Біздің Қостанай Социум

Жазушылардың көзімен Шоқанның ұлт тарихындағы орны мен рухани мұрасы

Шоқанды орысың да, қазағың да аққан жұлдыз деп жазыпты. Сәбит Мұқановтың ол туралы романы да «Аққан жұлдыз» деп аталады. Ғалымның құрметіне ұйымдастырылатын көрмелер мен экспозициялардың атауын «Аққан жұлдыз» немесе «Промелькнувший метеор» деп жазғанын күнде көзіміз көріп жүр.

Менің ойымша, Шоқан аққан жұлдыз емес, қазақтың көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдыз.

Шоқанның: «Есть круговая жертва-айналмақ, жертва три раза обходит существо, для которого люди (это) делают. Так, схватывают птицу, окружают три раза вокруг головы и отпускают. Она берет все мое несчастье и болезни на себя. Для выражения любви они говорят айналайын-обойду вокруг», – деген жолдарын оқығаннан кейін барып Олжас ақын да «Айналайын» өлеңінде:

«Кружись, айналайын, Земля моя!
Как никто, я сегодня тебя понимаю,
Все болезни твои на себя принимаю», – деп азаматтық асқақ үнін шығарған болатын.

Қазақстанның оқу комиссары болған С. Сәдуақасов «О значении вуза для Казахстана» деген баяндамасында Ыбырай мен Шоқан туралы деректерді мысалға келтіреді:

Бізде Алтынсариннен білімі де, атағы да бір кем емес тағы бір қазақ болған, ол – Шоқан Уәлиханов. Шоқан орыстың Шығыстағы отарлау саясатын жүргізуге шын көңілімен араласты. Уәлиханов патша өкіметінің әскери-соғыс министрлігі үшін мәлімет жинау мақсатымен жасырынып Қашғарияға барып қайтқан. Ол Түркістанды бағындырған атақты генерал Черняевтің отрядында әскери (түпнұсқада – офицер. А.Ш.) болып қызмет істеген. Осы Уәлихановтың өмірі қалай бітті дейсіздер ғой – оның өмірі де Алтынсарин өміріне өте ұқсас. Өмірден қайтар алдында Уәлиханов өзінің орыс достарының бәрінен бас тартты. Орыс армиясының сырбаз офицері болған Уәлиханов әскери киімін тастап, қазақтың кең қолтық шекпенін, (біздің ойымызша, шекпен емес, шапан, аудармадан жаңсақтық кеткен болуы керек. А.Ш.) саптама етігін киіп, алыстағы қазақ ауылында дүниеден өтті.

Сібір ғалымдарының басшысы Ядринцев Шоқан Уәлихановтың қайғылы өлімі еуропалықтар үшін ызбарлы ескерту болуға тиіс деп жазды Шоқанға арналған некрологта. Ол орыс адамдары бұл жерде қатты ойлану керек деп жазды.

Меніңше, қазақ халқының ұлттық санасының ояну дәуірінің басында мәдениетті Еуропамен байланыста болған қазақтардың қалай жұмыс істегені жайында осы екі мысалдың өзі-ақ жеткілікті болар». (Смағұл Сәдуақасұлы. Үш томдық шығармалар жинағы. 3-ші том. Астана, 2013 жыл, 332-335 беттер) Бұл баяндаманың орыс тіліндегі нұсқасы да осы кітапта жарық көрген. (277-278 беттер)
Шоқан 1835 жылы қараша айында Құсмұрында туды деген дерек Шоқанның қызметі жөніндегі Ресей мұрағатындағы формулярлық тізім арқылы тілге тиек болғаны белгілі. Академик Әлкей Марғұлан Шоқан туралы очеркінде:

«1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді де, содан былай ол Құсмұрын округі аталды» – деп жазады.

Шыңғыс Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып 1834 жылдың 30 тамызында сайланған. Яғни, Күнтимеске ол осыдан кейін барып қыстау салдырған. «Осы жерде тағы да архив документтері көмекке келер еді», – деп жазады Жарылқап Бейсенбайұлы, – 1891 жылы Омбыда округтік штаб баспаханасынан есаул Путинцевтің кұрастыруымен «Сібір қазақ әскерлері тарихынан алынған хронологиялық тізбе» деп аталатын шағын кітапша жарық көрді. Онда 1789 жылдан 1839 жылға дейінгі бір ғасыр бойы өткен елеулі оқиғалар жайында қысқаша деректер мен түсініктемелер берілген. Қазақ даласына, жеке тұлғаларға қатысты қыруар кұнды мәліметтерді жинақтаған сол құжаттың 1834 жылға арналған бөлігінен көптен ойда жүрген дүдәмалдың жауабы да табылып еді. Сонда «Аманқарағай сыртқы округі Құсмұрын дуаны болып қайта құрылды» – деп тайға таңба басқандай анық көрсетіпті…

Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыздар» кітабында Шоқан туралы жазған зерттеуінде:

«1822 жылы М.Сперанскийдің (1722-1839) «Сібір қазақтарын басқару» деп аталатын Ережесі шығады да, Орта жүздің хандығы жабылып, қазақтары Құсмұрын, (алғашқы аты Аманқарағай), Көкшетау, Ақмола, Баян, Қарқаралы, Аякөз аталған алты дуанға (округ) бөлініп кетеді. Бұл дуандардың басында аға сұлтан деген атпен қазақ тұрады да, орыс әкімшілігінен оған жәрдемші беріледі. Әдетте мұндай жәрдемшілер майор шеніндегі офицерлерден берілетін болған. Олар дуан орталығын төңіректеп салынған қамалдарда әскер бөлімшесін басқарған, аға сұлтандар істі жәрдемшілерінің еркімен атқаратын болған. Дуан ішіндегі ел ру тәртібімен болыстарға бөлініп, оларды кіші сұлтандар, яғни, болыстар «басқарған»– деп жазады.

Марат Сәбитұлы Мұқанов академик Әлкей Марғұланның жауапты редакторлығымен жарық көрген «Этнический состав и расселения казахов Среднего жуза» («Ғылым» баспасы, 1974 жыл, 81-ші бет) атты кітабында тарихи деректерге сүйене отырып, Құсмұрын округі қырқыншы жылдардың аяқ кезінде құрылғанын жазады.

Осы кітапта керейлер мен уақ ауылдарының Обаған бойын мекен қылғаны да айтылған. Абылай ханның сүйікті ақыны Тәтіқара осы өңірде туып-өскен. Барақ батыр, Асаубай шешен, Шоқай би, Шәңкі шешен, Әлібек батыр, Мырзахмет қожа секілді біртуар тұлғалар осы арада туған. Аманқарағай дуанының орталығы Қараоба да Сарыкөлден алыс емес. Қара қазан көтерілген, сары қымыз сапырылған, әруақ қонып, нар шөккен қасиетті, құтты мекен.

«Тамаша адамдар өмірі» сериясымен орыс тілінде жарық көрген Ирина Стрелкованың кітабында «Первенец султана Чингиса и Зейнеп родился в ноябре 1835 года, точно день не известен, в крепости Кушмурун» деген сөйлемін де оның көз майын тауысып тапқан немесе нақты құжаттан алған дерек деп пайымдауға болмайды.

«История Казахстана в русских источниках ХҮІ –ХХ веков» (8 том, часть 1-ая. Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 г. 143 стр) кітабындағы 24-ші санмен көрсетілген құжаттарға жүгінсек, онда: «Чингис Валиханов, султан, 29 лет. Умен и скромен. Достаточен. Уваковской волости, рода и отделения янсаринского. Старшим султаном Аман-Карагайского окружного приказа – с 1834 г., августа 30-го дня, состоит оным и доныне. Был награжден чином майора в 1838 г. Под судом не был, предан. Летние кочевки при реках Ишим и Акан-Бурлук, от 70 до 80 верст на юго-восток, зимние – на урочищах Куньтимес, Куян, в 40 верстах на восток от приказа» – деп көрсетілген. Осы деректен кездескен Күнтимес қоңысы қыстау болса, Шоқан қараша айында жайлауда тууы мүмкін емес қой.

И.Стрелкова Құсмұрынды да, Күнтиместі де көрген емес, тіпті Қостанай жеріне келген емес. Ал аталған кітабында Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Г.Потанин, Н.Ядринцев секілді ғалымдар еңбегін пайдаланып, соларға сілтеме жасаған. Стрелкова тарихшы да, зерттеуші де емес, өзіне дейінгі мәліметтерді пайдаланып, сұрыптаудан өткізіп, көркем шығарма жазушы. Осы жағдайды ешуақыт естен шығармаған лазым.

Осыған орай кезінде өз басым осы мәселенің анық-қанығын ашып беру үшін Алматыға хат жолдап, тиісті жауабын да алғанмын.
1844 жылы Құсмұрын бекінісіне Аманқарағай округі көшірілген себепті округтің аты да «Құсмұрын округі» болып өзгерді.

(Г.Н.Путинцев құрастырған «История Сибирского казачьего войска», Омск, 1891, атты кітабын қараңыз). Міне, сондықтан да 1844 жылға дейінгі барлық құжаттарға Аманқарағай округі болып жазылса, содан кейінгі жылдарда Құсмұрын округі болып жазылады.
Күнтимес те, Құсмұрын да – Шоқанның балалық шағы өткен жер. Құсмұрында Шыңғыс мектеп ашып, өз балаларымен қоса қазақтың талай баласына жан-жақты білім берді. Айтылған елді мекендер Қазақстан тарихында ерекше орын алады. Бірінде қазақтың ұлы ғалымы дүниеге келсе, екіншісінде балалық шағы өтті. Сондықтан дау туғызатындай ештеңе жоқ. Шоқан мұрасы жыл өткен сайын халқымыздың игілігіне қызмет ететін болады».

Шоқанның өмірінің соңғы жылдары Черняев экспедициясында өткені мәлім. Әулиеатаны қанға бөктіріп, қанқұйлы саясат жүргізген қаныпезер генералмен, әрине, демократ-ғалым әрі гуманист жазушы қатар жүре алмас еді. Міне, сондықтан да Шоқанның Тезек төренің ауылына келуі орыстың сол тұстағы озбыр саясатын мақұлдамауы және жат жұртқа білім қуып кеткен ұлдың туған даласына, өз ошағына оралуы деп те түсінгеніміз абзал.

Ауылдастары атақты Абылай ханнын шөбересі деп құрметтеген, әріптестері орыс армиясының офицері деп марапаттаған Шоқан есімі қазақ елінің тарихына халқымыздың кемеңгер перзенті, ұлы ғалымы есебінде алтын әріптермен жазылды. Сегіз қырлы, бір сырлы дегенді Шоқанға байланысты айтатын болсақ, сексен қырлы жігіттің арқалаған ауыр жүгін тұтас институттар мен академиялардың өзі қабырғасы қайысып көтерер еді. Шоқанның бір өзі қазақ халқы мен Орта Азия халықтарының энциклопедиясы. Этнограф, топограф, географ, суретші, жазушы, зерттеуші көсемсөзші Шоқан қамшы сабындай қысқа ғұмырының ішінде қазақтың киіз үйінен бастап моласына дейінгі тұрмысын суретке салып бейнелеп, көркем сөзбен шолу жасап, қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресін де, қазақ даласындағы билік жүйесін де, Азия қалаларының біразының сипаттамасын да, Ислам дініне көзқарасын да жазып үлгірген. Қазақтың ежелгі қарулары қандай болған? Музыка аспаптары қандай? Олардың алғашқы орындаушылары кімдер болған? Даладағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қандай? Осылардың бәріне ғалым еңбектерінен жауап табуға болады. Тілді халықтың басты ерекшелігі деп есептеген ғалым қазақ халқының ертегі-аңыздары, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, дастандары, мақал-мәтелдеріне таңдай қағады.

«Өгіздің мойыны жаман, орыстың ойыны жаман» деген мақалды естігенде, оған: «Пословица «У вола шея плоха, а с русским шутка плоха» явно говорит, что она родилась у кайсака, когда мы приобрели влияние в степи», – деген түсініктеме береді.

Әулиекөлдегі Ханжатқан ұлт батыры Кенесарыдай асылдар жүрген, ұлы ғалым Шоқанның табаны тиген жер болса, қасиетті Күнтимес ұлы ғалымның кіндік қаны тамған, Зейнептей асыл ханым қазақ халқының болашақ ұлы перзентінің денесін шілде суымен жуған жері. Шоқан бір ғана мекенге байланып қалған жоқ. Оның ауылы екеу, тіпті бірнешеу болса да айып па екен?! Сондықтан да бізге Шоқанның атамекені Сырымбет те, кіндік қаны тамған жері Күнтимес те, өскен елі Құсмұрын да, топырақ бұйырған мекені Алтынемел де ерекше қымбат.

Ақылбек ШАЯХМЕТ,
сурет газет архивінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77