Жаңа жыл – әр шаңырақ үшін үміт пен қуаныштың, бірлік пен мейірімнің мерекесі. Бұл күндері отбасы мүшелері бір дастарқан басына жиналып, өткен жылға ризашылығын білдіріп, алдағы күндерге ақ тілектерін арнайды. Осындай игі дәстүрді жылдар бойы сақтап келе жатқан өнегелі шаңырақтың бірі – бірнеше ұрпақтың басын қосқан Жұмағалиевтер әулеті.
Олар үшін жаңа жылды қарсы алу жай ғана мереке емес, жылдар бойы жалғасын тапқан дәстүр. Жыл сайын желтоқсанның соңғы күндері барлығы бір дастарқанда бас қосады.
Отағасы Жұмағали Құлмағамбетов бұл дәстүрдің мәнін былайша түсіндіреді:
Жаңа жыл – біз үшін күнтізбедегі жай ғана мереке емес. Бұл – бір-бірімізден амандық-саулық сұрасып, өткен жылға есеп берер, келер жылға үміт артатын сәт. Біздің ең басты байлығымыз – бірлігіміз. Балаларымның бәрі бір шаңырақ астына жиналғанда көңілім жай табады. Себебі отбасының беріктігі – бала-шағамның ынтымағында. Немере-шөберелерім бір-біріне бауыр басып өссе екен деймін. Үлкенді құрметтеп, кішіні қамқорлай білсе – біздің еңбегіміздің ақталғаны, – дейді ол.
Бұл әулеттің түп қазығы көпке сыйлы Жұмағали әке мен Ханшайым ана – өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Олардан тараған 2 ұл мен 7 қыз бүгінде әрқайсысы өз алдына бір шаңырақ иесі. Бүгінде бұл үлкен отбасында 26 немере мен 3 шөбере бар.
Немерелерінің алды отыз жастан асқан. Осылайша бірнеше буынды біріктірген отбасының берекесі мен бірлігі айқын аңғарылады.
Жаңа жыл қарсаңында Жұмағалиевтер жанұясының барлық мүшесі дәстүр бойынша бір шаңырақ астында бас қосады. Кең жайылған дастарқан, ақсақалдың батасы, әженің ақ тілегі – мерекенің ажарын аша түседі.

Мерекелік кеш барысында түрлі ойындар ойналып, балалар тақпақ айтып, Аяз атадан сыйлық алады. Бұл кеш – тек көңіл көтеру емес, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын ерекше сәт.
Жаңа жыл – отбасылық татулықтың үлгісі
Жаңа жыл кеші бұл үйде ерекше көңілді өтеді. Үлкен дастарқан жайылып, мерекелік бағдарлама түрлі жарыстармен, тартысты сайыстармен жалғасады. Ересектер қызықты сұрақтарға жауап беріп, зияткерлік ойындарда бақ сынаса, жігіттер арасында жоғарыға тартылу, білектесу тәрізді жылдамдық пен ептілікті қажет ететін спорттық сайыстар ұйымдастырылады.
Ал кішкентайлар үшін бұл кеш – нағыз думан. Олар да шапшаңдық пен ептіліктерін сынға салып, шахмат пен қол күрестен, бес асықтан жарысып, ұлттық ойындарда өзара мықтыны анықтайды. Сондай-ақ жыл сайын балақайлар үшін Аяз ата мен Ақшақардың рөлін атқаратындар өзара ауысып тұрады. Жаңа жылдың басты кейіпкерлері баршаны мерекемен құттықтап, түрлі тапсырмалар беріп, көңілді кештің көрігін қыздырады. Осылайша балалық шаттық пен мейірімге толы бұл сәттер шаңыраққа ерекше жылулық пен жарасымды көңіл-күй орнатады.
Ұрпағын ерекше мейірімімен ұйыстырып отырған Ханшайым ана да отбасының берекесі мен бірлігінің негізі осындай ортақ қуанышта жатқанын атап өтеді.
Ана үшін баласының амандығынан артық бақыт жоқ. Мерекелі күндері барлығы бір дастарқан басына жиналса, жүрегің тынышталады. Немере-шөберелердің күлкісін есту – біз үшін ең үлкен қуаныш. Балаларымыз бауырмалдықты, сыйластықты сақтап жүрсе екен дейміз. Бір-біріне демеу болып, қиындықта қол ұшын соза білсе – ата-ана арманының орындалғаны сол, – дейді ақ жаулықты ана.
Мерекелік кеш барысында Жұмағалиевтер әулетінде тағы бір ерекше дәстүр бар. Ол – жыл соңында «Жыл адамы» номинациясын табыстау. Бұл атақ белсенділігімен, қамқорлығымен, еңбегімен ерекшеленген жанға беріледі. Өткен жылы бұл номинация Дәурен күйеу балаға бұйырыпты.

Отбасы мүшелерін ынталандырып, еңбегін бағалау мақсатында арнайы номинациялар дайындаймыз. Мысалы, «Жыл адамы» мал сою, ет бұзу сынды тұрмыстық мәселелерде көмектескен, сондай-ақ ата-аналары үйде болмай қалған кездерде балаларды мектепке тасып қол ұшын созған жанға көрсетілетін ерекше құрмет ретінде табысталады. Бұл бастама бауырлар арасындағы сыйластықты арттырып, жақсылыққа жетелейді деген ойдамын, – дейді осы отбасының қызы, әрі Жаңа жылдық кештің бас ұйымдастырушысы Ботагөз.
Сонымен қатар мерекелік кеш барысында «Өнерлі бала», «Спорт тарланы», «Үздік блогер» сынды номинациялар да иелерін табады. Аталған марапаттар әрбір отбасы мүшесінің қабілеті мен еңбегін бағалауға, балаларды өнерге, спортқа және белсенділікке баулуға бағытталған.
Осындай мазмұнды да мағыналы дәстүрлері бар Жұмағалиевтер әулетінде Жаңа жыл әрдайым қуанышқа толы өтеді. Бір шаңырақ астында бас қосқан бірнеше ұрпақ үшін бұл мереке – отбасылық бірліктің, сыйластық пен мейірімнің айқын көрінісі.
Берекелі отбасы – қоғамның берік іргетасы
Татулығы жарасқан отбасы тарихында есте қаларлық айтулы сәттер де аз емес. Солардың бірі – бірнеше жыл бұрын дүркіреп аталып өткен Жұмағали әке мен Ханшайым ананың 50 жылдық алтын тойы. Алтын той тек мерейтой емес, жарты ғасыр бойы ата-ана ұстанған өмірлік құндылықтар мен берік жанұяның жарқын үлгісін айшықтаған күн болды.
– Ата-анамыздың алтын тойы біздің өміріміздегі ең әсерлі күндердің бірі болды. Әке мен анадан көрген сыйластық біз үшін өмірлік сабақ. Айтулы мереке болсын, туған күн болсын бәріміздің бір шаңыраққа жиналуымыз – сол тәрбиенің жемісі деп ойлаймын, – дейді отбасының кенже қызы Шолпан.
Жұмағали әке мен Ханшайым ана бала тәрбиесінде ең алдымен еңбекке баулуды басты қағида еткен. Олар ұл-қызын жастайынан адал еңбекке, жауапкершілікке баулып, қиындық мен қуанышты қатар сезіндіріп, әр істің қадірін түсіндіруге тырысқан. Осындай тәрбиенің арқасында балалары өмірге бейім, еңбекқор болып өсті. Бүгінде олардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, елге адал қызмет етуді азаматтық парызы санайды.
Біз бұл тәрбиені өз балаларымызға да сіңіруге тырысамыз. Бала күнімізден әкемізге еріп, ауылда мал жайып, қар тазалап өстік. Сиыр сауып, құрт жаю сияқты ауыл тіршілігінің барлық жұмысына ерте араластық. Сол еңбек бізді жауапкершілікке, төзімділікке тәрбиеледі, – дейді Шолпан.

Осындай тағылымы мол, өнегесі зор дәстүрлерді берік ұстанған Жұмағалиевтер жанұясында әр мереке – қуаныш қана емес, ұрпақ сабақтастығын нығайтатын, отбасы құндылықтарын тереңдететін маңызды сәтке айналған. Үлкеннің ақылы мен батасы, ананың мейірімі мен тәрбиесі, орта буынның жауапкершілігі мен қамқорлығы бұл әулеттің бірлігін бекемдей түседі.
Биыл да Жаңа жылдық кеш мазмұнды әрі мағыналы дәстүрлермен жалғасын таппақ. Отбасы мүшелері жылды қорытындылап, өзара ынтымақты нығайта түсетін ортақ ниетпен қарсы алуды жоспарлап отыр.
Берекелі отбасы – қоғамның берік іргетасы. Бір шаңырақ астында бас қосқан бірнеше ұрпақ үшін Жаңа жыл – татулық пен мейірімнің, сыйластық пен бірліктің айқын көрінісі. Осындай отбасылар барда ұлттық құндылықтарымыз да, ұрпақтар арасындағы алтын көпір де үзілмейтіні анық.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттер жеке мұрағаттан
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
