Новости Образование

Жерлесіміз өзінің кәсіби білімін көрсетті

Атырауда өткен байқауда марапатқа ие болды

Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында  Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет майталманы, сазгер, күйші, сөз зергері Нариман Үлкенбайұлын дәріптеу мақсатында Атырау қаласында оның туғанына 80 жыл  толуына арналған I Республикалық музей қызметкерлерінің байқауы  болып өтті.

Нариман Үлкенбаевтың өмір дерегіне көз жүгіртсек, ол 1939 жылы 1 қаңтарда Атырау облысы, Исатай  ауданы  Манаш  ауылында  дүниеге  келген. Гурьев   дәрігерлік   училищесін   бітіргеннен   кейін, еңбек  жолын 1958 жылы Чапаев учаскелік ауруханасында фельдшер болып бастаған. 1957 жылы ұйымдастырылған 500 адамдық оркестрдің  құрамында үздік күйшілердің қатарынан көрінді. Кейін еңбек жолын мәдениет пен өнер саласына арнайды.

Биылғы жыл Жастар жылы болып белгіленуіне орай, байқауға қатысушылардың жас шамасы 20 мен 45 аралығында  шарт болғандықтан Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі атынан  ғылыми қызметкер Айымгүл Омарқанова қатысып қайтты.

Байқау төрт кезеңді қамтыды. «Келіңіз біздің музейге!» деген бірінші кезеңде музей экспозициясы бойынша 5 минуттық бейнеролик көрсетілді. «Менің өмірімдегі музей» атты екінші кезеңде   қазақтың көрнекті ағартушы-педагог, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің 175  жыл толуына арналған «Даланың дара Ұстазы» атты   жобамен таныс болды. Атырау қаласының жұртшылығы «Ұлы даланың ұлы есімдері» үшінші кезеңінде   қазақтың көрнекті ақыны, Қазақ ССР-інің халық жазушысы, Ы.Алтынсариннің туысы Мәриям Хакімжанова туралы тың мәлімет алды.

Төртінші кезеңде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбайұлының өмірі мен шығармашылығы, тұлғалық қасиеттері туралы сұрақ-жауап жүргізілді. Байқау қорытындысында қатысушыларға І-ІІІ орын және әр түрлі номинациялар тағайындалып, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Қостанай өңірінен барған Айымгүл Омарқанова «Тұлға танушы» номинациясы деген марапатқа ие болды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77