Біздің Қостанай

Жігіттер намысты қолдан бермейді

Ұлттық спортымызды дамытып жатқан азаматтар жайлы сөз


Қазақ халқы ықылым заманнан бері жүректі батыр ұлдары мен қылықты қыздарына ұлттық ойындарын үйретіп, оларды үнемі ширатып отырған.

Біздің өткен тарихымыздан белгілі көкпар, ат бәйгесі, алтыбақан, асық ойнау, ақ сүйек, қазақша күрес және басқа да ойын түрлерінің кейбіреуі бүгінде ұмыт болғанымен, уақыт өте жаңғырып, жастардың қызығушылығын тудырып келеді.

Осы ретте Елбасының ұлттық асыл қасиеттерімізді жаңғырту мақсатында басылым беттерінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» деп алатын құнды мақаласының орны бөлек.

Мұнда мемлекет басшысы көп жайды еске салып, алда тұрған асыл мұраттарымызды айқындаған. Оны оқып шыққан жұртшылық рухани жағынан кемелденіп, көп жайды көңілдеріне түйді.

Біздің бүгінгі әңгімемізге өзек болып отырған ұлттық ойындарымыздың өңірімізде ерекше орын алатындығына тоқталып өтелік.

Бұл орайда біздің облыста да тындырылып жатқан жұмыстар аз емес. Өздеріңіз білесіздер кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттырушысы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы Оразқожа Сейдахметов бапкер болып тұрған кезінде көкпардан өңіріміздің намысын қорғап, қаншама шәкірттер тәрбиеледі.

Қазіргі таңда оның шәкірттері де тәлімгерлерінің жұмыстарын одан әрі жалғасытырып, шеберліктерін шыңдап келе жатқандығы көпке белгілі.

Оразқожа Сейдахметовтың жан-жары Жаңылсын да Қостанайдың абырой-беделін асқақтату мақсатында, жас шәкірттерін дайындап, ат спортын дамытуға өзінің қомақты үлесін қосып жатқаны белгілі.

Ат спорты, бәйге жарысы, қыз қуу секілді ұлттық спортымыз бен ойынымызды дамыту мақсатында, Заречный кентінде орналасқан «Қазақ тұлпары» жылқы зауытындағы жігіттердің де атқарған жұмыстары ересен.

Қазіргі таңда облысымызда қазақша күрестен шәкірттер дайындап, жарысқа қатысытырып жүрген аға жаттықтырушылардың бірі – Жұмахан Қасымханов десек қателеспейміз.

Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Өзі жастайынан қазақтың ұлттық спортын дамытсам деп армандайтын. Осы мақсатын жүзеге асыру жолында қаншама талпыныстар жасады десеңізші.

Белгілі жаттықтырушы тек ғана өзін ойлап ғана қойған жоқ. Оның көздегені өңірдің, күллі республикамыздың абырой-беделін көтеру еді. Сол бағытта әлі күнге дейін жемісті қызмет атқарып жатыр.
Ол тек бапкер ғана емес, өзінің үлкен ұлын да кішкентайынан спортқа баулып, оның жаттығуларын үнемі қадағалап отырады.

Біз бұрыннан өзіміздің ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ойындарды одан әрі өркендетіп, ауыл-ауылдардан дарынды балаларды жинап, оларды шеберлікке баулуымыз қажет. Баршаға мәлім, қазіргі таңда мемлекетіміз спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп жатыр.

Сол себептен де қазақша күрес, көкпар, қыз қуу, аударыспақ секілді спорт түрлерін барынша жаңғыртып, жастардың бойындағы қарым-қабілеттерін шыңдауымыз керек.

Мұндай қолынан іс келетін жаттықтырушылар, іскер азаматтар Қостанай облысынан да табылады. Сондықтанда бүгін қозғалып отырған мәселеге барынша назар аударғанымыз жөн.

Қазақ халқы өзінің чемпиондарымен мақатан алады. Бұл орайда кезінде әлемге танылған Қажымұқан Мұңайтпасов секілді аталарымыздың өмірі өнеге.

Сондай-ақ кезінде олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіровтың де атақ-даңқы дүниежүзіне жайылды. Ол Қазақстанның Еңбек Ері, спорт жанашыры.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Сурет – Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77