Біздің Қостанай Образование

ЖИ: мектеп тәжірибесі: білім беру жүйесіндегі жаңа кезең

Қазіргі таңда жасанды интеллект адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда. Күнделікті қолданатын қосымшалардан бастап, әр салада бұл технологияның мүмкіндігі кеңейіп келеді. Осы өзгерістер білім беру жүйесін де айналып өтпеді.

Мектептерде жасанды интеллектті енгізу ең алдымен мұғалімдердің кәсіби дайындығынан басталады. Мәселен, 1 жыл бұрын ғана ашылған №32 «Келешек» мектебінде 68 мұғалім толықтай ЖИ бойынша біліктілік арттыру курсынан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болған. Қазір педагогтер бұл технологияны сабақ барысында жүйелі түрде қолдануға тырысады.

Мектеп әкімшілігінің айтуынша, ЖИ әсіресе мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуде тиімді құралға айналған. Ол тапсырма дайындау, қысқа мерзімді жоспарлар құру, презентациялар мен бейнематериалдар әзірлеу барысында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, ЖИ құралдары сабақ мазмұнын байытудан бөлек, білім алушылардың қызығушылығын арттыруда да таптырмас құрал.

– Басты мақсат – білім сапасын арттырумен қатар оқушыларды цифрлы дәуірде өмір сүруге бейімдеу. Қазіргі заманда балалардың ынтасын арттыру үшін жаңаша тәсілдер қажет. Жасанды интеллект осы тұрғыда үлкен мүмкіндік береді, Мектеп оқушылары тек теориялық біліммен шектелмей, жаңа дағдыларды меңгеруге бағыт алуда, – дейді директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Нұргүл Сулекина.

Дегенмен, ЖИ-ді қолданудың өзіндік талаптары мен шектеулері де бар. Әсіресе, академиялық адалдық мәселесі өзекті. Оқушылардың дайын жауаптарды көшіріп алуы немесе тапсырманы ойланбай орындауы мүмкін.

– Мұғалімдер ЖИ-ді бақылаусыз құрал ретінде емес, оқушының білімін жетілдіруде көмекші ресурс ретінде пайдалануға бағыт беруде. Мысалы, тапсырманың негізгі бөлігін оқушы мектепте өз бетінше орындаса, үйде жасанды интеллект көмегімен өз жұмысын тексеріп, қателерін түзетуге мүмкіндік алады, – дейді Нұргүл Мыршақызы.

Мектепте арнайы академиялық адалдықты сақтау комиссиясы жұмыс істейді. Педагогикалық және әдістемелік кеңестерде ЖИ-ді тиімді пайдалану жолдары тұрақты түрде талқыланып отырады. Әр отырыста бұл тақырыпқа арнайы назар аударылып, мұғалімдер тәжірибе алмасады.

Жасанды интеллект әсіресе бастауыш сыныптарда және жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерде белсенді қолданылуда. Мәселен, кей мұғалімдер ЖИ көмегімен мультфильмдер жасап, сабаққа енгізсе, енді бірі виртуалды зертханалық жұмыстар арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруда. Биылғы оқу жылында бастауыш сынып оқушысы «Зерде» байқауында мультфильм жобасын қорғап, жүлделі орынға ие болған.

Заманауи мектептердің тағы бір ерекшелігі – техникалық жабдықталуы. Интерактивті панельдер, түрлі цифрлық құрылғылар ЖИ-ді тиімді қолдануға толық мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде оқыту форматын жаңартып, оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді.

Жасанды интеллект – мектептен басталған болашақ

Соңғы жылдары ашылып жатқан заманауи «жайлы мектептер» – оқушыларға қолайлы орта ғана емес, болашаққа қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік беретін білім ошағы. Соның ішінде ерекше назар аударатын бағыттардың бірі – робототехника.
Робототехника үйірмелері бүгінде оқушылардың логикалық ойлауын дамытатын, бағдарламалау негіздерін үйрететін маңызды алаңға айналып отыр. Мұнда балалар түрлі жобалар жасап, өз идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда бақ сынауда. Ал бұл – жасанды интеллектті меңгеруге бастайтын алғашқы қадамдардың бірі.
№32 жайлы мектебінде робототехника үйірмесіне шамамен 30 оқушы қатысады. Олар аптасына екі рет келіп, түрлі жобалар жасап, жарыстарға дайындалады. Үйірме жетекшісінің айтуынша, робототехника – оқушылардың алгоритмдік ойлауын дамытудың тиімді жолы.

– Жасанды интеллект бізге ең алдымен алгоритм құру үшін қажет. Робот қандай әрекетті бірінші, кейін қайсысын орындауы керек – соның бәрін ЖИ арқылы жүйелейміз. Оқушылар бүгінде кеңінен танымал ChatGPT секілді құралдарды пайдаланып, өз жобаларын жетілдіріп жүр, – дейді үйіре жетекшісі Ерлан Ертышпаев.

Үйірмеге қатысушылар да бұл бағытқа ерекше қызығушылық танытуда. 8-сыныпта оқитын Жания мен Исламбек биыл «National Robotics Games» атты облыстық жарыста «Садақ ату» санатында 11 команда арасынан үздік деп танылды. Жания болашақта веб-дизайнер болуды армандайды:

– Робототехника – мен үшін мамандығыма жасалған алғашқы қадам. Біз жасаған садақ ататын робот нысананы анықтап, дәлдеп ата алады. Бас кезінде қиындықтар да болды, роботомыз қисық ататын. Әр сантиметрін өлшеп, ақауын түзеп, 3-4 күн ішінде жарысқа шықтық.

Сонымен қатар оқушылар облыстық «Robotek Grand Tournament» олимпиадасында «Сұрыптаушы робот» жобасымен де 1 орын иеленіп, республикалық сайысқа жолдама алыпты.

– Мен кішкентай күнімнен лего құрастыруды ұнататынмын. Осы үйірмеге қатысуымның бір себебі осы. «Сұрыптаушы робот» хаб арқылы әрекет етеді. Оған Spike платформасы арқылы бағдарлама енгізіледі. Робот жан-жағындағы кубиктерді ажыратып, сәйкес түспен атады. Қазір мамыр айында Астанада өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз, – дейді Исламбек Исмайлов.

Үйірмеде тек қарапайым роботтар ғана емес, ЖИ элементтері енгізілген күрделі жобалар да жасалуда. Солардың бірі – виртуалды шындық негізіндегі «VR күн жүйесі». Авторы – 10-сынып оқушысы Алдияр Хусаинов.

– Бұл жобаны жасауға 3 аптадай уақыт кетті. VR көзілдірік арқылы күн жүйесін жасап, оған жасанды интеллект енгіздік. Оқушы күн жүйесімен танысу үшін виртуалды әлемге өтеді. Кез келген планетаға «ұшып барып», оларды көзбен көріп және чат арқылы тілдесе алады. Әр планетада ЖИ орнатылған, ол кез-келген сұраққа жауап береді. Мысалы, чатта «сенің атың кім, сенің радиусың қандай, жылына неше рет айналасың?» деген тәрізді сауалдарды жолдап, жауап алуға болады, – деп Алдияр өз жобасын таныстырды.

«VR күн жүйесі» білім беру үдерісінде де тиімді қолданылуы мүмкін. Мұғалімдердің айтуынша, мұндай технологиялар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, күрделі тақырыптарды жеңіл түсінуге көмектеседі.

– Бұл жобаны бастар алдында физика пәні мұғалімімен кеңесе отырып, Unity деген платформа арқылы күн жүйесінің 3Д моделін жасап, оған 9 планетаны орналастырдық. Бұл жаратылыстану пәні үшін өте танымды әрі қызықты құрал. Қазір жоба деңгейінде, алдағы уақытта қазақша клавиатура енгізіп, әлі де толықтырулар енгіземіз ба деген ой бар, – дейді Ерлан Торғайұлы.

Жасанды интеллект бүгінде білім беру жүйесінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Ол тек мұғалімнің жұмысын жеңілдететін құрал ғана емес, оқушының ойлау қабілетін дамытып, өзіндік ізденісіне ықпал етеді. Ең бастысы – бұл технологияны тиімді әрі саналы қолдану.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77