Біздің Қостанай

«Жазғы мектептің» пайдасы зор

Биыл жаз айларында оқушыларды оқыта отырып, демалдыру көзделіп отыр

«Жазғы мектеп – бұл балалардың белсенді демалысы мен белгілі бір пән бойынша интенсивті дайындық жүргізілетін жазғы лагерьдің бір түрі. Жазғы меткеп өз жұмысын жоспарға сәйкес бастайды. Жазғы мектептің мақсаты – оқушылардың тілдік және сөздік, сонымен қатар ойлау қабілеттерін сабақ және ойын іс-әрекеті арқылы жүзеге асыру»,-деп атап өткен Білім және ғылым министрі Асхан Аймағамбетов биыл да былтырғыдай 26 мамыр мен 17 маусым аралығында мектептерде жазғы мектептің жұмыс істейтіні хабарлаған болатын.

Сондай-ақ министр өз сөзінде үлгірімі нашар оқушыларға қолдан келгенше көңіл бөлуіміз керек. Негізінен жақсы оқитын, озат  та үздік білім алушыларға көп назар аударамыз. Бұл да бір ерекшелік шығар. Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызықты болғанмен, басты назар үлгірімі нашар оқушыларға қарай бағытталуы тиіс. Олар болмаған жағдайда үлгірімі төмен балалар одан сайын өз білімдерін түсіріп алады деген пікірін білдіріп, еліміздеге барлық мектептерде жазғы мектеп жұмыс істеп, үлгірімі нашар оқушыларға толық игермеген тақырыптарын түсіндіретіні жайында айтқан болатын.

Жалпы, оқушыларды жаз айларында демалдыра отырып, оқыту әлемді жаулаған коронавирус дертіне байланысты елімізде 2 жыл қатарынан карантиндік жағдайда болып, мектеп оқишылары үйде онлайын форматта білім алуымен тікелей байланысты болып отыр. Карантинге дейін еліміздің білім саласында жазғы мектеп деген түсінік болмаған еді. Екі жыл қатарынан үйде отырып, күнделікті сабаққа онлайн режимде қатысқан оқушылардың кейбір тақырыптарды толық түсінбей қалғаны кейін білініп жатты. Осыған орай биыл мектеп түлектеріне ҰБТ-ны екі рет тапсырып, сол нәтижелермен тегін гратқа өтініш беруге рұқсат етілді.

Міне, биыл да министрдің тапсырысымен жазғы мектеп жұмыс істейтін болады. Бүгінде осы мақсатта мұғалімдер қауымы ата-аналармен жұмыс жасап жатыр. Сынып жетекшілер әр ата-анадан баласын жазғы мектепке беруге қалай қарайтынын сұрап, бұл шараның басты мақсатымен таныстырып жатқан жайы бар.

Осынау жазғы мектептің жұмыс барысымен толық танысу мақсатында біз қаламыздағы №10 орта мектепке арнайы атбасын бұрып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Бейсеновамен жолығып, көкейімізде жүрген сауалдарымызға жауап алған едік.

-Министрліктің тапсырысымен қазіргі таңда жазғы мектепке дайындық басталып кетті. Бүгінде барлық сынып жетекшілер ата-аналармен сөйлесіп, балаларын жазғы мектепке беретінін немесе бермейтінін сұрап біліп жатыр. Осыдан кейін олар жазғы мектепке келетін оқушылардың тізімін дайындайды. Жазғы мектеп өткен оқу жылында да ұйымдастырылған болатын. Ол біздің оқушылардың көңілінен шықты. Бізге оқушылар көп келді.

Биылғы жазғы мектептің жұмысына өзгеріс енгізіліп отыр. Жазғы меткеп мамыр айынан бастап маусымның 17-не дейін жалғасады. Күнделікті сағат 9:00-ден 14:00-ге дейінгі уақытын балалар мектепте өткізеді. Биылғы жылдың ерекшелігі, оқумен қоса балалар үшін демалыс ұйымдастырылады. Бұл дегеніміз биыл оқыту бағдарламаларымен қоса жазғы демалыс шаралары да бірге жүзеге асырылады. Мысалы, жазғы мектепке келген балалар бір сағат оқитын болса, Мысалы, жазғы мектепке келген балалар бір сағат оқитын болса, бір сағатында қызықты ойындар ойнап, өздерінің логикалық ойлау қабілеттерін дамытып уақыттарын пайдалы өткізеді. Жазғы мектепте негізгі пәндер ғана оқытылады.

Атап айтатын болсам, бастауыш сыныптар үшін математика, қазақ тілі, әдебиет пәндері бойынша білімдерін жетілдіруге мүмкіндік бар. Ал жоғары сыныптар арасында біз бірінші оқушылардан қандай пәнді дұрыс түсінбей жүргенін сұрап, сол пәндер бойынша топқа бөліп оқытамыз. Мәселен, былтырғы жазғы мектепте жоғары сынып оқушылары химия, физика, алгебра пәндері бойынша топ-топқа бөлініп сабақ оқыған болатын. Олар осы пәндерден түсінбеген тақырыптарын айтып, мұғалімдерден қайтадан түсіндіруін сұраған  еді. Міне, осыған қарап-ақ жазғы мектептің оқушылар үшін маңызды екенін түсінуге болады.

Жазғы мектепке 1, 9, 11 сынып оқушылары қатыспайды. Өйткені, 9-11 сыныптар қортынды тестілеуден өтеді. Сондай-ақ 1 сыныпты тәмамдаған оқушылар да жазғы мектепке шақырылмайды.

Мамыр айының басында жазғы мектептің сабақ кестесі мен оқу жоспары дайындалады. Сол құрылған кестемен мен жоспар бойынша оқушылар қосымша білім алады. Бұл бастаманың басты мақсаты екі жылдық карантинде білім орын алған олқылықтардың орнын толтыру. Үйде онлайн форматта білім алған оқушылардың түсінбеген тақырыптырын түсінуге, оқу үлгірімдерін жақсартуға көмектесу.

Өткен оқу жылында ұйымдастырылған жазғы мектеп өзінің жемісін берді. Көптеген оқушылардың оқу үлгірімін көтердік. Биыл да осы мақсатта жұмыс жасайтын боламыз,-дейді Жанар Мерекеқызы.

Білекті бірді жағыды, білімді мыңды жағады демекші, қазіргі таңда білімдінің алды жарық. Жетер биігі де жоғары. Сондықтан келешек ұрпақтың жан-жақты білімді болуы елдің басты мүддесі болса керек.

Осы орайда балаларының 9 ай оқып, үш ай демалып, қасында болатынына үйренген ата-аналардың да, жазғы мектепке деген ойын білген едік.

-Менің қызым 5-ші сыныпқа барған кезде елімізде карантин режимі енгізіліп, онлайн оқуға кіріскен едік. Бастауыш сыныппен қоштасып, жоғары сыныпқа келгенде жаңа пәндердің басталатыны белгілі. Осыны қатты уайымдап қызымның физика, алгербра, химия пәндерін дұрыс түсінбей қалатынына қатты қынжылған едім. Бірақ қалай болса да онлайн білім алған кезде сабақты қалдырмай, сабаққа үнемі қатысып отырды. Бірақ бұл кәдімгідей  сыныптастарымен бір жерде отырып, апайының айтқанын тыңдап, сұраққа жауап беріп, сабаққа қатысып отырудың жөні бөлек қой. Сондықтан қызымды былтыр жазғы мектепке қуана-қуана бердім. Ол да өзімнің білмегенімді мұғалімдерден сұрап алатын болдым деп қатты қуанды. Жазғы мектепте  жақсы білім алды. Сыныптастарымен бірге уақытын пайдалы өткізіп, білімін жетілдіргеніне қуаныштымын. Биыл да жазғы мектепке қатысамыз деп отырмыз,-дейді Рыскүл Айткужиева.

-Оқушылар үшін жазғы мектептің орны бөлек. Менің қызым Жансая 3 сыныпта оқиды. Биыл жазғы мектепке барамыз деп отырмыз. Ол өзінің толық түсінбеген тақырыптарын апайына айтып, қайтадан түсіндіргенін қалайды. Карантин кезінде үйде отырып дұрыс оқу болмады. Өйткені, онлайн оқу кезінде ғаламтордың дұрыс болмауы сияқты кедергілер көп кездесті. Сабақты түсіндіріп жатқан мұғалімнің даусы естілмей қалатын. Сол кездері қызым, мұғалім жаңа не айтты екен деп, тақырыпты түсінбей қалғанына қиналатын. Енді міне, жазғы мектепте мұғалімнен түсінбеген жерін сұрап, білімін толықтыруға мүмкіндік туып отыр. Өз басым жазғы мектептің жұмыс істейтініне қуаныштымын. Қызым да бір уақыт сыныптастарымен оқып, ойын ойнап келетінін айтып қуанып жүр. Әрине, жазғы мектеп қай сынып оқушыларына болмасын қажет деп ойлаймын,-дейді аталмыш мектептің ата-аналарының бірі Алтынқыз Абылайханова.

Міне, осылайша сабағы нашарлап кеткен, үлгірімі төмен оқушыларға ерекше назар бөлініп отыр. Қолға алынып отырған жазғы мектеп оқушылардың оқу үлгірімін көтеруге көмек болары анық.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77