Культура Новости

Жарайсыңдар жерлестер

«Алтынай» абыроймен оралды

Алматы қаласында өткен халықаралық «Күншуақ» фестиваль байқауында біздің жерлестеріміздің мерейі үстем болып оралды

Облыстық балалар шығармашылығы мектебінің «Алтынай» халықтық би ансамблі аталған би додасынан екі аталым бойынша қос бірдей бас жүлдені жеңіп алды. Ансамбльдің құрамында 3 және 4 сынып оқушылары өнер көрсетеді.

Салтанат Нұрымова жетекшілік ететін шығармашылық ұжым Қостанайға Алматыдан келіп түсті. Жеңімпаздарды пойыз басынан қарсы алуға өнерпаздардың ата-аналары, туыстары барды.

– Жоғары деңгейдегі байқауда жүзден астам өнер ұжымы сынға түсті. Тартысты додада біздің кішкентай қыздарымыз мықты екендерін дәлелдеп шығып отыр. Алдағы маусым айының ортасында Бурабай курортында, ал шілде айында Сочи қаласында өтетін халықаралық би байқауына бармақшымыз. Сол өнер додасында да қыздарымның жетістігі зор болады деген сенімдемін, – деді ансамбль жетекшісі Салтанат Нұрымова.

Биыл хореографиялық ансамбльдің құрылғанына 16 жыл толғанын айта кеткен жөн. Осы жыл ішінде шыққан биігі, алған саулары аз емес. Бұған дейін де Сочиде өткен халықаралық өнер байқауында әлемнің бірнеше елінен келген бишілерден басым түсіп, жүлделі орындарды иемденген.

Сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі «Күншуақ», «Звездный танец», «Танцевальная волна», «Тәңір күбірі», «Volnafest Sochi» байқауларына қатысып, өнерлерін танытып жүр. Бүгінде ансамбль репертуарында 50-ден астам билер мен би қойылымдары бар.

Алғаш өнерге қадам басқан жылдары ұжымда 15 бала ғана болды, қазір олардың саны 200-ден асып жығылады. Ұжымның репертуарында «Қарлығаш», «Водопад», «Гномики», «Малайзия», «Жайдарман», «Хорезм», «Тундра», «Армян биі», «Үкілi домбыра», «Осетинская хонга», «Гүл шуағы», «Аққу-арай», «Томирис», «Кербез қыз» және басқа да қойылымдары бар.

Ал ансамбльдің бүгінгі күні қол жеткізген биіктеріне Салтанат Нұрымованың еңбегі зор.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77