Новости Образование

Жаңа әліпбиді меңгерту – уақыт талабы

Жаңа әліпбиді оқыту бойынша курстар жүргізілетін болады

 Жуырда «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының тыңдаушылары мемлекеттік тіл, ағылшын тілі және ана тілдерінен аралық емтихан тапсырды. Атап айтар болсақ, облыстық прокуратура, ҰҚК, Полиция департаменті, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Әділет департаменті, «Солтүстік» өңірлік шекара қызметі, Мемлекеттік кірістер департаменті және өзге де облыстық деңгейдегі басқармалар мен департамент қызметкерлері сынақтан сүрінбей өтті.

Тыңдаушылар үшін емтихан сұрақтары тыңдалым, лексика-грамматикалық тапсырма және оқылым сынды үш кезеңнен тұрды. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл курсына қатысып жүрген тыңдаушылардың жаңа әліпбиді меңгеруіне де назар аударылды. Ақпан айында басталған оқыту курстары, енді қыркүйек айынан жалғасып, жыл соңында қорытынды емтихан алынып, тыңдаушыларға сертификат табысталатын болады. Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған 72-сағаттық тренерлерді дайындау курсына орталық мамандары қатысып, өз біліктіліктерін арттыруға зор мүмкіндік алып отыр. Яғни, жаңа әліпбидің емле ережесін жетік меңгерген мамандар дайындау жұмысы да жолға қойылған.

–Орталық жаз айында да оқытуды жалғастыра бермек. 2019 жылдың 24 маусым мен 29 тамыз аралығында «Тілдарын» орталығында департамент, басқарма қызметкерлері үшін, сондай-ақ жеке өтінішпен тіл үйренуге ниет білдірген тұрғындарға да жаңа әліпбиді меңгерту бойынша қысқа мерзімді 24-сағаттық курстарұйымдастырады – дейді орталық басшысы Жұлдызай Ербатырова.

Орталықта 2 медиакласс, әрқайсысы толығымен интерактивтік құралдармен жабдықталған, сонымен бірге орталықтың әдістемелік кабинеттері, оқу-әдістемелік құралдары мен түрлі сала сөздіктеріне бай кітапханасы бар. Жалпы өңірімізде тілдерді оқытуға барлық жағдай жасалған, тек тіл үйренуге деген ынта-жігер болса, жаңа әліпбиді де тез үйреніп меңгеріп кетуге мүмкіншілік мол.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған орталық

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77