Социум

«Жасыл ел» жастары қаламызды көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысуда

Жыл сайын жаз айларында «Жасыл ел» жастар отряды өз жұмысына кіріседі

Биыл да 16-29 жас аралығындағы «жасылелдіктер» маусым, шілде, тамыз айларында қала көшелерін көгалдандыру, қоқыстан тазарту жұмыстарына атсалысуда.

«Саналы ұрпақ-2050» қоғамдық қорының төрағасы Серік Манасбаевтың айтуына қарағанда, қаламыздағы тазалықпен айналысатын «АБЗ+», «Таза жол» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестерімен «Жасыл ел» жастары шаһарымыздың көшелерін абаттандыру мақсатында көк шөптерді қырқу, гүл отырғызу, сурару, қоғамдық орындарды қоқыстардан тазарту сынды жұмыстарды жүзеге асыруда.

Шаһарымыздың келбеті жарқырап, күннен-күнге құлпыра түсуіне өзіндік септігін тигізіп жүрген жастардың айлығы да көңіл көншітеді. Олар 60-80 мың аралығында жалақы алады. Жұмыс тәртібі 18 жасқа толмағандар үшін таңертеңгі 8:00-ден түскі 12:00-ге дейін. Ал 18 жастан асқандары таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Барлығы 250 жас «Жасыл ел» отрядында еңбек етуде.

«Жасыл ел» жастарының жұмысы айтарлықтай қиын емес. Ең бастысы топ болып берілген жұмысты уақытында бітірулері керек. Қай жұмысты болмасын барлығы бірлесіп атқарады. Әсіресе, олар көбінесе облыс орталығын көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Айлықтарын да уақытылы алып отырады.

Соңғы жылдары «Жасыл ел» жастар отрядында жұмыс істеп, өзінің киім-кешегін, оқуға қажетті құралдарын алуды қалайтындар саны артып келеді.

«Жас келсе іске» демекші, жалынды жастардың еңбекке араласып, бойларына жауапкершілік, адамшершілік, еңбексүйгіштік сынды асыл қасиеттерді қалыптастыра білгені көңіл қуантады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77