Біздің Қостанай Социум

Жарнамалардағы қазақ тілінің мәртебесі: оған қойылатын талап пен тәртіп қандай?

Көшедегі маңдайшалар мен дүкен атауларында, жарнамаларда мемлекеттік тілдегі жазулардың сапасы соңғы жылдары айтарлықтай жақсарып келеді. Бұрын көз сүрінетін өрескел қателер азайып, кәсіпкерлердің тілдік сауаттылыққа деген жауапкершілігі арта түскені байқалады.

Дегенмен, әлі де болса кейбір жарнамаларда сөздердің орынсыз қолданылуы, орыс тілінен тікелей аударылған сәтсіз тіркестер немесе мүлде қазақша нұсқасының болмауы сияқты олқылықтар кездеседі.

Мәселен, көп жағдайда мәтіннің мазмұнына терең мән берілмей, орыс тіліндегі нұсқасы сол күйінде калька тәсілімен аударылады. Мұндайда жарнаманың мағынасы бұрмаланып, тұтынушыға түсініксіз немесе күлкілі болып шығуы мүмкін. Ал кейбір кәсіп иелері мемлекеттік тілдегі мәтінді мүлде қолданбай, тек орыс немесе басқа тілдермен шектеліп жатады.

Тілдің де өз маманы бар

Осы орайда, көшедегі жарнама тілін реттейтін заңнамалық талаптар бар екенін атап өткен жөн. «Қазақстан Республикасының тіл туралы» ҚР заңына сәйкес, көрнекі ақпарат (маңдайшалар, жарнамалар, хабарландырулар) алдымен мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде берілуі тиіс. Қажет болған жағдайда басқа тілдердегі нұсқасы қазақ тіліндегі мәтіннен кейін орналасуы керек және мазмұны жағынан дәлме-дәл болуы шарт. Сонымен қатар, «Жарнама туралы» заңда да жарнаманың мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын талаптар нақты көрсетілген.

Жарнама мәтіндерін сауатты әрі дұрыс рәсімдеу үшін арнайы бақылаушы және кеңес беруші мекемелер де бар. Әдетте, өңірлерде тілдерді дамыту басқармалары, ономастика бөлімдері немесе арнайы мониторинг топтары жұмыс істейді. Олар кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда қателерді түзетуге бағыт береді.

«Кәсіпкерлер көбіне кәсіби аудармашыларға ақшасын қимайтын шығар. Біз кәсіп иелеріне тілдік норма талаптарын жан-жақты түсіндіреміз. Кез-келген қазақ тілін білетін адам аудармашы бола алмайтынын және жарнама мәтіндерін арнайы аударма орталықтарындағы мамандарға жүгініп, жасатуларын назарларына саламыз. Сонымен қатар, ғаламтор желідегі бұқара қауымға арналған ақпараттық құрал «Termincom.kz» ғылым, білім, техника мен экономика, қоғамдық–әлеуметтік өмірдегі термин сөздердің бірыңғайреспубликалық терминологиялық электронды базасымен жұмыс жасауды түсіндіреміз», – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қарлығаш Мадиярова.

Хабарландыру немесе жарнама мәтінін дайындау кезінде кәсіпкерлерге кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Атап айтар болсақ, тіл мамандарына (филологтар, аудармашылар), жергілікті тілдерді дамыту бөлімдеріне, жарнама агенттіктеріндегі редакторларға. Бұл тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар компанияның имиджіне де оң әсер етеді. Сауатты, түсінікті әрі көркем жазылған жарнама тұтынушының сенімін арттырып, қызмет немесе тауарға деген қызығушылығын күшейтеді.

Талап пен заң не дейді?

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚР Заңының 21 бабына сәйкес «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс».

Осы талаптардың орындалуын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 75-ші бабында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығаруға жергілікті атқарушы орган, оның тілдерді дамыту саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі құқылы. Қостанай қаласында «Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» өкілеттілігіне жатады.
Бастапқыда қазақ тілінде жазылса…

Жарнама көбіне алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін қазақ тіліне аударылады. Негізі бұл үдеріс керісінше болуы тиіс. Қазіргі жасанды интеллект дамыған заманда көпшілік түрлі онлайн құралдарға, соның ішінде автоматты аударма жүйелеріне жүгінетіні жасырын емес. Алайда олардың мүмкіндігі шексіз емес, кейде мәтіннің мағынасы дәл берілмей, тілдік нормалар сақталмай жатады.

Мәселенің түп-төркіні де осында.

«Қазақ тілі жарнамада кейде формалды түрде ғана қолданылатын жағдайлар кездеседі. Оның басты себептерінің бірі мәтіннің әуелі орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаға аударылуы. Ал шын мәнінде, жарнама мәтіні бастапқыдан қазақ тілінде жазылса, мұндай қателіктерге жол берілмес еді», – дейді Қарлығаш Мадиярова.

Маманның айтуынша, бұл мәселені шешудің бір жолы кәсіпкерлер мен жарнама әзірлеушілердің тілге деген жауапкершілігін арттыру. Яғни мәтінді жай ғана аударып қоймай, оның мазмұнына, стильдік ерекшелігіне, тұтынушыға әсер ету тетіктеріне мән беру қажет. Сонымен қатар, кәсіби тіл мамандары мен редакторлардың қызметіне жүгіну де маңызды.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің жарнама саласындағы үлесін арттыру үшін түсіндіру жұмыстары мен әдістемелік қолдау жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Арнайы мониторинг топтары мен уәкілетті мекемелер тарапынан бақылау күшейтілсе, жарнама мәтіндерінің сапасы да біртіндеп жақсара түсері анық.

Жарнаманың латын қарпінде жазылуы қаншалықты дұрыс?

Жарнаманың латын қарпінде жазылуы бүгінде қоғамда жиі талқыланып жүрген өзекті мәселелердің бірі. Расында да, көшедегі маңдайшалар мен жарнама атауларының бірқатары латын графикасында жазылып жүргенін байқаймыз. Алайда бұл үрдістің заңдылық тұрғысынан қаншалықты дұрыс екеніне назар аудару маңызды.

«Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылы латын әліпбиі негізінде қазақ алфавиті бекітілген болатын. Сол кезден бастап қоғам пікірі ескеріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында ашық талқылаулар жүргізілді. Ұсынылған әліпби жобалары мен жекелеген әріптердің қолданылуына қатысты пікірлер Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобы тарапынан ғылыми тұрғыда зерделенді. Бұл ретте қазақ тілінің табиғи заңдылықтары, халықаралық тәжірибе, әріптердің Unicode стандартына сәйкестігі, компьютерде танылуы, оқылуы, пернетақтаға ыңғайлы орналастырылуы және конвертация мәселелері басты назарда болды. Дегенмен, қазіргі таңда әліпбиді жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдардың көрнекі ақпаратын, мекеме атауларын және өзге де жазбаларды толықтай латын графикасына көшіру жұмыстары уақытша тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстармен тіл мамандары мен лингвист-ғалымдар айналысып жатыр», – дейді бас маман.

Маманның айтуынша, осыған байланысты жарнама мәтіндерін жаппай латын қарпінде жазу әзірге ерте. Себебі бекітілген бірыңғай, түпкілікті әліпби нұсқасы мен емле ережелері толық қолданысқа енген жоқ. Сондықтан мұндай жазулар кей жағдайда түсініспеушілік тудырып, тілдік бірізділікті бұзуы мүмкін.

Жалпы, қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көрнекі ақпарат ең алдымен мемлекеттік тілде, яғни кирилл қарпіндегі қазақ тілінде дұрыс әрі сауатты жазылуы тиіс. Латын графикасын қолдану қате емес, алайда ол қосымша элемент ретінде, сәндік немесе брендтік мақсатта ғана қолданылғаны жөн.

Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы болғанымен, бұл үдеріс кезең-кезеңімен, ғылыми негізде және ресми түрде жүзеге асырылуы қажет. Ал оған дейін жарнама мәтіндерінде тілдік нормалар мен заң талаптарын сақтау басты міндет болып қала береді.

Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді қалалық мәдениет бөлімі ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77