы байқалады.
Ол уақыт талабына сай қызмет атқарғанды жаны сүйеді. Ата-аналарға балаларын кішкентай кезінен бастап салауатты өмір салтына бейімдеп, денелерін шынықтыруға көп көңіл бөлулері қажеттігін үнемі ескертіп отырады. Өйткені, өзі де спорт десе ішкен асын жерге қояды.
Өнегелі маман ынтымағы жарасқан отбасының иесі. Келіншегі Жұлдыз дәрігер. Отбасында Айлин есімді перзенттері өсіп келеді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77