Новости Социум

Жәрмеңкеде азық-түліктің сапасы жоғары, бағасы төмен болды

Онда халық көп жиналды

Шаһарымыздың «Казпошта» ғимаратының алдында ұйымдастырылған ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесінде кең таңдауда азық-түлектер арзан бағада сатылды.

Демалыс күні ұйымдастырылған жәрмеңкеге халық көп жиналды. Олар өздеріне керекті азық-түлік сатылып жатқан дүңгіршектің алдында ұзақ  кезекке тұрып, қалағандарын сатып алып жатты.

Онда көбінесе  сиыр, жылқы, шошқа еттері мен жұмыртқа, сұйық май, сәбіз, пияз, картоп, қияр, қызанақ  сынды азық-түлік түрлері көп сатылды. Тіпті жеміс-жидектердің де бағасы таң қаларлықтай болды.

Мысалға алып қарайтын болсақ, мұнда сұйық майдың 5 литрінің бағасы-1700 теңге яғни бұл қаламыздағы дүкендердің бағасымен салыстырғанда 500 теңгеге арзан екендігін байқаймыз. Сонымен қатар азық-түлік дүкендерде жұмыртқа 250-270 теңге аралығында болса, жәрмеңкеде жұмыртқаның 10 данасы 160-тан сатылды.

Қаланың қақ ортасында ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келді. Мұнда ол тілшілермен тілдесіп, өзінің ойын білдірді. Жәрмеңкеге қойылған ауылшаруашылық тауарларының бағасымен танысты.

Осынау халық көп жиналған жәрмеңкеде не керектің бәрін табуға болады. Жартылай ысталған шұжықтардың да бағасы төмен, көңілге қонымды. Бұл жерге «Корона» макарондық өнімі де өздерінің бұйымдарының кең таңдауын ұсынды. Олардың макарондары мен ұндары қала тұрғындарының тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.

Осы жәрмеңкеде азық-түлік сатып алып жүрген зейнеткер Сауле Жадикованы сөзге тартқанымызда, ол бізге былай деді:

-Міне, осындай халықтың қалтасына оңтайлы келетін азық-түлік жәрмеңкесін жиі ұйымдастырып отырған дұрыс. Мұндағы баға дүкендермен салыстырғанда көп арзан екенін байқадым. Сондықтан үйге керекті азық-түліктерімді алып, қуанып қалдым. Әсіресе, біз секілді зейнеткерлерге шаһарымызда ұйымдастырылатын жәрмеңкенің маңызы зор.

Осылайша қала халқы базардың бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылған азық-түлектерді сатып алып, үйлеріне қуанышпен оралды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77