Біздің Қостанай

«Жұмысымды жақсы көремін»

дейді тәжірибелі қызметкер Светлана Переузник

Өз ісін сүйетін, міндетін орындаудан бір шаршамайтын еңбекқор жандар арамызда көптеп саналады. Олардың ойлауы, қоршаған ортаны қабылдауы бір бөлек. Жандүниесі тіпті өзгеше. Бүгінде қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі 6 баланы өз қамқорлығына алып отырған әлеуметтік қызметкер Светлана Переузник өте мейірімді жан.

Ол Қостанай қаласында 1968 жылы дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң шаһарымыздағы педагогикалық колледжде мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиеші мамандығын меңгеріп шығады. Он жылдай уақыт қаламыздағы бала бақшаларда тәрбиеші болып жұмыс істейді. Тәжірибе жинақтап, білімді де білікті маман атанады. Балалардың тілін жақсы түсіне бастайды.

Бала бақшадағы көп жылғы тәжірибесімен 2003 жылы «Жұмыспен қамту орталығының» көмегімен әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналасады.
Бүгінде ол мүмкіндігі шектеулі балаларға қарайды. Күнделікті таңертеңгі 9:00-ден кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Сенбі, жексенбі демалады.

-Менің мамандығын тәрбиеші. Мамандығым бойынша көп жыл жұмыс істедім. Мол тәждірибе жинадым. Балалардың тілін жақсы түсінемін. Баланы жақсы көремін. Оларды ойнаты отырып, оқытуды да жақсы үйренгенмін.

Қазіргі жұмысым мен үшін ауыр емес. Өйткені, осы жылдар ішінде тәжірибе жинақтап үлгердім. Қарамағымдағы мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарымен жақсы тіл табысамын.

Ол кісілер менің тәжірибелі қызметкер екенінімді біледі. Сондықтан үлкен сеніммен қарайды.
Менің күнделікті жұмысым маған қарасты мүмкіндігі шектеулі жандарға сабақтарын оқуға, тамақтарын ішуге, таза ауада серуендеуге, кірлерін жууға, киімдерін, басқа да заттарын жинауға көмектесемін, – дейді ол.

Кішкентайынан мүгедек атанып, арбаға танылған жас жеткіншектермен отыру қарап отырсақ оңай шаруа емес. Бұл қызметте үлкен төзімділік қажет болса керек.

-Иә, менің жұмысымда төзімділік өте қажет. Менің мінезім бала кезден бір қалыпты, төзімді, орнықты болатын. Қазір де осы мінезімнен бір тайған емеспін. Ешқашан күйгелектікке салынбаймын. Әр нәрсені байыбына барып жасаймын. Осы шыдамды мінезім қазіргі жұмысымда маңызды болып отыр. Ешқайда асықпай, қарамағымдағы балалармен тіл табысып, оларға көмектесіп, ата-аналарымен де жақсы қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрмін. Жалпы, менің жұмысымда осындай өзіндік қиыншылықтар бар, – дейді тәжірибелі әлеуметтік қызметкер Светлана Переузник.

Шынында да, жұмыстың жеңілі болмайды. Кейде таныстарымның арасында «бір жұмыс тауып алдым, еш қиындығы жоқ, бірақ жалақысы жоғары» деп жататындарын кездестіріп қаламын. Соны естіп, іштей «жұмысы қиын болмаса, оған неге көп ақша төлейді» деген ойға қаламын. Қазіргі таңда қоғамда жан қинап жұмыс істемей-ақ, көп қаражат табуды қалайтындардың қатары артқан. Олар мол ақша да, атақ даңқ та тек орасан зор еңбектің арқасында келетінін ұмытқандай.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды күтіп-бағып отырған әлеуметтік қызметкер Светлана Переузник ай сайын алатын жалақысына көңілі толатынын айтады. Оның айтарлықтай көп қаражат таппайтыны айдан анық. Сонда да ол зор еңбегімен келетін қаражатқа тоқмейілсіп, отбасының бір қажетіне жететін жеткізді.

Бүгінде еңбек етуден бір жалықпаған Светлана Переузник сүйікті жар, аяулы ана, асыл әже. Күнделікті жұмысынан қолы босаған бетте сүйкімді немересі Муратжанды бір иіскеп, шаршағанын ұмытуға тырысады. Ол алдынан әжелеп жүгіріп шыққан немересін көргенде бәрін ұмытып, оны құшағына қысып, сатып алған тәттілерін ұсынады. Немересі де әжесіне жан теңгермейді. Оны күнде тағатсыздана күтіп отырады.

Міне, қарапайым да еңбекқор жанның шынайы бақыты осында жатса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77