2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) медициналық ұйымдардың қызметін бақылауды тиімді етуге бағытталған жаңа тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуде.
Бұл жүйе аясында қордың келісімшарты бойынша жұмыс істейтін барлық клиникалар жасыл, сары және қызыл аймақтарға бөлінеді. Мұндай бөлініс мекемелердің қызмет сапасы мен сенімділік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдарды аймақтарға бөлу олардың қызметін кешенді бағалауға негізделеді. Негізгі көрсеткіштерге айыппұлдар саны, анықталған қателіктер, пациенттерден түскен шағымдар саны, мерзімі өткен қарыздардың немесе жалған есептердің болуы жатады. Мысалы, егер клиниканың кредиторлық қарызы болса, ол автоматты түрде қызыл аймаққа өтеді. Дәл осындай жағдай көп шағымдар немесе басқа да бұзушылықтар анықталған кезде де орын алады.
– Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – жазалау емес, медициналық мекемелерді қызмет сапасын арттыруға ынталандыру. Қателіктері аз клиникалар сирек тексеріліп, көрсеткен қызметтері үшін төлемді жылдам алады, – дейді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Әбілов.
Сонымен қатар, ӘМСҚ жаңа жүйе арқылы мекемелердің қаржылық жағдайын жақсартуды көздейді. Ғалымжан Әбіловтің сөзінше, клиникалардағы қаржылық қиындықтардың басты себептері – басқарудың жеткіліксіз деңгейі, дәрі-дәрмектерді жоспарсыз сатып алу және бірқатар қызметтер бойынша тарифтердің төмендігі. Бұл мәселелерді шешу үшін 2024 жылы кейбір қызмет түрлері бойынша тарифтер арттырылды. Алайда, мекемені жоғары тәуекел аймағына жатқызбас бұрын, қор оның қарыздарының себебін мұқият талдайды, бұл бағалау әділдігін қамтамасыз етеді.
Жаңа жүйе рейтингті тұрақты түрде жаңартуды көздейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша алғашқы мәліметтер алынып, одан әрі деректер әр тоқсан сайын қайта қаралады. Бұл ағымдағы жағдайды бақылауға ғана емес, туындаған мәселелерді жедел шешуге де мүмкіндік береді. Мұндай динамикалық тәсіл мекемелердің өз қызметін жедел түзетуіне жол ашады.
– Егер ауруханада мәселелер туындаса, шағымдар туындап жатса 1406 нөміріне хабарласып, не болмаса аурухана сайтында, парақшасында шағымдарыңызды айта аласыз, – дейді ӘМСҚ маманы.
2025 жылдың алдын ала талдауына сәйкес, клиникалардың 28%-ы қызыл аймаққа, 47%-ы сары аймаққа, ал 25%-ы жасыл аймаққа жатқызылған. Көпбейінді стационарлардың қызыл аймаққа енуіне негізінен кредиторлық қарыз себеп болса, емханаларда бұл жалған есептердің жиі кездесуімен байланысты. Осыған қарамастан, аймақтық немесе құрылымдық деңгейде айтарлықтай мәселелер анықталған жоқ, әртүрлі аймақтағы клиникалар ел бойынша біркелкі бөлінген, меншік түріне қарамастан.
Жаңа жүйе енгізілгелі бері анықталған мәселелердің бірі – кейбір медициналық ұйымдардың өз қызметіне жауапсыз қарауы. Сонымен бірге, дәрі-дәрмек сатып алуды дұрыс жоспарлау және ішкі бақылау механизмдерін жетілдіру ұсынылады.
Медициналық ұйымдардың қызметін жақсарту үшін тағы бір маңызды қадам – бұл оларға қолайлы жұмыс жағдайларын жасау. Қор тарапынан кейбір мекемелер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылып, төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу мүмкіндіктері ұсынылуда. Мұндай қолдау шаралары мекемелердің қаржылық жүктемесін азайтып, қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, ӘМСҚ-ның жаңа тәуекелдерді басқару жүйесі медициналық ұйымдарды мониторингтеуді неғұрлым ашық әрі әділ етеді. Жүйе клиникаларды өз қызметін жақсартуға ынталандырып, қордың денсаулық сақтау жүйесіндегі әлсіз тұстарды жедел анықтап, оларды жоюына мүмкіндік береді. Бұл медициналық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, жалпы тұрғындардың сенімін нығайтуға да ықпал етпек. Егер жаңа жүйе тиімді түрде жүзеге асса, болашақта Қазақстанның денсаулық сақтау саласы сапа мен қолжетімділік бойынша жаңа деңгейге көтерілуі әбден мүмкін.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77