События

Жастар дінге саналы түрде келу керек пе?

Ораза мен қазіргі таңдағы маңызды тақырыптар жайында «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы айтып берді

Жасөспірімдердің ораза ұстауына қатысты қоғамдағы пікір екіге бөлінеді. Бірі 5 парыздың бірін өтегендері дұрыс десе, келесілері бұғанасы қатпай жатып, мұндай қадамға бару орынсыз деп санайды. Бұл тақырып қазір ғаламторда да қызу талқыланып жатыр. Осы туралы және қазіргі таңда маңызды тақырыптар жайында Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Абзал Бейсекеевпен сұхбат жүргіздік.

– Бүгінгі таңда ораза ұстау сәнге айналып кетті деп ойламайсыз ба?

– Дінде сән деген нәрсе жоқ. Ерігіп аш жүрген адамды көрген жоқпын. Иә, ойнап намазға келіп, біреулермен қосылып намаз оқиын деген сияқтылар бар. Ал оразада шөлдейді, қарын ашады, көзін харам нәрселердер тыяды, ол еріккеннен болмайды. Ниет деген нәрсе бар ғой шариғатта, ораза ұстау үшін ниет етеді.

– Қазір көптеген жастар дінге жақын, сонда адамдар саналы түрде келу керек пе?

– Ол әрбір мұсылман үшін парыз болып саналады. Ораза ұстаудың өзінің шарттары бар, ең алдымен мұсылман болу керек, екіншіден ақыл-есі дұрыс болу керек, үшіншісі балиғатқа толу керек. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында балиғатқа байланысты мынандай пәтуа шыққан шариғат бойынша ұл балалар 12 жас, қыз балалар 9 жасқа толғаннан соң, еркектік және әйелдік белгілері көріннен бастап, ұлдар ержеткен, қыздар бойжеткен болып саналады. Егер аталған жастарда белгілер көрінбесе, ұлда, қызда 15 жасында балиғатқа толады деп айтылған. Яғни, 15 жас балиғат болып саналады. Бұл жаста оңды-солды біле бастайды. Әрине, баланы ешкім қинамайды. Егер өзі ұстағысы келсе, оны тыюдың қажеті жоқ.

– Ата-анасы қарсы бола тұра, намаз оқығысы келетін мектеп оқушылары жетерлік, сол жайында не айта аласыз?

– Ата-анасына құдай өзі сана берсін, оқимын деп тұрған балалардың ата-анасына күнә болып саналады. Керісінше баласының дұрыс жолға түскеніне қуануы керек. Ішімдік ішпей, темекі шекпей, адамдарға қол ұшын созып жүреді. Жалпы перзенттің ата-анасын құрметтеуі міндет. Ешқандай жағдайда оларға қарсы шығуға, ренжуге хақысы жоқ. Бірақ шариғаттағы парыз құлшылықтарға келген кезде ата-ана оқыма, ұстама десе оларға мойын сынбайды. Бұл жағдайда ата-анасының міндеті бұл баланың дұрыс жолға түсуін қадағалау, шынымен мешітке барып жүр ме немесе басқа жамағаттардан сабақ алып жүр ме, ағымға түсіп кетпеді ме деп қадағаласа болды.

– Мектеп оқушылары, студенттер жұма намазына барамыз деп кетіп қалатын жайттарда болды, бұл дұрыс па?

– Жоқ. Олай жұма намазға барамын деп қайта-қайта сұрануға болмайды.Мектептің өзінің тәртібі бар, мемлекетіміздің өзінің арнайы заңдары бар. Ол жерде бұл міндет баланың мойнынан түседі. Жұмыс істеп жатқан адамдар да сол ғой, жұмысты тастап кетіп қалмайды ғой немесе операция жасап жатқан дәрігер кетіп қала алмайды. Біз толықтай мұсылман елі болмағандықтан, әрбір мекеменің өзінің міндеттері болады.

– Қоғамның көбісі діндар болғанымен елімізде суицид, зорлық-зомбылық азайып жатқан жоқ қой. Ал дінде керісінше болу керек емес пе?

– Намаз оқыған кезде тыйылады деп жүз пайыз айту қиын шығар. Ол адамның бала кезден қалған травмасы шығар. Біреуге реніші бар шығар, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан анықтап алу маңызды, мұнда намаз оқып барлығы жақсы болып кетеді деп айта алмаймыз. Негізінен, имандылыққа, дұрыс жолға келген бала ондай нәрсеге бара қоймайды. Өйткені, денеміз құдайдың берген аманаты. Кез келген тығырықтан шығатын жол бар. Көзі ашық, ақыл есі бар адамдармен сөйлесіп, ашыла білу керек.

– Осы орайда тағы бір маңызды сұрақтарды қоя кетсем, осыдан екі ай бұрын «Дәстүр» фильмі шыққан болатын. Жасөспірімдердің көбі жындар туралы оқып, тек фильмде ғана емес, оның сыртындада осы жайында қарай бастады. Бұл жалпы балаларға қалай әсер етеді?

– Енді жын деген нәрсе бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Құранда да екі беттік сүре бар. Біздің көзіміз көрмеседе басқа әлем бар. Олардың да ішінде жақсы, жаманы болып бөлінеді. Адамдар таза жүрмесе, таза жерлерде жүрмесе, белгілі бір жамандықтар жасаса жын, көз, сиқыр тиюі мүмкін. Оны зерттеп, қарап, оқып жүрудің қажеті жоқ. Негізінде оның бізде шаруасы жоқ. Мысалы, электр тоғы немесе ұялы телефондағы волналар бізге көрінбейді ғой, сол сияқты оларды біз көрмейміз.

– Тағы айта кететін нәрсе, жаңа жылдың алдыңда оқырманымыз бір кісінің жаназасына барған екен, ол жерде имам «сендер жаңа жыл тойлайсыңдар, крещениеге барасыңдар, сендер шоқынғансыңдар» деп айта бастаптды. Бұлай жасағаны негізі дұрыс па?

– Мұндайды бірінші рет естуім. Дегенмен де жаңа жыл біздің мереке емес, оны барлығы біледі. Бұл мемлекеттік мейрам. Ал крещениеге келетін болсақ, дәл сол күнісуға түсуге болмайды. Басқа күні барып түссін, мұсылманға басқа діннің рәсімдерін атқаруға болмайды. Шариғатта үзілді-кесілді харам болып саналады. Біз бұл туралы жыл сайын айтамыз.

– Түсінікті, рақмет. Енді оразаға оралсақ, ораза ұстағанда кейбір адамдар аузын ашып темекі шегеді, кейбірі су ішіп жүре береді. Бұл дұрыс па?

– Әрине, дұрыс емес. Ораза уақытында таң атып, кеш батқанша ауыз берік болу керек. Су ішуге болмайды. Басты мақсат адамдардың жаман әдеттерінен арылуы. Сондықтан темекі шегу дұрыс емес. Ораза тек ішіп-жеуге ғана емес, ғайбат сөзді сөйлемей, ауыз оразасын жасауға, түрлі өсек-аяңдарды естімей, құлақ оразасын, сондай-ақ күнәлі нәрселерге қарамай, көз оразасын жасауға ниеттендіреді.

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау әрбір мұсылман баласына парыз етілген. Алайда соңғы кездері ауыз бекітіп жатқандардың жасы жылдан-жылға жасарып барады. Әсіресе студенттер мен мектеп жасындағы балалар арасында ораза ұстаушылар саны артып отыр. Бүгінде бұған қатысты қоғам пікірі де екіге жарылып, қызу талқыға түсуде. Бұл жөнінде жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ресми түсініктеме берген болатын.

«Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.

Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін».
Атап айтқанда, оразаның бірінші күні 11 наурызда, ал 10 наурыз күні кешке тарауық намазының бірінші күні екендігі туралы айтылып өтті. Ораза 30 күн. Ал 10 сәуір Ораза айт басталады. Қадір түнін 5 нен 6сәуірге қараған түні деп күтілуде. Сонымен қатар пітір-садақа мөлшері 640 теңге. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтін яғни созылмалы дерті бар кісілер сол оразаның орнына бір адамның бір күндік таңғы және кешкі тамағының көлемінде 3400 тенге фидия садақасын береді.

Қалай десек те, ораза ұстағанда баланың психологиясы, денсаулығы, ата-анасының да, баланың да қалауы ескерілгені жөн. Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз – осы. Сол үшін оразаны бес парыздың бірі деп санасақ та, оның зиянды не пайдалы тұстары жан-жақты сараланып барып, балғындардың мұндай қадамға барғаны дұрыс секілді.

Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған
кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77