Немесе ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатқан Қамаш апа жайлы толғаныс

Ана ұлағаты

Жылдар бір орында тоқтамай алға қарай жылжи береді екен. Бүгін тілге тиек етіп отырған қазақтың ардақты қызы, сүйікті әже Қамаш апамыз сексеннің сеңгіріне толды.

Әлі есімде осыдан біраз жыл бұрын ол кісі жайлы қалам тартқан едім. Өзімен хабарласып жастық шағы, бақытты ғұмыры, отағасы екеуінен тараған ұрпақтары жайлы көп мағлұмат алғанмын.

Кейін облыс орталығында тұратын қызы мен күйеу баласының үйінде болып, тағыда өзіме белгісіз қырлары жайлы сөз еткенбіз. Оның өмірі шын мәнінде барша қазақ қыздарына өнеге.

Өзі 20 бала тапқан бақытты жан. Оның кескін-келбетіне қарап, мұндай ұл мен қыздарды дүниеге әкелген деп ойламайсың. Өйткені, қаншама перзенттерінің қиындығын көрсе де жақсы сақталған.

Әрине, адам болған соң бас ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Оған пәлендей мән бермейді. Дәрі-дәрмектен гөрі таза ауада жүріп, өзгелерге мейірімділік пен қайырымдылық көрсетуді ұнатады.

Әрине, 80 жас деген оңай емес. Бірақ ол ештеңеге де мойымады. Айналасындағы ұрпақтарының қызығына бөленіп, солардың еңбекте алда, оқу да озат екендігіне шүкіршілік етіп, тіршілік кешіп жатқан жайы бар.

Апамыз өткен 27 жылда 20 бала тапты. Алайда ол ешқашан да қазақтың ырымы бойынша ұл мен қыздарының санын айтқанды ұната бермейді. Ең бастысы, солар аман-сау болып, елі мен халқын адал қызмет етсе екен дейді.

Ол негізі бейнеттен ешқашан қашқан емес. Адам баласын тек ғана адал қызмет, іс-қимыл үлкен мақсатқа әрі алға жетелеп, отыратындығын жасырмайды.

Азаматы дүниеден ерте өтті. Сондықтан қара шаңырақтағы 16 қыз бен 4 ұлды жеткізуге барын салды. Соның арқасында бәрі де өмірден өз орындарын тауып, анасын алақандарына салып аялап отыр.

Елбасының қабылдауында болды

Көп балалы балалар өте бауырмал болады екен. Олар бір-бірін қолдарынан жетелеп өсірді. Аналары жұмысқа кеткен кезде қыз балалар ол үйге келгенше барлық шаруаларды тындырып, шешелерін қуантуға тырысатын.

Дегенмен де «Балалы үй базар» дегенді ұстанған қайсар тұлғалы апамыз жарқын күндерді тек ғана алдан күтті. Қазір перзенттері өзін бақытқа кенелтті деп айта аламыз.

Елімізде мұндай көп бала тапқан аналар сирек. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да қабылдауында болды. Бірақ онда барғанда баспана немесе басқа да аса зәру мәселелерін айтқан емес.

Тек ғана кенже ұлы яғни бірінші топтағы зағип Кенжеғұлдың шет елде оқуына қолдау көрсетуін өтінді. Өйткені, ол өте білімді, парасатты бауырымыз. Сондықтан да болар, үлкен мақсатқа жету жолындағы талпынысы және зеректігінің арқасында АҚШ-та Лондонда, Жапонияда оқып келді.

Әрине, нағыз патриот адам үшін қазақ еліне не жетуші еді. Кенжеғұл Еуропаға саяхат жасауға барған жоқ. Ол жақтан терең білім алды. Ой-өрісін кеңейтті. Сол мемлекеттерден көргені мен түйгенін ел мүддесіне жұмсауға белін бекем буды.

Басқа ұл мен қыздары да өз қатарынан қалмады. Асыл да бейнетқор шешелері олардың бәрінің де заман талабына сай мамандықтарды игеріп, халқына адал еңбек етуге баулыды.
Қазақтың қыздары қашан да мейірімді, қайырымды, инабатты келеді. Қамаш апа көп балалы анамын деп басшылардың мазасын алып, табалдырық тоздыратын кісілердің санатына жатпайды.

Уақыт деген кез-келген адамды егер ол талапты, жауапты әрі еңбекқор болса түбі көздегеніне жеткізбей қоймайды. Оған әр баласы өте ыстық.

Кезінде жұмыстан қанша шаршап келсе де сол перзенттерін көргенде жүрегі жібіп сала беретін. Олардың әрқайсысының тәтті қылықтары, мінездері тәнті ететін.

Ғұмырларына серік болар кәсіп таңдағанда да ерікті олардың өзіне берді. Өсе келе қыздары тұрмысқа шықса, ұлдары келін түсірді. Немере, шөбере сүйді.

Әрине, кейбір қыз-келіншектер өзге елдерге еліктеп, екі-үш баладан артық таппайды. Сондықтан қандастарымыз яғни болашақ келіндеріміз бұл мәселеде ойланғандары жөн.
Қазір кенже ұлы Кенжеғұл да анасын шексіз қуанышқа бөлеп отыр. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, Америкада ағылшын тілін үйренсе, Англияда магистратурада оқыды. Міне, мұның бәрі де бір жағы Қамаш апаның арқасы.

Оразалы Жақсанов

Администратор сайта

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись