Образование

Жерлесіміз жұмыс істеп, шетел мәдениетімен танысып жүр

Қазіргі таңда жастардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Түрлі бағдарламалар арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне шығып, еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндіктер жыл сайын артып келеді. Осындай сәттерді тиімді әрі уақытында пайдаланып қалу-әр жастың өз қолында.

Бүгінде шетелге шығып, жұмыс істеп қана қоймай, сол елдің мәдениетімен танысып жүрген жастар аз емес. Солардың бірі-Жансая Қибаш.
Жансая Елдосқызы Торғай жерінде туып өскен. Қазіргі таңда өзінің жазғы демалысын АҚШ-тың Аляска штатында өткізіп жатыр. Бұл сапарға тек демалыс үшін ғана емес, еңбек ету мақсатында барған. Айта кетерлігі, бұл- Жансаяның алғашқы сапары емес. Ол 2021 жылдан бастап шетелде еңбек етіп келеді.

– Университет қабырғасында менің жан-жағымдағы адамдар шетелге шығып, оқып, жұмыс істеп, саяхаттай бастады. Оған менде қызығып кетіп, түрлі мүмкіндіктерді зерттей бастадым. Кейін академиялық мобильдік арқылы шетелде оқуға талпындым. Үшінші курста Түркияға оқуға бару мүмкіндігіне ие болдым. Ол жақта 4 ай білім алдым. Барлық шығынды университет төлеп берді. Оқу барысында шәкіртақы тағайындалып, сол қаражатқа Түркияның он шақты қаласын аралап үлгердім. Оқуға жан-жақтан түрлі студенттер келіп, елдері туралы қызықты ақпарат айтқан кезде менің саяхаттауға деген құлшынысым ояна бастады, – дейді Жансая Қибаш.

Содан бері ол жыл сайын жаз мезгілінде шетелге барып, әрі жұмыс істеп, әрі саяхаттауды әдетке айналдырған. Осы уақытқа дейін Германия, Испания, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Чикаго сынды ірі қалаларында болып қайтқан. Сонымен қатар, тіл білудің өзі адам танымы мен дүниетанымын қаншалықты өзгертетінін де ерекше атап өтті.

– Мен тек саяхаттап қоймай, жаңа нәрсені үйренгенді жақсы көремін. Тіл білуімнің арқасында адамдармен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Осы күнге дейін ағылшын тілді жақсы білемін деп ойлаушы едім. Мында келіп, күнде таныс емес сөздерді жаттап, сөздік қорым молаюда. Егер тіл білмесең, көбінесе адамдармен тікелей байланыс жасамайтын оқшаулау жұмыстарға жібереді.

Ал тіл арқылы адамдармен сөйлесіп, олардың мәдениетімен тануға, жаңа ақпараттар алмасуға болады. Бүгін менің әлемге деген көзқарасым өзгеріп, ой-өрісім кеңейді. Сонымен қатар, мен үшін өз елімді таныстырып, мақтау үлкен мәртебе, – деп толықтырып өтті.

Шетелде жұмыс істеп, бір айда кемі 700 000 теңге айлық табуға болады. Алайда, жалақы қаншалықты жоғары болғанымен, шығыста аз емес.

Мәселен, тұратын үйдің қырық шаршы метрлік пәтер үшін кем дегенде 400 000 теңге төлейсін. Сондай-ақ, ол шетелдегі еңбек мәдениетінің ерекшелігіне тоқталып кетті.

– Көптеген елдерге, әсіресе АҚШ-та жұмыс беруші жұмыскерге, «Сен жұмысшысын» деген көзқараста қарамайды. Керісінше, егер қиындықтар туындап қалса, түсіндіріп, бағыт-бағдар береді. Жылап тұрсаң, себебін сұрап, құшақтап жұбатады. Шаршағаныңды байқаса, демалып алуға да рұқсат береді. Бұл маған ерекше әсер еткен сәт болды, – деп өз толғанысын жеткізді.

Оның айтуынша, шетелде де біздің елдің адамдары секілді қонақжай, мейірімді жандар көп. Тіл білсең, кез келген адаммен еркін сөйлесіп, достасып кетуге болады. Кейбіреулер тіпті үйіне қонаққа шақырып, қажет болса, қалаған жеріңе тегін жеткізіп тастайды екен.

– Алғаш рет әуежайдан қонақ үйге дейін такси жалдап, 50 000 теңге төледім. Бұл-өте қымбат. Кейін адамдармен таныса келе, бірнеше рет үйіме дейін көлікпен тегін жеткізіп тастаған жандар болды. Қазақстаннан жалғыз келдім. Аляскаға аттанар алдында Сиэтл қаласында бір күн аялдадым. Қайда барсам екен деп орындықта отырғанымда, бір қыз жаныма келіп отырды. Сөйлесіп кеттік. Кейін ол қаланы аралатты, тіпті үйіне қонаққа шақырды. Сол кезде тіл білудің пайдасын, оның қандай мүмкіндіктер беретінін шын сезіндім, – дейді Жансая Елдосқызы.

Жансая сапар кезінде Қазақстанды да таныстыруды ұмыт қалдырмайды. Ол өзімен елден шоколад пен құрт алып барады екен. Сондай-ақ, суреттен мемлекетіміздің әсем жерлерін көрсетеді. Оның сөзінше, барлығы біздің елдің сұлулығына тамсана қараған. Шетелдік достары болашақта Қазақстанға саяхаттап келуге ниетті екендерін де жеткізген.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп бекер айтылмасы хақ. Көп тіл білу – ешқашан аздық етпейді. Себебі, бүгінгі жастар үшін әлем есігі ашық. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған жан, Жансая секілді түрлі елдерді аралап, тәжірибе жинақтай алады. Бойда тек батылдық болса болды, көптеген жетістіктерге жеткізеді. Ең бастысы тек алға ұмтылу деген талпынысты тоқтатпау керек.

Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суреті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77