Культура

«Жауынгер көзімен» атты көрме ашылды

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жауынгер көзімен» атты көрме ашылып, келушілерге соғыс жылдарының көркем және техникалық бейнесін ұсынды. Экспозиция музей қорындағы кескіндеме мен графика туындыларын, сондай-ақ шебер модельдеушілердің қолынан шыққан әскери техникалардың үлгілерін біріктіреді.

– Бұл көрменің мақсаты – сол кезеңнің ауыртпалығын көркем тілмен жеткізу. Кескіндеме мен графика арқылы сол уақыттағы адамдардың сезімі мен тағдырын көрсете аламыз. Ал модельдеушілердің еңбегі – бұл техникалық шеберліктің ғана емес, тарихқа деген құрметтің көрінісі. Жастар үшін бұл – тек көрме емес, үлкен тәрбие құралы, – дейді музей басшысы Гүлжан Мендекинова.

Модельдеушілер өз туындылары арқылы көрерменге әскери техниканың дәл көшірмесін ұсынып қана қоймай, сол дәуірдің рухын жеткізуге тырысқан.

– Біз қала тұрғындарын әскери техниканың үлгілерімен, тарихи оқиғаларды бейнелейтін диорамалармен таныстырғымыз келді. Осы арқылы ардагерлерге деген құрметімізді білдіруді, сол дәуірдің материалдық болмысын көрсетуді мақсат еттік. Макеттерді өзіміз құрастырамыз, бояп, тарихи түпнұсқаларға барынша ұқсатып жасаймыз. Мысалы, мен көрмеге 46 үлгі әкелдім. Бұл іспен 14 жылдан бері айналысып келемін, – дейді моделист Иван Троянский.

Көрмеде Дмитрий Пократов, Алексей Бубенщиков, Денис Гайнутдинов, Вячеслав Исаев сынды модельдеушілердің де жұмыстары қойылған. Олардың туындылары әр түрлі елдердің әскери, азаматтық және арнайы техникаларының нақты үлгілерін көрсетеді.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – көлемді диорамалар. «Соңғы шайқас», «Өмір толқыны», «Кавказ майданы» сияқты тарихи көріністерді бейнелейтін макеттер көрерменді сол дәуірге жетелеп, ерекше атмосфера сыйлайды.

Көрме бір ай бойы келушілер үшін ашық. Тарих пен өнерге қызығушылық танытатын барлық тұрғындар мен қонақтарды музейге келіп, ерекше атмосфераны сезінуге болады.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77