«Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесі таныстырылды
ҚР Ұлттық музейінде ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесері өтті. Жиын барысында, «Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесі таныстырылып, «Үміт еткен көзімнің нұры балам…» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова қазақтың аса көрнекті ағартушысы, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің Қазақстандағы халық ағарту ісі тарихында өлшеусіз еңбегін тілге тиек етті.
Ол ағартушы есімін ұлықтауға арналған іс шаралардың әлі де жалғасын таба беретіні жайлы айтып өтті.
– Шара Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына байланысты ұйымдастырылған . Бұл – әрине бастамасы. Жалпы, оның отандық білімнің дамуына қосқан үлесі, ел тарихындағы орны әлі де жеткілікті зерттелмеді, бағаланбай келеді деп ойлаймын. Ұлттың ұлы ұстазы атанған адамды қалай ұлықтаса да, артық етпейді. Мен 30 жыл бойы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын зерттедім, 13 кітап шығардым. Әр кітап шыққанда тағы бір жаңалықтарды тауып аламын. Бүгінгі «Ыбырай жолы» кітабы 800 беттен, 6 тараудан тұрады. Мемлекеттік архивтен бастап, Омбы, Мәскеу, Қазан, Ыбырай оқыған Орынбор арихвтерінен алынған тың мәліметтер енгізілген. Бұл еңбек сонысымен құнды. Мысалы, Ыбырайдың Сәтемір хан деген әңгімесі бар. Сол Сәтемір хан сұрастыра келе, Ақсақ Темір болып шықты. Ханның көп кезіге бермейтін есімін білгені де – Ыбырайдың данышпандығы, – дейді зерттеуші Серікбай Оспанов.
Зерттеуші тың мәліметтерді алға тартып, көп мәселенің басын шалды.
Серібай ағайдың айтуынша, қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған Алтынсариннің энциклопедиясы әлі шықпаған.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы делінетін Ы. Алтынсариннің аты Қазақстан Жазушылар одағы шығарған анықтамалықта да жоқ екен.
Шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік және саяси қайраткерлер, әдебиеттанушы ғалымдар, тарихшылар, ыбырайтанушылар қатысты.
Қостанайдан Нұр-Сұлтанға арнайы апарылған көшпелі көрмеге музей қорындағы бірегей жәдігерлер мен құнды құжаттар, фотосуреттер қойылды.
– Бұл – екі музейдің бірлескен іс-шарасы. «Даланың дара ұстазы» көшпелі көрмесінде мұражай қорындағы бірегей құнды жәдігерлер қойылған. Атап айтқанда, мемориалдық класс (ХХІ ғасырдағы мектеп үлгісі), «Шариғатул-ислам» кітабының түпнұсқасы, Ы.Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқап, жазу құралы, Ы.Алтынсариннің ас ішкен ағаш табағы мен қымыз ішкен тостағаны (немересі Нағима апа табыстаған), Торғайда 1864 жылы ашқан тұңғыш қазақ орта мектебінің саман кірпіші, 1884 жылғы Қостанайдағы Ыбырай мектебінің кірпіші, ағартушы ашқан мектептердің картасы мен макеттері бар, – дейді Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов.
Айта кету керек, бұл шаралар ҚР мәдениет және спорт министірлігі мен Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77