Біздің Қостанай

Жаңа оқу жылына дайындық пысықталды

Қаламыздағы №9 орта мектеп келер жылы күрделі жөндеуден өтпек

Жайдарлы жаз өтіп, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалып отыр.
Бүгінде қала мектептерінің жаңа оқу жылына толық дайын болуы қажет. Тамыздың 16-да арнайы құрылған комиссия мүшелері қала мектептерін аралап жаңа оқу жылына дайындығын тексеретін болады.

Осы орайда, біз көп жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған қаламыздағы «КСК» шағын ауданында орналасқан, №9 орта мектепке арнайы барып, директорымен жолығып, білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығымен танысқан болатынбыз.

Бұл мектеп 1986 жылы 1 қыркүйекте алғаш рет бала қабылдап, жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда 950 бала білім алады. 75 ұстаз, 30 қосымша салалар бойынша қызметкерлер жұмыс істей. Осы уақытқа дейін мектепке тек шағын жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келген. Биыл да әктеу, сырлау, мектептің ішін тазарту жұмыстары жасалып, жаңа оқу жылына дайындалған. Күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатын болады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 152 млн теңге бөлінуі қажет. Қажетті жөндеу жұмыстарының сметалық жобасы толық дайын, қажетті орындарға тапсырылған.

– Бұл Қостанай қаласындағы ескі білім ордаларының бірі. Осы уақытқа дейін тек шағын жөндеу жұмыстары жасалып келді. Мен мұнда 2009 жылдан бері директор қызметін атқарып келемін. Педагогтарымыз білікті де тәжірибелі жандар. Таза қазақ тілінде білім береміз. Әрине, мектеп ескі болғандықтан терезелерін ауыстыру қажет. Әлі күнге дейін ағаш терезелер тұр. Сонымен қатар ғимараттың төбесін де жөндеуді қажет. Әрине, бір жыл оқып шығуға жарайды. Келесі жылы міндетті түрде күрделі жөндеу жұмыстары жасалатын болады.

Қазіргі таңда мектептің ішіндегі жиһаздарды парта, үстел, шкафтарды жуып тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Шынын айтқанда, мектептің жиһаздары да ескерген. Күрделі жөндеумен қоса білім ордасының парта, үстелдері, орындықтары, жалпы жиһазы жаңарып қалады деген ойдамыз.

Сонымен қатар бізде екі мектеп алды даярлық сыныбы бар. Оған 50 бала келеді деп күтіп отырмыз. Сондай-ақ соңғы 2 жылға дейін 1-ші сыныпқа 100 баладан қабылдап жүр едік. Енді міне, биыл 1 сынып кеміп қалды. Мұның себебі, соңғы жылдары «Аэропорт», «Юбилейный» шағын аудандарында да қазақ тілінде оқытатын мектептердің ашылуы деп ойлаймын. Биыл 1-ші сыныпқа келетін балалар саны өте көп емес. Алдағы жылы мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа кейіпке енетініне сеніміміз мол,-дейді №9 орта мектебінің директоры Асемхан Молдахаликов.

Әзірше бұл мектепте шағын ғана жөндеу жұмыстары жасалған. Балалардың ештеңеге алаңдамай білім алуларына жағдай бар. Тек келесі жылы ғана білім ордасының шәкірттері жаңартылған мектепте оқи алады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77