Қала тазалаушы Алена Харламова туралы сөз
Барлық мамандық та қадірлі
Қазіргі заманда елімізде еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Тіпті белгілі бір мамандықты игергені туралы нақты құжаты болмаса да жергілікті жерлердегі жұмыспен қамтамасыз ету орталықтары талапты жанға қашан да жұмыс тауып береді.
Міне, осындай жұмыс істегісі келген адамдар мемлекеттік орталықтар ашылғаннан кейін үйде отырып қалған жоқ. Олар өздерінің қабілет-қарымдарына қарай еңбекке тартылып, күнделікті напақаларын айырып жүр.
Менің бүгінгі кейіпкерім Алена Харламова облыс орталығындағы «Таза жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кәдімгі қарапайым ғана көше сыпырушы болып келе жатқандығына 10 жылдың жүзі болыпты.
Жақында онымен арнайы жүздесіп, пікірін жазып алған едім. Алынған деректер мен дәйектерге қарағанда, өзі Қарағанды облысы Абай қаласында дүниеге келіпті. Сол шаһарда жұрт қатарлы мектеп бітіріп, кейін тағдырдың жазуымен қостанайлық Алексей есімді жігітпен шаңырақ құрды. Содан кейін Қостанай қаласына қоныс аударды.
Бүгінде шаһарымызда ғұмыр кешіп жатқанына жиырма жылдан асып қалды. Осы уақыт ішінде Қостанайға әбден үйреніп, жерсініп кетті.
Өңіріміз оған құтты болды деуге болады. Себебі, кейіпкеріміз Екатерина мен Виктория есімді қыздарын өсіріп, қазіргі таңда отағасы екеуі бақытқа кенеліп отыр. Тіпті олар Ярослава есімді немере де сүйіп үлгірді.
Ол нағыз патриот. Үстіміздегі жылы Қостанай шаһарына 140 жыл толғалы отырғандығын жақсы біледі. Сондықтан да оған өзімнің лайықты үлесімді қоссам деп ойлайды.
Бақытын еңбектен тапты
Оның сөзіне қарағанда, мамандықтың үлкен-кішісі жоқ. Әңгіме өзіне жүктелген міндетті сапалы да дер кезінде ойдағыдай атқара білуде.
Алена Харламованың күнделікті қызметі де жеңіл деп айта алмаймыз. Қала тұрғындарына қолайлы болу үшін қақаған қыс айларының өзінде қолына тиісті құралды алып, тратуарларды қатып қалған мұздан арылтып, тазартып жатқаны.
Өйткені, бұл кезеңдер де әсіресе, жасы келген кісілерге жүріп тұру оңай болмайды.
Сондықтан да уақытпен санаспай жұмыс істейді. Қала тұрғындары көктайғақты сезінбеулері үшін мұның әріптестері қолдан келгеннің бәрін де жасайды.
Көшелерге құм сеуіп, олардың алғысына бөленеді. Өздеріңіз білесіздер, солтүстік өңірлерде қыс айы боранды, аязды болып келеді емес пе.
Олар ауа райының қаталдығына да әбден үйренген. Жұмыста әбден шыныққан. Қолымнан келмейді деген сөздер бұлардың аузынан ешқашан да шықпайды.
Онымен сөйлесу барысында әңгіме арқауына айналған еңбек адамының кішіпейіл өз қызметіне өте тиянақты екендігін де байқадым. Өзге әріптестері жайлы да тек ғана жылы лебіз білдіреді.
Міне, көктем шығып, табиғат құлпыра түсті. Енді олардың күнделікті жұмыстары да қарбаласқа толы болады.
Қысты күндері қардың астында қалған қалдықтарды жинап, тратуарларды әктеп сырлайды.
Табиғаттың мінезі де кәрі қыз секілді жиі өзгеріп тұрады. Соған қарамастан олар жұмысқа ерте келіп, күнделікті өздеріне бекітілген міндеттерін барынша адал атқаруға тырысады.
Баршаға мәлім, қазіргі таңда еңбек адамдарына айрықша назар аударылып жатыр. Бұл өте орынды. Өйткені, арамызда осы бүгінгі тілге тиек етілген Алена Харламова секілді замандастарымыз жеткілікті.
Біз оның алдағы мақсат-мұраттары жайлы да сұрадық. Сонда ол көп ойланып жатпастан:
– Мен еліміздің біраз қалаларында болдым. Сонда түйгенім, облыс орталығы Қостанай шаһары әрқашан да тазалығымен дараланады. Оның үлгілі әрі жарқырап тұруы тек біз секілді жұмысшыларға ғана емес, барша қала тұрғындарына да әбден байланысты. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша алдағы сәуір айында қаланы абаттандыру мақсатында сенбіліктер ұйымдастырылады. Сондай науқанды жұмыстарда жерлестеріміз белсенділік танытса нұр үстіне нұр болар еді, – деді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77