Жаз мезгілі – жеміс-жидектің молайып, табиғаттың адамға тарту етер сыйының көбейетін кезеңі. Бұл уақытта көпшілігіміз орманға, далаға немесе бақшаға шығып, табиғи жидектерді теріп жегенді жақсы көреміз.
Дегенмен, кей жағдайда осындай серуеннің арты күтпеген жағдайға – улануға ұласуы мүмкін. Әсіресе, балалар мен қарт адамдар жидек жегеннен кейін улануға жиі шалдығады. Себебі олардың иммундық жүйесі әлсіздеу, ағзасы тез әсерге ұшырайды. Далада немесе орманда өсетін кейбір жидектер сырттай жеуге жарамды болып көрінгенімен, ішкі құрамында ағзаға қауіпті улы заттар болуы мүмкін. Сонымен қатар, сатылымдағы жидектер де қауіпсіз бола бермейді – олар дұрыс жуылмаса, немесе пестицид, нитрат сынды зиянды химиялық қоспалар көп болса, адам ағзасына кері әсер етеді. Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасарының айтуынша, жаз мезгілінде жидекке байланысты улану деректері былтырға қарағанда аз.
– Қостанай облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жедел ішек инфекциясының 285 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға төмендеген. Аурушаңдықтың жас ерекшелігіне келсек, науқастардың басым бөлігін – 82 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, – деп атап өтті Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досумова.
Балалар үшін жидек улануы өте ауыр өтеді. Ағзадағы у жүйке жүйесін зақымдап, жүрек айну, құсу, іш өту, бас айналу, кейде тіпті естен тануға алып келуі мүмкін. Жедел медициналық көмек көрсетілмесе, асқынуға, тіпті өлімге де соқтыруы ықтимал.
– Жидек жеп болғаннан кейін 30 минуттан 2 сағат ішінде жүрек айну, іштің ауруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тершеңдік байқалса – бұл уланудың айқын белгілері. Мұндайда уақыт жоғалтпай жедел жәрдем шақырып, дәрігер келгенше науқасқа көп мөлшерде таза су ішкізіп, құстыруға тырысу керек. Бірақ егер адам есінен танып жатса немесе құса алмаса – өз бетімен ем жасау өте қауіпті, – дейді инфекционист маман Балнұр Абдрахман.
Сатылымдағы жидектер де 100% қауіпсіз емес. Базардан немесе дүкеннен алынған жидектер де улануға себеп болуы мүмкін. Ауыл шаруашылығында өсірілген кейбір жеміс-жидектер пісіп үлгермей жиналып, тез жетілдіру үшін арнайы химиялық заттармен өңделеді. Бұған қоса, көше бойында сатылатын өнімдерде шаң мен түрлі микроағзалар көп болады.
Сондықтан кез келген жидекті тұтынар алдында оларды мұқият тексеріп, жақсылап жуу – уланудың алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді жолы. Әсіресе базардан немесе көше бойынан сатып алынған жидектер ағын сумен жақсылап жуылып, қажет болса, сірке суы қосылған суда 10–15 минутқа салып қою ұсынылады. Бұл зиянды бактериялар мен пестицидтердің қалдығынан арылуға көмектеседі.
Тағы бір маңызды мәселе – жидектерді сақтау тәртібі. Жаңа жиналған немесе сатып алынған жидектер бөлме температурасында ұзақ тұрса, тез бұзылады, ал мұндай өнімдерде микробтар жылдам көбейеді. Осы себепті жеміс-жидектерді тоңазытқышта сақтау немесе дереу тұтыну ұсынылады. Сонымен қатар, бүлінген, шіріген немесе көгерген жидектерді тастап, тек сапалысын ғана пайдалану қажет.
Қостанайлық диетолог, тамақтану маманы Әлияның айтуынша, жидектер адам ағзасына пайдалы болғанымен, оны мөлшермен жеу керек.
– Жидек – дәруменге бай, иммунитетті көтеретін, ішек жұмысын жақсартатын пайдалы тағам. Бірақ артық мөлшерде жесе, ол да ағзаға салмақ түсіреді. Кей адамдарда аллергиялық реакция немесе асқазан-ішек жолының бұзылуы байқалады. Сондықтан әсіресе балалар мен қарт адамдарға күнделікті мөлшермен ғана, жуылып, дұрыс дайындалған жидек беру керек. Белгісіз немесе күмән тудыратын жидектерден бас тартқан дұрыс, – дейді маман.
Жаз – серуен мен саяхаттың, табиғаттың көркіне тоймай, таза ауамен тыныстаудың уақыты. Бұл мезгілді денсаулыққа зиян келтірмей өткізу – өзіміздің жауапкершілігіміз. Жидек тергенде де, жегенде де сақ болайық. Жақсы ниетпен жеген дәмнің денсаулыққа зиян келтірмеуі үшін қарапайым ережелерді есте сақтап, жақындарымыздың амандығын ойлайық.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77