Социум

Жеке кәсіпкер екі көмекке зәру отбасына қол ұшын берді

Кішкентай бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар мен киім-кешектер ұсынылды

Қоғамда көмекке зәру жандар қаншама. Соңғы уақытта осындай қайырымдылықты қажет ететін жандар жайында БАҚ-ы жан-жақты жазып, оларға тисілі көмек көрсетілуіне мұрындық болып жатады. Жасыратыны жоқ, біздің газетке хабарласып, көмек сұрайтын тұрғындар да жеткілікті. Мұндай жағдайда редакция қызметкерлері олардың телефон нөмірлері мен мекен-жайларын жазып алып, жаны жомарт жандар кездесіп жатса, көмек берулерін сұрап жатады.

Осы ретте біздің редакцияға жақында көмек сұраған жандар болса, балаларға киім-кешек және тәтті алып беруге дайынмын деген ниетін білдіріп «БейЕр» жеке кәсібінің иесі Шынар Искакова арнайы келген еді.

Сөйтіп кәсіпкер қаламыздағы екі отбасыға көмегін ұсынды. Ол бірінші болып шаһарымызда Майлин көшесіндегі 13-ші үйде екі бөлмелі пәтерді 95 мың теңгеге жалдап тұрып жатқан алты баласы бар жалғызбасты ананың үйіне барып, кішкентай бүлдіршіндерге тәттілер мен киім-кешектер ұсынды.

Дмитрий, Виктория, Ева, Влада, Богдан, Спортак есімді алты балалардың анасы Инна Петрецова қандай да бір көмектен бас тартпайтынын айтады.

-Мен алты баламен екі бөлмелі пәтерді жалдап отырмын. Ай сайын 95 мың пәтерге, 15 мың коммуналдық қызметке төлеймін. Шыны керек осы айда қалай төлейтінімді білмеймін. Белгілі бір жерде жұмыс істемеймін. Балаларым кішкентай болғандықтан тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Қазір көп қабатты тұрғын үйлерде подьездердің еденін жуып ақша табамын. Жергілікте әкімдікте пәтер тізімінде тұрмын. Бірақ одан әлі хабар жоқ. Ай сайын пәтерақыны төлейтін кезде қиындықтар туындайды.  Балаларымның бәрі қаламыздағы №8 мектепте білім алады. Менің ана жерден, мына жерден тапқан табысым ештеңеге жетпейді. Сондықтан көмектесемін деген жандар болса қуана-қуана қабылдар едім,-дейді.

Осыдан кейін көмекке зәру жандарға қол ұшын беру мақсатымен кәсіпкер қаламыздағы Пушкин көшесінің бойындағы жатақханалардың бірінде тұратын екі баласы бар жалғыз басты әке, мүмкіндігі шектеулі жан  Владимир Резнеченконың үйіне барып, тәтті сыйлықтар мен киім-кешектер табыс етті.

Жалғыз басты әке Владимир Резнеченко туғанынан 2-ші топ мүгедегі екен. Отбасын құрып, Таня және Андрей есімді балалардың әкесі атанады. Құдай қосқан жары дүниеден өткеннен кейін екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Әйелі қайтыс болғанда қызы Таня 5 жаста болса, ұлы Андрей 1 жаста болыпты. Қазір қызы 5-ші сыныпта, ұлы 1-ші сыныпта оқып жатыр. Екеуінің де оқу үлгірімі жақсы. Қызы сурет салғанды ұнатады екен, ал ұлы Андрей күреспен айналысуды қалайды. Алдағы уақытта жалғыз басты әке ұлының қалауын орындап, Андрейді күрес секциясына беретінін айтады.

-Жалғыз басты әке болу оңай емес. Басында әйелім қайтыс болып, балалармен қалғанда қатты қиналдым. Қазір бәрін де үйреніп алдым, тамақты дайындап, кір жуамын, үй жинаймын, балаларымның сабағына қараймын. Бұрын тұрақты жұмысым болатын. Қазір ұлым 1-ші сыныпқа барған соң, оны мектепке апарып, алып келетін адам болмаған соң, жұмысты қойып отырмын. Балаларыма үкіметтен 54 мың теңге жәрдемақы аламын. Өзіме мүгедектік үшін берілетін жәрдемақыны қосқанда барлығы 110 мың теңге болады. Бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес қой. Күнделікті азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттырды айтпағанда, балаларымның мектепке киетін киім-кешегі мен құрал-жабдықтары да бар. Азық-түлік те қымбаттап барады. Осының бәрі көп қаражатты қажет етеді. Осылай маған келіп көмектескен жандарға алғысым шексіз,-деді.

Өз тарапынан осындай жалғыз басты ана мен әкеге өзіндік көмегін беруді ұйғарған жеке кәсіпкер алдағы уақытта да бұл жандарға мүмкіндігінше көмектесіп тұратынын айтты.

-Қолыңда барды өзгемен бөлісіп, көмекке зәру жандарға қол ұшын беру мұсылман жанның парызы. Қайырымдылық ұлы іс. Мен жалғыз басты ана немесе әке болу дегенді өте жақсы түсінемін. Өйткені, мен өзім де жалғыз басты анамын. Кезінде осындай көмекке мен де зәру болдым. Сол кезде маған да көмектескен жандар болды. Әлі күнге дейін сол кісілердің жақсылығын ұмытқан емеспін.

Міне, енді өзім жеке кәсіп ашып, қаражат таба бастаған сәтті қолымдағы барыммен көмекке зәру жандармен бөліссем деген ойға келіп, кішкентай бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар сыйлап, киім-кешек сатып алып беруді ұйғардым. Сондай-ақ жалғыз басты ана да, жалғыз басты әке де балаларына керекті киім-кешектерді айтты. Алдағы уақытта бұл кісілерге өздері сұраған киімдерді алып беремін. Мүмкіндігімше осы кісілерге үнемі көмектесіп тұрсам деймін,-дейді кәсіпкер.

Қайырымдылық адамгершілігі мол жандарға тән қасиет. Алла разылы үшін, көмекке зәру жандарға қол ұшын беру сауапты істің көрінісі болса керек. Жан-жағымыздағы жандардың жанайқайына бей-жай қарамай, қолда бармен бөлісіп, қоғамда игі іс атқарып, жақсылық жасап жарыссақ тамаша емес пе.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77