10 регион Социум

Өз жетістіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді

Қостанай ауданының балалар шығармашылық үйі «Қостанай облысының үздік қосымша білім беру ұйымы» байқауында екінші орынды иеленді.

Балалар шығармашылық үйі 2001 жылдың 15 тамызынан бастап, жас ұрпақтың шығармашылық дамуына жол ашып келеді. Жалпы саны 114 үйірмеге 2226 тәрбиеленуші қатысып, өздерінің қабілеттерін дамытып келеді. Орталық өз жұмысын 8 бағытта жүргізеді: көркем-эстетикалық, декоративті-қолданбалы, әлеуметтік-педагогикалық, туристік-өлкетану, спорттық-интеллектуалдық, әскери-патриоттық, ғылыми-техникалық және экологиялық бағыттар. Үйірмелерге әлеуметтік тұрғыда осал топтардан шыққан және арнайы бақылауда тұрған балалар да қамтылған.

Шығармашылық үйінің әдістемелік қоржыны да бай. Мұнда қосымша білім беру ұстаздарының облыстық оқу-әдістемелік кеңесі мақұлдаған 10 авторлық бағдарлама бар, тағы 8 жаңа бағдарлама жарыққа шығу алдында тұр. Бұл жетістіктер мекеменің аймақтағы маңызды рөлін айқындайды.

Ең көп қызығушылық тудыратын бағыттардың бірі – декоративті-қолданбалы өнер. Бұл салада балалардың қолынан шыққан әрбір бұйым олардың шығармашылық әлеуетін көрсетеді. Ғылыми-техникалық бағыт та балалар арасында сұранысқа ие. Технология мен ғылымға қызығатын жеткіншектер бұл салада жаңа идеялар мен жобалар арқылы өзіндік көзқарасын қалыптастырады. Шығармашылық үйінде ұлттық ойындарға да ерекше мән беріледі. Балалар тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық құндылықтарды меңгеріп, қазақтың бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысады. Сонымен қатар, шашка мен шахмат секілді зияткерлік ойындар да олардың ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Орталық байқауда екінші орынды иеленіп, 2 млн теңгелік сертификатпен марапатталды.

– 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқау – білім беру ұйымдары арасында тәжірибе мен жетістіктерді бөлісуге арналған үлкен мүмкіндік. Әр қатысушы өзінің даму бағдарламасындағы тың идеяларымен, жетістіктерімен бөлісіп, болашаққа деген жаңа жоспарларын ортаға салуға жол табады. Біздің 2019-2023 жылдарға арналған даму бағдарламамыз облыстық оқу-әдістемелік кеңестің жоғары бағасын алып, Қостанай облысындағы үздік бағдарламалардың бірі ретінде танылған болатын. Ал 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы республикалық деңгейдегі авторлық лицензияға ие болды. Соңғы 5 жылда балалар шығармашылық үйі облыс көлеміндегі қосымша білім беру ұйымдарының үздік үштігінен түскен емес. Биылғы тамызда ұйымымыз облыстық рейтингте 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша екінші орын, ал 2024 жылғы жазғы маусымда бірінші орын иеленді. Әр жетістіктің артында қажырлы еңбек тұр. 2023-2024 оқу жылындағы жеңістер қуантады. Біз 120 аудандық, 57 облыстық, 146 республикалық және 144 халықаралық байқауда жеңіс тұғырынан көріндік. Балаларға жаңа бағыттарды меңгерту, олардың шығармашылығын шыңдау жолында білім ордамыздың ұстаздары үздіксіз ізденіс үстінде, – деп атап өтті балалар шығармашылық үйінің басшысы Клара Исмағұлова.

Орталықтың жеңіске жетуінің бірден-бір себебі, бірлік, достық, ұжымдық рух, шығармашылық. Клара Исмағұлованың мәліметінше, олар балалармен тығыз байланыста жұмыс істейді, олардың талпынысы мен ынтасы ұстаздарға шабыт береді. Сондай-ақ, ата-
аналарды да белсенді түрде қамтып, шеберлік сабақтар мен экскурсияларға қатыстырып отырады.

– Біздің ұйымымыздың алдында тұрған басты қиыншылықтардың бірі – қызықты жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаржының тапшылығы, сондай-ақ материалдық-техникалық базаның әлсіздігі. Көп жағдайда ұстаздарымыз тәрбиеленушілермен бірге қолда бар материалдарды пайдаланып, шеберлік туындыларын жасап шығарады. Біз жаңа ғимараттың жақын арада ашылуына үлкен үміт артамыз. Ол жерде үйірмелерге қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мүмкіндігі туындайды, сонымен қатар жаңа студиялар мен клубтарды ашу мүмкіндігі пайда болады. Бұл – біздің ұжымымыздың дамуына, шығармашылық әлеуетімізді арттыруға үлкен серпін береді, – деп мәлімдеді Клара Исмағұлова.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77