Былтыр «Дәстүрлі садақ ату» өнері Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен спорт түрі ретінде ресми танылды
Содан бері елімізде республикалық және қалалық деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылып келеді. Осы орайда біздің Қостанай қаласында да аталмыш ұлттық ойын түрін қолға алып, жастарады садақ ату өнеріне баулып жүрген дарынды ұстаз Аяулым Аппазова. Аяулым «SAQ» Sadaq atu Qostanai федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының «Дәстүрлі садақ атудан» Ұлттық құрама командасының мүшесі. Бүгінде оқушылар арасында садақ атуды насихаттап, ұлттық спортты дамытып келе жатқан жан. Өткен аптада Тәуелсіздік күніне орай жасөспірімдер арасындағы ашық облыстық турнир өтті. Оның өтуіне Ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және «SAQ» Sadaq atu Qostanai федерациясының президенті Аяулым Аппазова мұрындық болды.
Ежелден келе жатқан дәстүрлі мергендер сайысына Қостанай, Рудный қалалары мен Заречный ауылынан тілек білдірген он жеті жасқа дейінгі балалар атсалысты.
– Бұл облыстық турнир алғаш рет өтті. Бұған дейін республикалық турнир және наурыз айында қалалық турнир өткізген болатынбыз. Біздің құрамда елу пайызы бұрынаннан қатысып жүрген балалар. Сонымен қатар бір ай көлемінде қатысып жүрген балалар да бар. Балалардың садақ атуға деген қызығушылықтары өте басым. Жалпы, садақ ату барлық спорт түрлері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Неліктен біз естіген түрлі аңыздарда хандар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Өйткені мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады деп саналған. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрады, амал ойластырады, жоспарлайды – мұның бәрі тұнып тұрған математика, – деді жаттықтырушы Аяулым Аппазова.
Дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер мен қыз балалар арасындағы Тәуелсіздік күніне арналған ашық облыстық турнир нәтижесі бойынша 15 метрлік қашықтықтан ату бойынша: 1 орын – Алтай Айгелов, 2 орын – Мирон Карпушин, 3 орын – Баян Картпаева. 20 метрлік қашықтықтан ату бойынша алдына жан салмаған мерген Ерали Алмасов – 1 орынды жеңіп алды, 2 орын – Эмира Абдрахмановаға бұйырды, 3 орынды Жаннұр Әбиболла мен Адия Айтуған тең бөлісті. Жеңімпаздар мен қатысушылар ұйымдастырушылар атынан мадақталды.
Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған
Аяулым АППАЗОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77