Біздің Қостанай

Жас жеткіншектерді көкпарға баулыған

Облыстық Ұлттық спорт мектебінің аға бапкері Рыскелді Батасов жайында

Ат құлағында ойнаған ата-бабамыз жылқы малын қасиетті жануар санаған. Жаз жайлауға, қыс қыстаққа көшіп-қонып жүретін қазақ халқының мінер көлігі де жылқы болды емес пе. Сондықтан қазақ халқы үшін мінсең көлік, сойсаң құнарлы соғым болатын жылқы қашаннан бағалы.

Бүгінде Қостанай облысы Ұлттық спорт мектебі осы аттың құлағында ойнайтын балаларды дайындап жатыр. Ертеде ауылда туып-өкен бала кішкентайынан аттың жалына жармасып, мың құласа да, мойымай атқа берік отыруды үйренетін еді. Қазір атқа отыруды, бәйгеге шабуды, көкпар, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындар түрін үйрететін арнайы мектептер бар.

Солардың бірі Заречный ауылында орналасқан Ұлттық спорт мектебі. Аталмыш мектептің оқыту ісі жөніндегі орныбасары, көкпаршылар дайындайтын аға бапкер Рыскелді Батасов өңірімізде көкпар командасының құрамын баптап жүргенін бұрындары естіген болатынбыз. Осы жол ол кісімен бапкерлік жолы, және өңір жастарының ат спортына деген көзқарасы жайында әңгімелескен болатынбыз.

Рыскелді Ертасұлы Оңтүстік Қазақстан Отырар даласында дүниеге келген. Ауылда әкесі Ертас мал баққан кісі. Кішкентайынан Рыскелді ағамыз аттың құлағында ойнап өседі. Үйіндегі малды жайлап, жылқы, сиыр, қой бағып әкесінің қолғанаты болғанын айтады. Отбасында 7 ағайынды. Екі ағасы, екі әпкесі, бір қарындасы, бір інісі бар. Олардың барлығы да бала кездерінен малшаруашылығына араласып, атта бекем отырады екен. Ал Алтынгүл есімді анасының тәлімді-тәрбиесін алып өскен.

– Кішкентайымнан жылқы жануарына қатты қызықтым. Шамалы өсіп, ес жиа бастаған кезден жылқының жалынына жармастым десем болады. Әкем де жылқыны ерекше жақсы көреді. Менің аттың құлағында ойнайтынымды көріп қатты қуанатын. Кейін өсе келе спорт мамандығына соның ішінде ат спортына ден қойдым. Жылқыға деген, ұлттық спортқа деген қызығушылығымның арқасында өзімнің ұстазым Оразқожа Сейдахметпен жолықтым. Ол кісі маған ат үстіндегі ойындардың қыр-сырын үйретті. Менің Оңтүстік Қазақстанда туып, Қостанайда еңбек етіп, өмірлік тұрақтап қалуыма да осы ұстазымның тікелей қатысы бар. Олай дейтін себебім, Оразқожа Сейдахмет мені 2001 жылы Қостанай қаласына осындағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлес қосу үшін шақырды. Сөйтіп, осында келіп, жергілікті көкпаршылардың қатарына қосылдым. Кейін спорттық жоғары білім алу мақсатымен Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына 2003 жылы оқуға түсіп, 2008 жылы аяқтадым. Спорт мамандығын алып шықтым. Институт қабырғасында жүргенде Амангелді ауданының Мөлдір есімді аруымен көңіл қосып, Қостанай қаласында шаңырақ көтердім. Бүгінде 2 қыз, 1 ұлым бар. Бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Сөйтіп, жоғары білімді маман атанған соң, уақыт өте 2011 жылдары ұстазымның жолын жалғап, жас жеткіншектерге көкпарды үйретуді қолға алдым, – дейді бапкер.

Жалпы, көкпар ойынына балалар 13-14-жастан бастап қабылданады. Бүгінде Қостанай облысының «Тобыл» деп аталатын көкпаршылар командасы бар. Олар жыл сайын елімізде өткізілетін чемпионаттардан қалыс қалмай, бақтарын сынап жүр.

– Бүгінде құрамында 12 көкпаршыдан тұратын командамыз бар. Ондағы жігіттердің жасы 18-25 аралығында. Олардың көкпармен айналысып жүргендеріне көптеген жылдырдың жүзі болды. Сондықтан да олар ұлттық спорттың көкпар түрін толық меңгерген деп айтуға болады. Мысалы айтап өтетін болсам, Бақдәулет Асанов, Абылайхан Жүрсін, Мейіржан Ғабидолла сынды көкпаршылар кез-келген жарыста өздерінің білектіліктерін танытып келеді. Және де өңіріміздің мақтанышына айналған азаматтар. Ал енді көкпардағы біздің команданың көрсеткішіне тоқталсам, республика бойынша 5-тікке кіріп жүрміз. Бұл да біз үшін жаман көрсеткіш емес. Олай айтатын себебім, көкпар біздің өңірге қарағанда, еліміздің оңтүстік жағында өте жақсы дамыған. Көкпардан алдыңғы орындарды ешкімге бермейтін әккі командалар өте көп. Солардың ішінен суырылып алға шығу қиынға соғады. Соған қарамастан бестікке табан тіреп жүргенімізді мақтан етемін. Әрине, бұл көрсеткішке тоқмейілсіп қалу ойымызда жоқ. Алға қойған мақсаттарымыз айқын. Солардың ең бастысы республикалық көкпар жарысына үздік 2-3-тікке ену. Өзім көкпар бапкері ретінде көптеген жастырды тәрбиелеп жатырмын. Оларға өзімнің білгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Жалпы, кез-келген ат спортында басты көңіл бөлінетін жағдай ол, адамның аттың үстінде сенімді отыра алуы. Осы мақсатта уақыт аямай көп жұмыс атқарамыз. Жас жеткіншектерге астындағы атына сенімді болуды үйретеміз. Күнделікті атқа мініп, ұлттық спорт түрлеріне қатысатын жастар астарындағы аттарын өздерінің достарына айналдырып алады. Бір-бірін сезіне бастайды. Жылқы жануары, басқа жануарларға қарағанда өте ақылды. Олар күнделікті көретін иесіне бауыр басады. Оны жатырқамайды, құлатпайды. Біздің мектепке келетін балалар да оны жақсы біледі. Астарына берген аттарға тез үйренеді, – дейді Рыскелді Ертасұлы.

Соңғы жылдары ат спортына жастар тарапынан қызығушылық артқанын білдік. Ұлттық спорт мектебіне жазылушылар саны да айтарлықтай көбейген. Оларға мектептің оқу жүйесі бойынша атқа отыру, шабу, ат үстіндегі ұлттық ойындарды ойнау үйретіледі. Осылайша ұлттық спорт түрлерін еркін меңгерген жастар өңіріміздің атынан үлкен бәйгелерге қатысып, жетістіктерге жетіп жатады. Облыстық Ұлттық спорт мектебінде бес жоғары білімді, тәжірибелі бапкер жұмыс істейді. Олардың алдын көрген талапты жастар, аттың құлағында ойнып, ат спортында жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ата-бабамыздан қалған ұлттық ойындарды үйретіп отырған Ұлттық спорт мектебінің ұжымына толағай табыс тілейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77