Ұлағатты ұстаз Бейсенкүл Әлменова жайлы мөлтек сыр

Ұстаздық кәсіпті жанына серік еткен менің бүгінгі кейіпкерім Бейсенкүл Әлменова шәкірт тәрбиелеуші ұстаз атанғанына 34 жылдың жүзі болды.

Осы кезең ішінде бай тәжірибе жинақтады. Алдынан талай түлектер ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жатыр. Бұған әрине, тәлімгер шексіз қуанады.
Өз саласын жетік білетін білікті маман 1960 жылы Қарағанды облысы Жезқазған қаласында дүниеге келді. Зиялы отбасында тәрбиеленген ол бала кезден ұстаз атануды армандады. Ата-анасы зиялы кісілер болатын. Олар кішкентай қыздарының зеректігіне сүйсініп, оның жан-жақты адам болып қалыптасуына өздерінің айтарлықтай үлестерін қосты.

Алғыр да көпшіл Бейсенкүл Тұрсымбекқызы жылдар өте Ақмола облысы Державин ауданы Тасөткел елді мекенінде орта мектепті тәмәмдады. Содан кейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына студент болып, осы жерден орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
Қолына диплом алған жас маман жолдамамен бұрынғы Торғай облысына барып, ұстаздық жолын бастады. Осында қызмет атқара жүріп, өзінің болашақ жарымен танысты. Содан бері де қаншама жылдар артта қалды.

Бүгінгі таңда өзі жұмыс істейтін Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа 2003 жылы келіп, қызметін одан әрі жалғастырды.
Көп жылдық тәжірибесі бар ұстаз әлі күнге дейін өзінің білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөледі. Жақында осы мектеп-интернаттың жолдамасымен Алматы қаласында білімін жетілдірді.

Мұнда ол еліміздің басқа да өңірлерінен келген әріптестерімен кәсіптері бойынша ой бөлісіп, қазіргі заманға сай технологияларды меңгеруге ерекше назар аударды. Қазіргі таңда ол әрбір сабағында уақыт талабына сай жаңалықтарды енгізуге тырысады. Оның шәкірттерге берері мол.
Жыл сайын өзгеріп отыратын білім беру жүйесіндегі бағдарламалар да ұстаздар қауымынан үлкен сауаттылықты, жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Сондықтан да әрдайым ізденімпаздық танытып келеді.

Үстіміздегі оқу жылы 5-7 сыныптардың оқулықтары өзгеріп, жаңа бағдарлама бойынша дәріс беретіндіктері алдын-ала аян болғандықтан оған тыңғылықты әзірліктер жасады. Бұл күндері соның жемісін көруде.

Біз жоғарыда оның шәкірттерінің жетістігіне ерекше қуанатындығын айтып өттік. Мәселен, оның оқушылары қазірдің өзінде терең білімін танытып жүр.
Мысалы, Аида Күлмағамбетова 2015-2016 оқу жылында республикалық олипиадада орыс тілі және әдебиеті пәнінен 1-ші орынды иеленді. Одан бір жыл бұрын оның шәкірті Мадина Тоқышева да республикада топ жарған еді.

Оқушыларының осындай биіктен көрінуі Бейсенкүл Тұрсымбекқызы секілді қабілетті ұстаздардың тәлімгерлігіне де байланысты. Өйткені, ол әрбір тақырыпты талдап, оны оқушыларының саналарына жеткізе біледі.

Себебі, ол дарынсыз бала болмайтындығын жете түсінеді. Әрбір оқушының қарым-қабілетін ашуға ұмтылыс танытады. Соның арқасында шәкірттерінің арасында үлгірмейтіндер жоқтың қасы.

Адал еңбек қашан да бағаланбай қоймайды. Ұстаздың тың ізденістері көпшіліктің көз алдында. Ол өткен жылдарда ұстаздың ұстазына ғана берілетін Ыбырай Алтынсарин медалін кеудесіне тақты.

Сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Басқа да лайықты құрметке бөленді. Отбасында да бақытты. Отағасы екеуі Анара және Әнуарбек есімді перзенттеріне тағылымды тәрбие берді. Бұл күндері 4 немере сүйіп отырған ардақты әже.

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись