Біздің Қостанай

Жабай әулие және киелі кесене

Оған республикамыздан қандастарымыз судай ағылып жатады


Халық ардақ тұтады

Менің жастық шағым қазіргі Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының Дербісек деп аталатын киелі ауылында өтті. Бұл елді-мекен шырайлы Шымкент шаһарынан 90 шақырымдай жерде жатыр.

Аталмыш ауылда негізінен өзіміздің қандастарымыз тұрады. Осындағы мектеп-интернатта жатып оқыдым. Әкем Отынбай ұзақ жылдар бойы колхоздың қойын бақты.

Ол ашық-жарқын мінезді азамат еді. Интернаттан үйге демалысқа келген кездерімде біздің шыққан тегімізді айтудан ешбір жалықпайтын. Сол кездері бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Жабай тоқсаба әулие жайлы жиі айтатын.

Әсіресе, ардақты тұлға Жабай атамыздың батырлығы, даналығы және басқа да қасиеттері жайлы сөз еткенде кәдімгідей аузымызды ашып тыңдап қалатынбыз.

Әрине, ол кезде баламыз. Көп жайдың мән-мағынасына тереңдей бермейді екенбіз. Кейін ержеттік, есейдік. Бұл күндері жоғары білімді, үйлі-баранды азаматтар қатарындамыз.

Жылдар өткен соң Қостанайдан ауылға жиі баратын болдық. Кіндік қаным тамған өңірге атбасын тіреген кезімде бұл күндері арамызда жоқ, бірақ көп жылдар бойы имам болып қызмет атқарған, жаны жайсаң Асан Оразбақов ағамыз Жабай ата жайлы әңгімелеп, оның ұрпағы екенімізді есімізге салып тұратын.

Есіме әкемнің студент кезімде: «Қарағым, жадыңда болсын. Жабай атаңның ерекше адам екенін әлі түсінесің. Сол кезде оның денесі жуылған «Әлімтау» кеңшарының маңындағы кесенесіне барып тағзым ет.

Балаларыңды да өзіңмен ертіп барып, көрсет. Олар да ұлы аталарын үнемі есінде сақтасын» дейтін.
Сол күндерге де жеттік. Бірде ауылға жолым түскенде жоғарыда аталған Асан көкемді ертіп алып, жеңіл көлікпен Жабай атаның кесенесіне келдік. Сонда бір күн түнедік.

Бұл кесене биік төбенің басында орналасқан екен. Күн қаншалықты ыстық болса да, кешқұрым салқын самал есіп тұрады. Біз барғанда күн бейсенбі болатын. Мұнда атамызды ардақ тұтқан әрі оның аруағына сыйынған халық еліміздің түкпір-түкпірінен жол шалғайлығына қарамастан арнайы ат басын бұратындығына көзім айқын жеткен -ді.

Олардың арасынан республикамыздың барлық өңірлерінен келген ағайындарды да көріп қалдық. Бәрі де Жабай ата хақында басылымдардан оқып, игі ниетпен демалысын алып келіпті.
Сол жолы отбасымызбен арнайы әкелген қойымызды сойғызып, өзге де жан-жақтан жиналған қауымға тараттық. Шырақшы атамыз Құран оқыды.

Оның әулиелік қасиеттері

Жылдар өткен сайын қасиетті Жабай атамыз туралы танымым да кеңейе түсті. Ол туралы жазылған кітаптарды қолға түсіріп, үш ұлыма да оқыттым.

Балаларым да қандай бір жарқын істі бастамасын аталарының аруағына сыйынып отырады. Мен үйдегі кітапханамның сөресіндегі әулетіміз үшін үлкен қазына болып табылатын Ерген Айтбаевтың «Жабай тоқсаба әулие», Еркебай Бүрлібайұлының «Жабай белгісінің кереметтері„ және сонау бір жылдары Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған ардақты курстасым Нұрғали Ораз баспаға дайындаған аса мазмұнды кітапшаны да ерекше бағалаймын.

Сонымен қатар қазақ еліне жақсы таныс дарынды ақын Әмзе Қалмырзаұлының «Теберік дүние», Шымкент шаһарындағы «Замана» баспасынан жарық көрген «Зиярат қабыл болсын!» деген рухани жағынан жандүниеңді байыта түсетін аса тағылымды дүниелерді де бірнеше рет қайталап оқып шықтым.

Шынымды айтсам, әлемге танымал тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында қасиетті де киелі орын саналатын зиярат нысандары тізіміне Жабай тоқсаба әулие кесенесінің енгенін естігенде ерекше қуандым.
Өйткені, Жабай атамыз қандай құрметке де әбден лайықты. Ол кісі көзі тірі кезінде ұрпақтарына: «Менің барлық бойымдағы асыл қасиеттерім денем жуылған жерде қалады» деп айтып отырады екен.

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, ұлы әулиенің мәйіті Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласындағы Көкше деген жерге жерленіпті. Бұл да болса ол кісінің халық арасында үлкен бедел мен абыройға ие болғандығын дәлелдеп тұрған жоқ па?

Ал енді қолымыздағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, Жабай Қазыбекұлы 18 ғасырдың бас жағында тіршілік кешкені де көпке мәлім. Өзі 1643 жылы туылып, 1725 жылы бақилық болған деседі. Бойындағы кейінгі ұрпақ өздеріне ғибрат тұтып, өнеге етер қырларына келетін болсақ, ол кезінде ел билеген кемеңгер, қаһармандығы әрі батырлығымен елін жаудан қорғаған батыр еді.

Ол туралы басқа да деректер мен дәйектер аз емес. Оларда Жабай тоқсаба әулиенің таңғажайып қасиеттері мен кереметтері баяндалады. Бұл дүниелерді тек оның ұрпақтары ғана емес, барша исі қазақ оқып, таным көкжиегін кеңейтіп отырса артық болмайды.

Жақсының жақсылығын айт

Қазір арамызда кәсіпкер жігіттер аз емес. Бірақ олардың бәрі бірдей ата-бабаларының рухына тағзым етіп, есімдерін ұлықтап жатқан жоқ.

Өткен жылы қазан айында Жабай атамыздың Қостанайдан 2000-ға жуық шақырымдай жерде жатқан кесенесіне тағы да жолым түсті.

Жеңіл көлікке екі ара түкте емес. Тас жолмен зырылдап отырып, сонау бір жылдары балалық шағымыз өткен Дарбаза ауылына жеткен соң жоғары қарай бұрылдық.

Ар жағы онша алыс емес. Осы арада мен Дарбаза елді-мекенін босқа ауызға алып отырған жоқпын. Себебі, әкем Отынбай біз есімізді енді жиып келе жатқан бала кезімізде осы киелі қоныста жергілікті халықтың малын бақты. Сондағы мектепке барып, әліппеннің бетін ашқаным, жадымда әлі күнге дейін сақталып қалыпты.

Кәдімгі шыбықты ат қылып мініп, көше-көшені бойлап жүгіретін алаңсыз балғын шақ-ай десеңізші. Қазір осы ауылда ардақты бабамыз Жабайдың есімі берілген көше де бар екен.

Сонымен «Әлімтау» деп аталатын қасиетті орынға айналған елді-мекенге де келіп қалдық. Сонадайдан Жабай тоқсаба әулиенің кесенесі де көзімізге көрінді.

Ерекше риза болғанымыз, әлгі қасиетті жерге дейін асфальт жол төселіп, келгенге де, кеткенге де қолайлы жағдай туғызылыпты. Мұның алдында болған бір сапарымызда тек қиыршық тастар ғана болатын.

Қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылған үлкен өзгерісті көріп, менің жанымдағы кісілер де таң қалысты. Жақындаған сайын одан басқа да игі жаңалықтарды көріп, атамыздың ұрпақтарының бабаларына деген ерекше жанашырлығын, іскерлігін айқын сезіндік.

Мұндағы тұрғызылған қонақ үйлер, демалуға қолайлы бөлмелер, орындықтар, мал соятын орындар бірден назарыңды аударады. Толық сән-салтанаты келіскен кешенге айналған. Су да тартылған. Қысқасы, келген адам зиярат етіп, алаңсыз болуына барлық мүмкіндіктер туғызылған.

Сонау Солтүстік өңірде жатқан Қостанай қаласынан арнайы келгендіктен шырақшы ақсақалмен де танысып, жағдайды білістік. Ол кісінің зайыбы да иман жүзді кісі болып шықты.

Атамыз Құран оқып, бұл жердегі соңғы атқарылған шаруаларға жан-жақты тоқталды. Бабамыздың кесенесіне барып, тағзым еттік. Сондағы көргеніміз бен түйгеніміз біздің есімізде мәңгілік сақталып қалды.

«Жақысының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар емес пе. Осындай аталары Жабай әулиенің есімін ұлықтап, заманауи кешенді тұрғызған белгілі кәсіпкер, жүзінен үнемі нұры төгіліп тұратын Талғат Ергенұлы Айтбаев пен Сәкен Жарқынбекұлы Тойлыбаевтар екендігін естігенде жігіттердің парасатты да иманды ел қамын ойлайтын нағыз азаматтар болып қалыптасқандығына төбем көкке бір елі жетпей қалды.

Әкеге қарап, ұл өсер

Әкем Отынбай Дарбазалық Махатбай атамды ерекше жақсы көретін. Өйткені, жас кезімізде оларға жақын жерде тұрдық. Ағайын-туыс болған соң жиі араласатынбыз.

Махатбай атам шын мәнінде абыз ақсақал еді. Айналасындағыларға қолынан келсе тек ғана жақсылық жасауға тырысатын. Қолындағы барымен бөлісетін. Оның осындай қасиеттері ұрпақтарына да жұққандығы айдан анық.

Осы ардақты кісінің бір ұлы Ерген ағамызды бәріміз де мақтаныш еттік. Өйткені, ол есімі Қазақстанға белгілі ұлағатты ұстаз болды. Талай жастардың өмірден өз орындарын табуына барын салды.

Мақтаулы мұғалім ғана болып қойған жоқ, ерекше қасиетімен дараланды.

Ол кісі дүние қуған жоқ. Атақ-мансапқа да қызықпады. Бар байлығым ұл мен қыздарым деп есептеді. Осы перзенттерінің арасынан ғылым докторлары мен кандидаттары, басқа да елінің жарқын болашағын ойлайтын тұлғалар шықты.

Жоғарыда есімі айрықша құрметпен ауызға алынған Талғат інімізбен де кездесудің сәті түсті. Сұхбаттасымның болашағынан үлкен үміт күттіретін тәуелсіз елдің патриоты екендігін ұқтым. Ерген ағамызға перзенттерінің бәрі бірдей болғандығы белгілі. Бірақ осы Талғаты көкеме өте жақын еді. Кәсіпкерлікке деген бейімділігі де ерте байқалды.

Сондықтан бұл күндері туған жерін түлетуге, Жабай әулие атасын ардақтауға айрықша көңіл бөліп келеді. Бабасы да оны желеп-жебеп жатқан болар, жұртшылық арасында беделі өте жоғары.

Талғат ініміз бүгін сөз етіп отырған Жабай тоқсаба әулие жайлы арнайы деректі фильмді түсіруге де тікелей мұрындық болды. Оны көрген адам көп жайға көзі жетіп, ұлы тұлғаның кезінде бүгінгі жарқын заманымыз үшін қаншалықты тер төккенін түсінеді.

Ерген ағамыздың жан-жары Майра апамыз да ұл мен қыздарының бақытына бөленіп, солардың қызығын көріп отыр. Олар мереке күндері жан-жақтан жиналған кезде ерекше жоғары көңіл-күй мен қуанышты салтанатты бастан кешеді.

Талғат ініммен қатар Жабай әулиенің мәртебесін асырып, оның нағыз қолдаушысы болып отырған әулеттің бірі – ардақты да ұлағатты ұстаз Жарқынбек Тойлыбаев пен Құдай қосқан қосағы Манаптың балалары дер едік.

Осы киелі шаңырақтың ұлдары мен қыздары да саналы болып өсті. Отағасы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті басқарып тұрған кезінде дүниеге келген перзентінің есімін ұлы ақынның құрметіне Сәкен деп қойған еді.

Сол Сәкен де мектепті үздік аяқтады. Өз қатарының алды болды. Алматыда жоғары білім алып, ол да Талғат бауырымыз секілді қабілетін ел мойындаған кәсіпкерге айналды.

Елбасының қолынан «Алтын сапа» белгісін алды. Бұл да болса бәріміз үшін де үлкен мақтаныш. Жарқынбек аға мен Манап апамыздың өзге ұлдары да таңдаған саласының білікті мамандары.

Міне, қолымдағы Ерген Айтбаевтың «Жабай тоқсаба әулие» деп аталатын кітабының сырты да әсем безендірілген. Ішкі мазмұны да терең. Ондағы мақалалар мен тағылымды дүниелерді оқып, жандүниең түлеп қалады.

Жалпы, өзім қаламгер болған соң қазіргі таңда баспадан кітап шығару да оңай емес екендігін білемін. Бұл танымдық-тағылымдық еңбекке Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, дарынды әріптесіміз Шойбек Орынбай мен тіл маманы Гүлзәкира Назарбекованың да қосқан үлесі ерекше екендігін айтып өткенді өзіме парыз санаймын.

Жабай әулиенің кесенесі бүкіл елімізге белгілі. Оған күллі республикадан қандастарымыз бейсенбі күндері судай ағылып жатады.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77