Біздің Қостанай

«Жұмысымнан жалыққан емеспін»

– дейді «Қостанай – су» мекемесінің білікті маманы Юрий Алексеев

Қоғамда «Еңбек адамы» деген ұғым бар. Бұл сөздің астарында үлкен мән мағына жатса керек.
Бүгінде кез-келген жанды еңбек адамы деп атай аламыз ба? Жоқ, әрине. Бір жерде көп жыл табан аудармай қызмет етіп, сол саланың майталманына айналған жандар өте көп емес. Ондай кісілерді біз соңғы жылдары сирек кездестіретін болдық. Белгілі бір мекемелерге хабарласып, сіздерде еңбек адамы бар ма деп сұрасақ, көпке дейін ойласатыны тағы бар.
Бірақ қаламыздағы «Қостанай –су» мекемесінде өз істерін жақсы білетін, мол тәжірибесі бар, нағыз еңбек адамдары өте көп. Олардың көбісі зейнетке шыққан, бірақ орнына адам табылмағаннан кейін, әлі күнге дейін жұмыс істеп жүрген жандар.
Солардың бірі – өз ісінің білгірі, тәжірибелі қызметкер Юрий Алексеев. Ол электр жүйесінің маманы. «Қостанай – су» мекемесінің барлық электр сымдарын бақылап отырған өте білікті жан. Жастайынан жұмыс істеп, кеңес одағы тұсында алғаш еңбек жолын бастаған. Ұзынкөл ауданында дүние келген Юрий Алексеев Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан өз егемендігін алған кезде, ол туған жерімде еңбек етіп, оның дамуына, аяққа тұруына өз үлесімді қосамын деп алдына үлкен мақсат қояды.
Міне, күні бүгінге дейін бір шаршадым демей, еңбек етіп келеді.

– Менің жұмысым электр энергиясымен байланысты. Бүгінде суды осы электр құрылғылармен алып жатырмыз ғой. Электр құрылғылардың көмегімен су бірнеше рет тазартылады. Бір сымның кенеттен істен шығуы үлкен шығын әкеледі. Халықтың белгілі бір уақытқа сусыз қалуына әкеліп соқтырады. Сондықтан мен жұмысымның қандай жауапты екенін білемін. Кей де күн демей, түн демей жұмыста жүремін. Әрине, үлкен жауапкершілікті көтеріп жүруде оңай емес. Зейнетке былтыр шыққан едім. Бірақ болды, мен демаламын деп кетіп қала алмай отырмын. Өйткені, орнымда қалатын адам жоқ. Ал мекемеге менің қызметім қажет. Сондықтан басшылық денсаулығыңыз жараса жұмыс істей берсеңіз қайтеді деді. Жарайды деп келістім.

Қазір біздің мекеменің электр саласы жақсы. Жыл сайын жаңартылып жатыр. Бұл өте қуанышты жағдай. Мен сымдардың тозуына жол бермеу керектігін үнемі айтып, осы жағдайдың алдын алып отырамын. Демалыс күндері де жұмысқа шығатын кездерім болады. Әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан ештеңеге алаңдамай, өз жұмысымды жоғары деңгейде атқарамын.
Бүгінде мекемеге бір жас маман келді. Оған өзімнің білетінімді үйретіп, кәсіби маман болуы үшін үлесімді қосып жатырмын. Ол ақылды да, білімді. Бір көрсеткеніңді бірден қағып алып, өзі жұмыс істей береді. Болашақта денсаулығым сыр беріп жатса , «Қостанай – су» мекемесінің электр саласын осы балаға тапсырып кетемін бе деген ойдамын. Бірақ бізде жалақы көп емес. Менің қазіргі алатын айлығыма жаңа отбасын құрған, кішкентай балалары бар жас мамандар келе бермейді. Өйткені, мұндағы айлық оның шайлығына да жетпейді. Мен сияқты балаларын аяқтандырған, қосымша зейнетақы алатын адамдар болмаса, жастар үшін бұл қаражат өте аз.

Менің жұмысыма берілгендігім сонша, оны аяқ асты қалдырғым келмейді. Жұмыс істей алмай үйде отырып қалсам, менің жұмысымды білікті маман атқарса деймін. Сонда ғана менің жаным жай табатынын білемін. Менің көп жыл қатарынан бір жерде жұмыс істеп алатын айлығым да көп емес. Небәрі 150 000-180 000 теңге, Бірақ мен өз жұмысымды жақсы көремін. Ешқашан жұмысымнан жалыққа емеспін,-дейді Юрий Алексеев.

Өз жұмысына адал, кез-келген сәтті жауапкершілік танытатын еңбекқор жандар келешек жастар үшін үлгі-өнеге болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77