Біздің Қостанай

Желтоқсан құрбандары мәңгі есімізде

Тәуелсіздіктің бастауы Желтоқсан оқиғасында жатса керек…

«Тоңдырды мені, тоңдырды сені, желтоқсан желі ызғарлы» деген өлең жолдары барынша шындықпен ұштасып жатқандай. Иә, желтоқсан ызғары қазақтың көкірегінде ұмытылмастай болып қалды. Оған себеп, 1986 жылдың 16-шы желтоқсаны болса керек.

Міне, бүгін Қазақстанның Тәуелсіз ел атанғанына 30 жыл толып, асыр салып тойлап жатқан жайымыз бар. Бірақ, осы Тәуелсіздіктің бізге қалай келгеніне көңіл аударып жатқан жан байқалмайды. Тек Тұңғыш Президенттіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз 30 жылдың ішінде атқарған жұмыстары мен жеңістерінің жемісін сөз етумен шектеліп қана отырмыз.

Тәуелсіздік дегенде ойымызға кең байтақ жерімізді қара білектің күші мен найзаның ұшымен қорғаған батыр балаларымыз оралатыны белгілі. Одан бері шегінсек қазақ ұлтын білімге, ілімге шақырған Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сынды ұлы дала тұлғалары көз алдымызға келері анық.

Одан бері ойласақ, «Қазақ» газетін жарыққа шығарып, қоғамда болып жатқан саясаттан ұлтына хабар беруді мақсат еткен «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсыновтың салған дара жолы жатқандай. «Оян қазақ» деп кең далаға жар салған Міржақып Дулатовтың түсінік пайымы кімге болса да, үлкен үлгі болса керек.

Тәуелсіздік – бір адамның ғана арқасында келген емес, бүкіл Алаштың арқасында келген ұлы жеңіс. Осы жолда қыршыннан қиылған жастарымыз да аз болмады. Бір үйдің үлбіреген үміттері білім алу мақсатымен Алматы шаһарына аттанып, сол кездегі елімізде жүргізіліп жатқан солақай саясатқа жан аямай қарсы шыққан жастардың ерлігі қазіргі ұрпақ үшін үлгі.

Сол кездегі солақай саясат деуіміздің астарында 1986 жылдары қазақ ұлтының тілі, намысы тапталып, еленбей қалған кез еді. Осыны көріп ашынған көкірегі ояу жастар жиналып алаңға шықты. Олар өз наразылықтарын танытып, ұлтымыздың тілін, дәстүрін, дінін қайтарып, құрметпен қарауды талап етті. Елімізге қазақ ұлтының әдет-ғұрпын, тілін білетін, жанын түсінетін басшының келуі керектігін жеткізді. Бұл сол кездері қазақ халқының толық азат ел болуын көксеген жастардың арманы еді.

Арты қан-жосық күреске айналды. Мыңдаған жастар жиналған Алматының «Брежнев» алаңы қанға бөленді. Сол жастарды бұзақылар деп қамауға алып, ұрып-соғып, кеміс қылып, жап-жас өрімдей қыздардың арын төккен әскерилердің істері адам шошырлық. Елім, жерім, тілім, салтым деген жастардың сағын сындырған сорлы саясат, әр қазақтың жүрегіне жазылмас жара салды.

Сол жарамен қаншама жыл өмір сүріп келеміз. Қазір сол кездерді еске алсақ жүрегіміздің қанжылайтыны белгілі.

Міне, осы қан-жосық күрестің ортасында болған А.Байтұрсынов атындағы өңірлік университетіне қарасты Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының тілдер және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филологиялық ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қарлығаш Нұрмұхаметовамен арнайы жолығып, сол ызғарлы 1986 жылдың 16-шы желтоқсанын еске алып, баяндап беруін өтінген болатынбыз.

– Жастардың көтерілуі бір күнде біреудің ұйымдастырған әрекеті емес, жастардың төзімі таусылғаннан кейін орын алған оқиға. Жастарды толғандырған мәселелердің шешімі табылмаған соң, атап айтқанда, сол кездері қазақ мектептерінің жабылуы, ана тілімізде еркін сөйлей алмағанымыз үлкен себеп болды. Өз елімізде өзіміздің билігіміз болмағандығы жастарды қатты ашындырды.

Ал енді сол бір оқиғаны еске алсам, 1986 жылдың 16-шы желтоқсаны ауа райы өте суық болды. Қара суық адам төзгісіз еді. Таңертең сабаққа бара жаттық. Мен ол кезде Қыздар педагогикалық институтында оқитынмын. Жасым жиырмада. Топта 25 қызбыз. Барлығымыз әрдайым бірге жүреміз. Сол күні таңертең сабаққа бара жатқанда бір жерде шоғырланып тұрған жастарды көрдік. Олардың ішінде студенттер мен зауыт, фабрикаларда жұмыс істейтін жастар болды. Осыдан бір күн бұрын Дін-Мұхаммед Қонаевтың зейнетке шығуына байланысты билікті болсатқаны жайында естіген болатынбыз. Оның орнына қазақшылықтың иісі мұрнына бармайтын, қазақ халқының жанын, тілін түсінбейтін Мәскеуден Геннадий Колбиннің басшылыққа тағайындалуы да жастардың рухын жаныған болуы керек, олар өз наразылығын ашық көрсетуге бел буды. Бұл жерде бір атап айтқым келетіні, бізді ешкім алаңғы шығыңдар деп үгіттеген емес, алаңға шыққан жастардың бар мақсат-арманы ана тіліміздің мәртебесін арттыру, қазақ мектептерінің санын көбейту, жоғалып бара жатқан дініміз бен салтымызды қайтару болды.

Осы топқа бізде қосылдық. Көпшілігінің қолында плакаттар, дауыс зорайтқыштар болды. Сөйтіп біз топ болып, Алматының барлық жоғары оқу орындары мен жатақханаларына бардық. Ондағы студенттер де біздің қатарымызға қосылды. Осылайша қатарымыз көбейе берді. Ұрандатып «Брежнев» алаңына келдік.

Алаңғы шыққан жастар «Тіліміз сақталсын», «Салтымыз сақталсын», «Қазақстан еліне қазақстандық басшы керек» деген талаптарын айта бастады. Осы талаптарды айтып бәріміз алаңда жүрдік. Түске қарай бұл алаңда ине шаншар жер қалмады. Жан-жақтан студенттер қосылып жатты. Жастар жиналған сайын, тәртіп сақшыларынан бөлек, мұздай болып киініп алған, қолдарында темір қалқандары бар, беттерін бүркеп алған әскери жасақтардың да саны арта бастады. Олар алаңға жиналған жастарды бес қатар болып қоршап алды.Сырттан келгендерді кіргізбеді.

Алаңға жиналған жастар трибунаға шығып, жоғарыда айтқан талаптарды қоя бастады. Осы кезде тәртіп сақшылары «Үйлеріңе қайтыңдар, бұл келгендерің ештеңені шешпейді, бұл орталықта Мәскеуде шешілген мәселе, сендер ештеңе өзгерте алмайсыңдар, оданда үйлеріңе қайтыңдар»,-деп айтып жатты. Оны ешкім тыңдаған жоқ, біз сол жерде жүре бердік. Содан бір уақытта қазіргі әнұранға айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің елім» әнін сол алаңдағы жастар бір дауыспен, бір дирижер нұсқап тұрғандай барлығы бір мезетте, бір сәтте, жылап тұрып айтты. Мен де жылап тұрдым. Елімізде болып жатқан соқыр саясатты сезінген жастардың барлығы егіліп тұрып осы әнді бір деммен айтып, Алматының аспанын дүр сілкіндірді. Сол кезде ұлттың бір мақсатқа ұмтылса, үлкен күш болатынын байқадық. Осы кезде рухымыз көтеріліп, ерекше әсерге бөлендік.

Осылай тұра бердік, бізге кетіңдер деп бірнеше рет ескерту жасалды. Содан сағат кешкі 9-дан кейін, біздің кетпейтінімізді түсінген болар, «Сендерге күш қолданамыз», «Кетпесеңдер жағдайларың жақсы болмайды», «Сендер оқудын шығарыласыңдар», «Осында болғандарың есепке алынасыңдар, оқудан, жұмыстан шығарыласыңдар», «Сендердің істеп жатқандарың бұзықтық, үкіметке қарсы төңкеріс», «Бұл дұрыс емес, сендер жассыңдар, сендер саясатқа араласпаңдар, оқуларыңды оқыңдар»,-деген қоқаң-лоқы жасалды. Бірақ бұған да ешкім құлақ асқан жоқ.

Бір кезде бізді айнала қоршаған, өрт сөндіретін машиналар жоғарыдан тастай салқын су шаша бастады. Осы сәтте таңертеңнен алаңда жүрген жастар одан да бетер ашынып, талаптарының орындалуын сұрап, өрт сөндіретін машиналарды бірінен соң бірін өртеуге кірісті. Сондай-ақ сол жердегі жастар тәртіп сақшыларының жағасына жармасып, шарт-шырт төбелес басталды да кетті.

Әскерилер жас жігіттер мен қыздарды ұрып-соға бастады. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, кәдімгідей төбелеске айналды. Әскери қызметкерлер қолдарындағы дубинкамен, темір қалқанмен жастарды аямай ұрып-соға бастады. Жылап, шыңғырып жатқан қыздардың даусы естіліп жатты.

Сол жерде тұрған бізге ұлты қазақ бір тәртіп сақшысы «Айналайындар-ау сендер не істейсіңдер, қазір мына жерде майып боласыңдар ғой, бір жерлеріңе қатты соққы тисе, жақсы болмайды, үйлеріңе қайтсаңдаршы»,-деді. Бір топта оқитын 25 қыздың бәріміз барғанбыз. Сөйтіп, жаңағы қақтығыстың ішінен әрең шығып, артымыздан қуған әскери қызметкерлерден үйлерді тасалап, қашып шықтық. Бір-біріміздің қолымыздан ұстап, өліп-талып, шаршап, жатақханаға түнгі бір жарымда келдік.

Жатақханаға келсек, институттың ректоры, біртуар азамат, профессор Сейілбек Исаев деген кісі алдымыздан шығып, «Қыздар мұнда не істеп жүрсіңдер, бұл істің арты дұрыс болмайды»,-деп тәртіп сақшыларының тергеуіне берместен, бәрімізді жатақханаға кіргізді. Кураторымыз да кафедра меңгерушісі де біздің жатақханада жүр екен. Сөйтіп, бұл кісілер бізді бөлмемізге қуып тығып, қайтадан шығармай қойды. Біз іштей басқа жастармен бірге күреспегенімізге қатты қынжылдық. Өзімізді қашып кеткендей, қорқақтық танытқандай кінәлі сезіндік.

Сөйтіп келесі күні сол алаңға шыққан қыз бен жігіттердің кейбіреулерінің қатты соққыдан көз жұмғанын, әскери қызметкерлердің қыздарды қала сыртына тиеп әкетіп, арын таптағанын, кейін ол қыздардың өз өмірлеріне қол жұмсағанын, бірнешеуі қатты соққы алып, кеміс болып қалғанын білдік. Бұл жаңалық бізге қатты тиді. Есімізді жиа алмай көп жүрдік. Жанымызда болған құрбы-құрдастарымызды ойлап қан жыладық. Осылайша қиын күндерді бастан кештік, – деп көзіне жас алды Қарлығаш Тұрғанбекқызы.

Иә, ол қанды жыл болатын. Болашағы зор қазақ жастарының өмірі қыршыннан үзілді. Баласына үмір артқан қаншама ата-ананың жанары құрғамады. Оқуға кеткен баласының өлі денесін көріп, жүрегі мұздай болған ананың жанын түсіне алармыз ба. Жоқ. Бұл мүмкін емес. Бірақ осы ауыр естелікпен өмір сүріп келеміз. 1986 жылдың 16-шы желтоқсанында мерт болған жастардың есімі мәңгілік жадымызда сақталады…

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77