Біздің Қостанай Образование

Жаз – балалардың шаттыққа толы мезгілі

Алайда, Қостанайда жасөспірімдерге жазғы демалысты қалай өткізуге болады?

Жаз — еркіндік, демалыс пен жаңа әсерлер уақыты. Оқу жылы аяқталып, мектеп оқушылары демалысқа шыққанда, ата-аналар мен жасөспірімдердің басты сұрағы – жазды қалай тиімді өткізуге болады?

Қостанайда 15-18 жастағы жасөспірімдерге арналған жазғы іс-шаралар онша көп емес. Көптеген бағдарламалар 7-13 жас аралығындағы балаларға бағытталған. Ал өсіп қалған, бірақ әлі ересек болмаған жасөспірімдер не істейді?

Жасөспірім кезеңінде ең маңызды нәрселердің бірі — ортаның әсері. Айналасындағы адамдар, олардың өмірге көзқарасы, әңгімелері мен әрекеттері жас адамның болашақ таңдауына тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан жасөспірімдерді белсенді ортаға тарту — олардың өмірлік бағыт алуына ықпал етеді.

Кейде ата-аналар «жазда тынықсын, өзі біледі» деп баласын өз бетімен қалдырады. Бірақ бұл жас ерекшелігі — бағытты қажет ететін, қолдауды күтетін кезең. Өз ортасын таба алмаған немесе бос уақытын қалай өткізерін білмеген жасөспірім бейжайлыққа, тәуекелді әрекеттерге, тіпті интернеттегі зиянды контентке әуестенуі мүмкін.

Қостанай қаласында жыл сайын мектеп жанындағы лагерлер, кітапханалардағы жазғы жобалар ұйымдастырылады. Алайда бұл шаралар көбіне бастауыш және орта буын оқушыларына арналатыны рас. Жоғары сынып оқушыларына арналған бағыттар шектеулі. Мұндай олқылықты толтыру үшін жергілікті әкімдіктер мен жастар ресурстық орталықтары арнаулы жобалар мен клубтар ашса, бұл – үлкен көмек болар еді.

Мемлекеттік қолдау

Ізденіп қараса, пайдалы әрі тегін ресурстар табуға болады. Солардың бірі — Damubala платформасы. Бұл – еріктілік жобалар, жастар бастамалары, қызығушылық клубтары, спорттық және шығармашылық шаралар туралы ақпарат жиналатын мемлекеттік сайт. Мұнда тегін шеберлік сабақтары, байқаулар, клубтар мен кездесулер туралы хабарландырулар үнемі жарияланып отырады. Әсіресе ақылы курстарға мүмкіндігі жоқ, бірақ жазды пайдалы өткізгісі келетіндерге бұл — жақсы мүмкіндік. Жобаларға қатысу арқылы оқушылар өзін жаңа ортада сынап, көпшілікпен сөйлесуге, өз пікірін айтуға, ұйымдастыруға үйренеді.

Қостанайда «Аламан» спорт және өнер академиясы да жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер шахмат, сурет салу, футбол сияқты бағыттарда тегін немесе жеңілдікпен оқи алады. Мұғалімдер — тәжірибелі, әрі әр баланың бойындағы қабілетті ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер қалалық Мәдениет сарайы мен балалар спорт мектебі базасында да жұмыс істейді. Ең бастысы — қорықпау және көруге тырысу.

Қалалық Жастар ресурстық орталығы да түрлі бағыттағы шараларды ұйымдастырып отырады. Мысалы, жақында ғана жасөспірімдерге арналған «Жаз START» жобасы іске қосылды. Бұл — еркін форматтағы тренингтер, тимбилдингтер, пикниктер мен челлендждер. Оған қатысу үшін арнайы іріктеу қажет емес, тек ниет жеткілікті. Мұндай ортада баланың көшбасшылық, пікір айту, тыңдау, ұйымдастыру дағдылары дамиды.

Жеке үйірмелер

Тегін бағдарламалар аз болғанымен, қалада өзін дамытуға болатын студиялар мен шығармашылық кеңістіктер бар. Соның бірі — Home Dance Studio. Мұнда заманауи би түрлерін үйретеді. Бұл — тек қозғалыс емес, өзін еркін көрсету, сенімді болу, жаңа достар табу орны. Би арқылы өз денесін түсіну, ырғағын сезіну, сахнада өзін ұстауды үйрену — бұл да өзін-өзі танудың бір жолы.

ARTSPACE.KST шығармашылық орталығында кенепке сурет салу, шоппер сөмкесіне сурет салу, гипс немесе саздан жасалған фигураларды бояу шеберлік сағаттары өткізіледі. Жасөспірімдер бояу, қағаз, қылқаламмен жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, өз ойын өнер арқылы жеткізуге дағдыланады. Атмосферасы жылы, ұстаздары қолдау көрсетеді, тіпті сенімсіз балалар да бойындағы талантын аша бастайды. Мұндай студиялар жасөспірімдер үшін өзін тыңдауға, өзімен-өзі болуға, ішкі жан дүниесін ашуға мүмкіндік береді.

Ал қолөнер ұнайтындарға керамика студиясы жұмыс істейді. Бұл — көп таралмаған, бірақ өте қызықты бағыт. Сазбен жұмыс жасау — шыдамдылықты, ұқыптылықты дамытады және шығармашылық қуаныш сыйлайды. Сонымен қатар, Қостанайда «Монтессори» әдісімен жұмыс істейтін шеберханалар да бар. Мұнда балалар тек қолөнермен шұғылданып қана қоймай, әр заттың құрылымы мен қолданылуын зерттейді, өзін конструктор, дизайнер ретінде сезінеді.

Бірақ мұндай курстардың көбі — ақылы. Сондықтан мемлекет тарапынан қолжетімді бағдарламалардың болғаны өте маңызды. Себебі өнер мен спорт тек ақшасы барларға ғана емес, барлық жасөспірімге қолжетімді болуы керек. Тепе-теңдік сақтау — мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Жазғы жұмыс

Кейбір жасөспірімдер жазда демалудың орнына жұмыс істеуді таңдайды. Бұл — ақша табу, өз бетімен шешім қабылдауды үйрену, үлкен өмірге қадам жасау мүмкіндігі. Қаладағы ойын-сауық орталықтары, фастфуд кафелері мен дүкендер, балалар лагерьлері жаз мезгілінде оқушылар мен студенттерді уақытша жұмысқа қабылдайды.

Аруна жазда балалар ойын орталығында фотограф болып жұмыс істейді:

«Менің жазға қойған мақсатым бар. IELTS тестіне ақша жинап жүрмін. Жұмыстан тек ақша емес, тәжірибе, жаңа таныстықтар, сенімділік те алғым келеді».

Ал Томирис кафеде даяшы болып жұмыс істейді:

«Нақты мақсатым жоқ. Жай ғана жаңа достар тапқым келеді, тәжірибе жинап, жазды босқа өткізбей, есте қаларлықтай еткім келеді. Сонымен қатар, өзіме керек ұсақ-түйек заттарға ақша жинағым келеді».

Қостанай облыстық Жастар ресурстық орталығының мәліметінше, жыл сайын 200-ден астам жасөспірім жазғы кезеңде уақытша жұмысқа орналасады. Олардың ішінде гүл отырғызу, саябақты тазарту, кітапханада көмек көрсету сияқты қоғамдық жұмыстар да бар. Бұл жұмыс түрлері көп күшті қажет етпейді, ал пайдасы — мол.

Жұмыс жасөспірімдерді жауапкершілікке, өз бетімен шешім қабылдауға, еңбекке құрметпен қарауға үйретеді. Ең бастысы — қауіпсіз жұмыс табу, заң талаптарын сақтау және демалысты да ұмытпау. ҚР Еңбек кодексіне сай, 14 жастан бастап ата-анасының келісімімен жұмыс істеуге болады, ал 16 жастан — өз бетімен келісімшарт жасауға рұқсат беріледі. Бұл құқықтық нормаларды ескерген жөн.

– Жазғы демалыс – жасөспірімдердің өз-өзімен жұмыс істеуге, жаңа нәрселерді үйренуге, өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыруға таптырмас кезең. Бұл уақытта балалардың бос жүруі, күні бойы телефонда отыруы, ұйқы режимінің бұзылуы – олардың психикасына да, физикалық денсаулығына да кері әсер етеді. Сондықтан ата-аналар жасөспірімнің немен айналысып жүргеніне бей-жай қарамауы керек. Баланың қызығушылығына сай бағыт ұсыну, тіпті бірге іздеу – оның өзіне сенімділігін арттырады. Кейде баланың “ештеңе істегім келмейді” деуі – ішкі күйзелістің белгісі болуы мүмкін. Ондай сәтте қысым жасамай, ашық сөйлесу маңызды. Өйткені дәл осы 15-18 жас – болашақ мамандық, өмірлік құндылықтар, өзін-өзі тану кезеңі. Жазда пайдалы ортаға түскен бала жаңа дос табуы, шабыттануы, тіпті болашағын анықтауы мүмкін, – дейді Айдана Сағындықова, жасөспірімдер психологы.

Жасөспірімдерге арналған тегін әрі пайдалы жазғы мүмкіндіктердің аз екені рас. Бірақ аздап ізденіс пен ынтамен түрлі нұсқаларды табуға болады: спорт секцияларынан бастап, шығармашылық үйірмелер, волонтёрлік жобалар мен жазғы жұмысқа дейін. Жастар орталығы, мәдениет үйлері, кітапханалар — барлығы да жаңа жобаларға ашық.

Маңыздысы — жасөспірім өзін қажетсіз, елеусіз сезінбеуі керек. Өйткені дәл осы жаста қызығушылықтар мен қабілеттер қалыптасады, өз-өзіне сенімділік пайда болады. Ал жаз — осының бәріне алғашқы қадам жасау үшін ең керемет уақыт. Қоғам мен ата-аналардың міндеті — осы кезеңде жастарға бағыт беру, оларға сену және қолдау көрсету.

Мариям СЕРГАЗИНОВА,
суреттер архивтен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77