Социум

Енді балалар арасындағы іске ата-аналар да жауапты болады

Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысы бірқатар заңдарға қол қойды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды», – делінген хабарламада.

Енді балалар арасындағы буллингке ата-аналар да жауапты болады. Елімізде кәмелетке толмағандардың құқығын қорғайтын әкімшілік кодекске қабылданған түзетулер жарияланды.

– Жалпы мектептерде жиі кездесетін буллингтің бір себебі балалардың өз ортасында көшбасшы болуға ұмтылуы. Буллер басқаларды төмендету арқылы өзін көтермелейді. Бірақ қазір заң бойынша бұған жауапкершілік енгізілген. Шамамен 35 мың теңге айыппұл салынады. Келтірілген зиянға байланысты бұл қарапайым ескерту немесе қылмыстық жауапкершілік те болуы мүмкін, – дейді мамандар.

Психологтардың айтуынша, буллинг бұрыннан келе жатқан дерт деп айтуға болады. Бұрындары мән беріп, мәселе ретінде қарастырылмаған. Бұл буллингтің түрлерін тіпті балаларға арналған ертегі кейіпкерлерінен де көруге болады. Мысалы «Ұсқынсыз үйрек», «Золушка» ертегілерінен көруге болады. Бірақ, қазір бұл мәселе әлеуметтік желілердің әсерінен асқынып кетті. Тіпті, буллинг жасаушы адам да жәбірленуші сияқты психологтың көмегіне мұқтаж дейді.

– Сондай-ақ, егер ата-аналар балаларымен эмоциялық байланыста болмаса, қандай да бір себептермен агрессия қалыптасады. Яғни, ол да буллингті басынан өткерген, – деді психолог Дана Бақытжан.

Бұл заңмен ата-аналардың басым бөлігі келісетіндіктерін айтуда. Олардың ойынша балалардың әрбір жасаған бұзақылығы үшін тек мектеп пен ұстаз ғана жауапты болғаннан ата-ана да жауапкершілік танытуы дұрыс дейді.

– Негізі, балалар үшін ата-ана жазаланса балалар да тынышталар. Тәрбие мен тәртіп отбасынан басталуы керек. Негізі, қатыгездер мен қылмыскерлер кішкентай кезінде құрдастарынан немесе жақындарынан зәбір көргендерден шығады. Себебі, олардың адам баласынан көңілі қалып, сенімсіздікпен өмір сүреді, – дейді көп балалалы ана Дина Қайдарова.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет ашық ақпарат көзінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77