Талғат Жиентаевтің спорттық жолы 2006 жылы Аулиекөл ауданында басталды. Ол кезде жас өрен тек өз армандарын іздеп, жаттығу залдарына алғаш қадам басқан еді.
Алғашқы ұстазы – Қайркелді Маканов, ол өз кезегінде грек-рим күресімен ғана емес, бірнеше спорт түрімен де айналысып, жас Талғатты да баулыды. Спортқа деген қызығушылық күн санап артып, Талғат 2011 жылы қазақша күресте алғашқы қадамдарын жасап, өмірінің жаңа белесіне жол ашты. Сол сәттен бастап оның спорттық мансабы қанаттанып, күрестің бірнеше түрінде бағын сынап, түрлі жарыстарға қатысуды әдетке айналдырды. Қазіргі таңда Талғат Жиентаев Қостанай ауданы мен облысының мақтанышы, қазақша күрес, белдесу сияқты спорт түрлерінен бірнеше рет жүлдегер атанған, сондай-ақ самбодан Еуропа Кубогының чемпионы. 2022 жылы оның спортқа қосқан елеулі үлесі мен жетістіктері үшін Талғаттың есімі Қостанай облысы Жастарының Алтын кітабына енді. Бұл – Қостанай өңірінің ғана емес, тұтас Қазақстанның спорт әлеміне қосқан зор үлес.
– 1-ші сыныпта қазақ күресімен айналысып, спортқа деген ынтам ашылды, – деп еске алады Талғат.
– Спортқа деген қызығушылығым көшеде пайда болды. Өйткені Қайркелді Макановпен бір көшеде тұрдық, ол менің алғашқы жаттықтырушым болған еді. Мені күрестің қыр-сырына да баулыды. Уақыт өте келе мен грек-рим күресіне де қызығушыық танытып, 12 жасымнан бастап кәсіби түрде жаттығуға кірістім, – деп атап өтті ол.
Талғаттың спорттағы жетістіктері, оның тумысынан бері күш-жігерін сарқа жұмсаған еңбегінің жемісі. Ол Аулиекөл ауданында көп балалы отбасында дүниеге келген. Талғаттың әкесі мен анасы балаларына рухани азық беріп, олардың әрқайсысына спорттың бір түрімен айналысуға мүмкіндік жасаған. Бұл отбасында Талғаттан басқа да спортшылар бар. Мәселен, оның ағасы Тоқтар – қазақша күрестен Азия чемпионы, ал қалған бауырлары да спортқа деген ынтасымен танымал.
– Отбасымызда алты баламыз: төрт ұл, екі қыз. Бәріміз де спортты өз өміріміздің ажырамас бөлігі деп санаймыз. Спорт біздің мақсатымыз бен жетістігіміздің негізі болып табылады. Үлкен ағам Тоқтар да танымал чемпион, атақты балуан. Арамызда екі жылдай айырмашылық бар, сондықтан балалық шағымыз бір-бірімізбен жарыса жаттығып, бірге өсті. Әрдайым бірге жаттығып, бір-бірімізді қолдап, жеңістерімізді бірге тойладық, – дейді Талғат.
Талғат 11 түрлі спорт түрінен спорт шебері атанып, олардың ішінде бес түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие. Оның басты бағыты – грек-рим күресі болса да, қазақ күресі мен басқа да спор түрлеріне деген құштарлығы мен қызығушылығы айрықша. 15 жасында Қостанай қаласына көшіп, Талғат өзінің спорттық жолын жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтты. Осылайша, ол өзіне жаңа бағыт ашып, 2019 жылы жекпе-жек өнеріне бет бұрып, ММА бойынша чемпионаттарда тамаша нәтижелер көрсетіп, көпшіліктің көзайымына айналды. 2021 жылы алғаш рет ММА бойынша Қазақстан чемпионатына қатысып, өзінің шеберлігін дәлелдеп, екі рет қатарынан жеңімпаз атанды.
Талғат Жиентаев өз жетістіктерін тек өз еңбегіне ғана емес, сонымен қатар ата-анасының берген терең тәрбиесіне, бауырларының ақыл-кеңесіне арнайды. Ол өз жетістіктеріне тоқтап қалмай, әрдайым жаңа мақсаттар мен биік белестерге ұмтылады.
– Ағам мені тек жеңіске жетуге ғана емес, оның жолында еңбек етуге де үйретті. Ол әрқашан мені қолдап, өзінің спорттағы үлкен жетістіктерімен мені шабыттандырып отырды. Біз, тек ата-анамызды ғана емес, өз елімізді де мақтан тұтып, үнемі биік нәтижелерге жетуге ұмтыламыз,- дейді Талғат.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77