Оқу орнының химия кафедрасының ашылғанына 50 жыл толды
Мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеушілігіне байланысты 1968-1969 оқу жылдары «Биология» мамандығы «Биология с дополнительной специальностью химия» болып өзгеріп, нәтижесінде «Химия» кафедрасы ашылды.
Кафедра меңгерушілігіне доцент Аркадий Михайлович Куришко тағайындалды. Сөйтіп, оқу процесін ұйымдастыруға химия ғылымдарының кандидаттары А. Куришко, А. Нихамкина, аға оқытушы Л. Чертихина, Л. Слепцова және оқытушылар Л. Белоусова, Н. Пестовская елеулі үлестерін қосты.
Содан кейін кафедра меңгерушілігінің міндетін әрі қарай 1969 жылғы 17-ші қаңтардан 24-ші желтоқсанға дейін 1949 жылы Львов мемлекеттік университетін бітірген ұзақ жылдар бойы мектепте мұғалім, директорлық қызметтерді абыроймен атқарған, тәжірибесі мол, 1962 жылдан осы институтта жұмыс істеген Людмила Слепцова атқарды.
Жаңа ашылған кафедраның оқу процесін жандандыру, тиісті деңгейге дейін қалыптастыру, зертханаларды дайындау, құрал-жабдық, реактивтерді, қажетті әдебиеттермен қамтамасыз етуде іскерлік танытты.
Бұл қасиеттердің бәрі оның бойынан табылды және студенттердің психологиясын жете түсінетін білікті жан аталмыш кафедраның негізін қалауға белсене атсалысты.
Ол органикалық химия, биохимия пәндерін жүргізді. Ол кісіден тиянақты білім алған шәкірттері аса бір мақтанышпен еске алады.
Бір өкініштісі, Л.Слепцова кафедраның ашылғанына 50 жыл толуына аз уақыт қалғанда яғни 2017 жылдың қараша айында дүниеден өтті. Бұл аяулы жан М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне білімін жоғарылату факультетіне 1969 жылы желтоқсанда кетуіне байланысты кафедраны педагогика ғылымдарының кандидаты Н. Кудрявцева басқарды.
Ал 1970 жылы техника ғылымдарының кандидаты А. Кузнецов байқау бойынша кафедра меңгерушілігіне қабылданды. Химтехнология пәнінен дәріс беріп, өндірістік тәжірибенің жетекшісі болды.
Өз саласының білгірі «Водные ресурсы страны и охрана их от загрязнений» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Келесі жылы қыркүйекте Орал пединститутының түлегі 16 жыл мектепте химия пәнінің мұғалімі, директор болып қызмет атқарған М. Сағымбаев химия кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарды.
Факультеттің партия ұйымының хатшысы, кәсіп одақ бюросының басшысы болды, химияны оқыту әдістемесінен сабақ берді, 1981 жылы зейнеткерлікке шықты.
1973 жылы институтқа Еңбек Қызыл Ту орденді С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертация қорғаған Зауреш Утина қызметке орналасты.
Қазақтың іскер қызы 1975 жылдан бастап кафедра жұмысына жаңа леп алып келді. Бұл уақытта кафедраның материалдық базасы нығайып, ұжым біршама қалыптасып қалған болатын.
Химия ғылымдарының кандидаттары Н.Кудрявцева, Қ.Ханапин, З.Утина, М.Усманова, аға оқытушы Л.Слепцова, Л.Чертихина, М.Сағымбаев және Томск мемлекеттік университетінің түлегі, оқытушы В.Важев жұмыс істеді.
Зәуреш Утина 2008 жылға дейін 35 жыл осы кафедраны абыроймен басқарып, көп еңбек сіңірді. Оның басым көпшілігінде кафедраға жетекшілік етті.
Сонымен қатар 1985-1988 жылдар аралығында декан болды. Қазір құрметті демалыста. Осы өткен кезеңде химия мамандығын жетілдіруге айырықша көңіл бөлген З.Утина В.Важевті, Қ.Абдыкаликованы Мәскеу, Алматыдағы аспирантураға жіберіп, соның нәтижесінде екеуі де химия ғылымдарының кандидаттары атанды.
Ал сырттай аспирантурада Д.Ахметова мен Н. Важева оқыды. Д.Ахметованың эксперименттік жұмысы З.Утинаның жетекшілігімен осы институт қабырғасында жүзеге асырылды.
Химия кафедрасы жұмысының одан әрі дамуына қомақты үлес қосқан профессор З.Утина «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атақтарына ие болды және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Химия ғылымдарының кандидаты, профессор Қартай Ханапин 1974-2008 жылдар аралығында декандық, проректорлық қызметтер атқарды. Ол «СССР халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ыбырай Алтынсарин медалін кеудесіне тақты.
Владимир Важев 1971 жылдан бастап қызмет атқарды. Ол оқу процесіне компьютерлік химияның негіздерін енгізді, 2006 жылы докторлық диссертациясын қорғады, 2009 жылы «Қазақстан республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды, физикалық химия, зерттеудің физикалық әдістері пәндерін жүргізді.
Наталия Веняминовна Важева Томск мемлекеттік университетін 1971 жылы бітіріп, 1972 жылдан еңбек өтілін аға лаборанттықтан бастап, кафедра меңгерушісі, декандық қызметтер атқарды. Жоғары оқу орындарында биохимия пәнін оқыту әдістемесі бойынша 1994 жылы кандидаттық диссертация қорғады, 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Биохимия, биохимия спорта, анализ пищевых продуктов пәндерін жүргізеді, ҚМПУ-дің қауымдастық профессоры.
Қалимаш Абдықалықова С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетінің 1972 жылғы түлегі. Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде 1977 жылдан қызмет атқарады. Өзінің тынымсыз ізденісінің арқасында 1989 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, кафедра меңгерушісі, содан кейін декандық беделді жұмыста болды.
Доценттік дәрежеге қол жеткізді. Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі жоғары табыстары үшін 2017 жылы Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды. Органикалық химия, аналитикалық химия, фитохимиялық зерттеу әдістері секілді пәндерден сабақ береді. Университеттің профессоры атанды.
Наталья Снеговских Томск мемлекеттік университетін 1971 жылы тәмәмдады. Химия ғылымдарының кандидаты 1987-2004 жылдар аралығында осы кафедрада қызмет атқарды. Университеттің әдістемелік комиссиясының мүшесі болды. Сонымен қатар мектеп оқушыларын олимпиадаға дайындаумен белсене айналысты. Оның шәкірттері облыстық, республикалық, әлемдік деңгейлердегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Білікті маман зат құрылысы, химиялық технология пәндерін жүргізді.
Ал Виктория Жалкевич өзіміздің университеттің 1971 жылғы биология-химия факультетінің түлегі. Өзі 1971-1986 жылдары мектепте химия пәнінің мұғалімі. 1986-2004 жылдар аралығында өзі оқыған оқу орнында «химияны оқыту әдістемесі» пәнінен дәріс берді. Ол білікті әдіскер, кафедра доценттігіне дейін жоғарылатылды. Қазір бейнеттің зейнетін көріп отыр.
Әріптестері ерекше құрмет тұтатын Рсалды Жарқымбайқызы Шакеева 1982 жылы осы институттың биология-химия факультетін ойдағыдай аяқтап, 1990 жылға дейін мектепте бай тәжірибе жинақтады.
1990 жылдан бастап химияны оқыту әдістемесі пәнінен сабақ берді, оқытушылықтан кафедра доценттігіне дейін жоғарылап, институттың 75 жылдығында жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі сіңірген еңбектері үшін медальмен марапатталды.
Зейнеткерлікке бірнеше күн қалғанда, созылмалы аурудан 2016 жылы қараша айында дүниеден озды. Асыл адам кафедраның 40-жылдығына орай, 2008 жылы біраз құнды материалдарды жинақтау кезінде іскерлік қырларымен көзге түсті.
Людмила Пак Свердлов университетін тәмәмдаған. Химия ғылымдарының кандидаты, 1985-1995 жылдар аралығында органикалық химия пәнінен дәріс оқыды.
Қазіргі кезге дейін 1939 жылы негізі қаланған жоғары оқу орнының аты да бірнеше рет өзгергені белгілі. Осыған орай факультет, кафедра, мамандық атаулары жаңарғаны ешкімнен жасырын емес. Қазіргі уақытта кафедра «Жаратылыстану ғылымдары» деп аталғанымен 1968 жылы ашылған «Химия» кафедрасына 50 жыл толып отыр.
Жалпы, химия эксперименттік ғылым болғандықтан лабораториялық жұмыстарды керекті деңгейде осы өткен жарты ғасыр ішінде лаборанттар Н. Доценко, А. Чумаченко, лаборатория меңгерушісі А. Абілованың еңбектері зор. Қазір А.Абілова құрметті демалыста. Лаборатория меңгерушілігін кейін Г.Оразымбетова, Г.Оспановалар абыроймен атқарды.
Өткен кезеңдерге тереңірек үңілсек, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне өмірін арнаған, химия ғылымдарының докторы, профессор Лидия Кадушкина өзінің еңбек жолын 1939 жылы осы оқу орнының екі жылдық «Учительский институт» аталған кезінде «Естественно-географический» факультетінде химия пәнінен сабақ беруден бастаған.
Еліміз Тәуелсіздік алған уақытта яғни 1992 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Қостанай мемлекеттік университеті болып өзгерді. Бұл өзгеріс осы жоғары оқу орнындағы барша факультеттердің әрі қарай дамуына жаңа серпіліс әкелді.
Сол жылы «Химия» мамандық болып жеке ашылып, қазақ және орыс бөлімдері болып бөлінді. «Химия» кафедрасы негізінде екі кафедра құрылды. Жалпы және неорганикалық химия кафедрасының меңгерушілігіне химия ғылымдарының кандидаты, профессор З. Утина, физикалық және органикалық химия кафедрасының меңгерушілігіне ғылым кандидаты В.Важев тағайындалды.
Қазақ бөлімінің ашылуына байланысты кафедра меңгерушілері екі тілді кадрларды қабылдай бастады.
1993 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің 1970 жылғы түлегі, химия ғылымдарының кандидаты, Арқалық педагогикалық институты химия кафедрасының меңгерушісі Батжан Жұмағалиева осы оқу орнына қызметке орналасты.
Ол 2001 жылы Қостанай мемлекеттік университетінің «Жылдың таңдаулы оқытушысы», 2017 жылы Қостанай педагогикалық университетінің «Таңдаулы куратор» байқауларының жеңімпазы, ВАК доценті.
Білікті маман, ізденімпаз ғалым сапалық, сандық анализ, физикалық зерттеу әдістері пәндерінен дәріс береді. Бұл күндері Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры ретінде есімі көпке белгілі.
Гүлжан Таурбаева Қазақ мемлекеттік университетін 1982 жылы бітіріп, мектепте директордың орынбасарлығына дейін өсті. 1993 жылдан бері біздің жоғары оқу орнында қызмет атқарады.
Ол 2008 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. 2012-2014 жылдары кафедра меңгерушілігін абыроймен атқарды.
2014 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі еңбектері үшін медальмен марапатталды. Неорганикалық, химия, элементтер химиясы, биохимия, спорт биохимиясы, физикалық химия пәндерінен сабақ берді. Қазіргі таңда университеттің қауымдастырылған профессоры.
Әлия Нурушева 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетін ойдағыдай аяқтап, арнайы жолдамамен жас маман ретінде жұмысқа орналасты. 2012 жылы магистрлік диссертациясын қорғады, біліктілігі өте жоғары. 1993-2016 жылдар аралығында осы жоғары оқу орнында зат құрылысы, физикалық химия, физикалық зерттеу әдістері пәндерін жүргізді. 2017 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істейді.
1992-1993 жылдардан бастап кафедрада оқытушылардың атсалысуымен мемлекеттік тілде оқу-құралдары, әдістемелік нұсқаулар жазылып, мамандықтың оқу-әдістемелік жинақтары толықтырылды.
Алғаш рет кафедра оқытушыларының көмегімен қазақ тіліндегі мектептерден яғни Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттан, С.Мәуленов атындағы гимназиядан оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстары назарға алынды.
Олимпиадаларға дайындықтар жүргізілді. Бұл оқушылардың көпшілігі кейін осы оқу орнын бітірді. Қазіргі уақытта орыс тіліндегі «Озат» мектеп-гимназиясы және аталған мектептермен бірге қаланың басқа мектептерімен де оқытушылар тығыз байланыс жасайды. Оқушылардың ғылыми жұмыстары да Мәскеу сияқты қалалардан жүлделі орындар алуда.
Бұл күндері химия мамандығы «Жаратылыстану ғылымдары» кафедрасының құрамында. Оның меңгерушісі педагогика білімінің магистрі Гаухар Баубекова.
Сөз соңында жарты ғасырлық мерейтойын абыроймен қарсы алып отырған барша әріптестерімізді құттықтай отырып, оларға денсаулық, отбасыларына ырыс-береке, ұстаздық қызметтерінде табыс тілеймін.
Батжан Жұмағалиева,
Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77