Ерлікпен шыңдалған қазақ жігіті

Ерлікпен шыңдалған қазақ жігіті

немесе Ауған соғысының ардагері Манарбек Сұлтанғазин туралы толғаныс

Бозбаланы қиындық шыңдайды

Шіркін, жастық шақ адам өміріндегі ең бір ұмытылмас кезең ғой. Ол кезде көргенің мен түйгенің мәңгілік жадыңда сақталады. Қарсы алдымда отырған яғни бұл күндері 50-ді еңсерген Манарбек Жәлелұлы Сұлтанғазин де салиқалы да салмақты қандастарымызың бірі.

Оның нұрлы жүзіне қарап, кешегі ауған жерінде өзінің интернационалдық борышын өтеген қазақтың қарапайым жігітінің қайсарлығына таң қаласың.

Алайда, ол кейбіреулердей орынсыз мақтанды, түймедейді түйедей етіп, айтуды жаны сүймейді. Осы кездесуге де өзін әрең көндірдім. Өйткені, алдағы 25 желтоқсанда Кеңес әскерінің Ауған мемлекетінен шығарылғанына 38 жыл толады.

Міне, сол кезде шырылдап жарық дүние есігін ашқан сәби бір үйдің иесі боларлықтай жасқа жетті деген сөз.

Ол аз сөйлеп, көп іс тындырғанды ұнатады. Өткен жылдардағы өз басынан кешкен оқиғалардан гөрі әріптестерінің көрсеткен ерлігі мен батылдығы жөнінде әңгімелегенді жақсы көретіндігін де жүздесу барысында аңғардым.

Мәкең маған өзі қызмет еткен батальонның өмірі жайлы баяндалатын яғни Мәскеуде арнайы баспадан жарық көрген „Афган. Баграм. Разведка„ деп аталатын кітапты оқып шығуымды өтінді.

Көлемі ауқымды, сарғыш түсті әдемі безендірілген Қызыл Жұлдызды 781-ші жеке барлау батальоны жайындағы кітап шынында да онымен танысып шыққан адамға үлкен ой салатындай-ақ.

304 беттік дүниені оқу кезінде көңіліме түйгенім, барлық офицерлер мен жауынгерлер өздеріне тапсырылған әскери міндеттеріне әрқашан да адалдық танытқан. Онда арнайы берілген фото құжаттардан сол қанды шайқастардан көріністер айқын сезіледі.

Қиындық қашан да адам баласын бір-біріне жақындастырып, бауыр етіп жібереді. Мұны әсіресе, әскерде болып, қатаң тәртіпке үйренген азаматтар жақсы біледі. Қанды көйлек достар ешқашан да назардан тыс қалмайды.

Манарбек Жәлелұлы берген кітапты ақтарып отырғанымда Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Борис Соколовтың кіріспе мақаласын оқып, біраз жайға қаныққанымды жасырмаймын.

Сонау Кеңес Одағынан барған әрбір үйдің үкілі үміті, бір-бір шаңырақтың иесі болар жігіттердің ерліктері жайлы кеңінен баяндайды. Оның сөзінен әлгі кез-келген жауынгерге командирлердің туған балаларындай қарағандығын да пайымдайсың.

Қаншама өлімге қимайтын, келешегі жарқын боларлықтай бозбалаларға топырақ жат жерден бұйырды. Бір батальоннан 10 жылға жуық мерзім ішінде 114 жауынгер оққа ұшты. Алайда олардың әскери міндетіне деген адалдығы, жаужүректілігі кейінгі інілеріне тағылым екендігі белгілі.

Әлгі көлемді кітапқа қарап отырып, армия генералы Виктор Ермаковтың да сол ауған жеріндегі оқиғаларды әдемі әңгімелейтін тұстары да өте назар аударарлық. Жоғарыда сөз болған барлау батальонының құрамында біздің бүгінгі кейіпкеріміз Манарбек Жәлелұлы да болғандығы бәрімізге белгілі.

Ұзынкөлдің атын шығарған бозбала

Қостанай өңіріндегі барша ағайындар сексеннің сеңгіріне көтерілген Жәлел Сұлтанғазинді облыстағы зиялы қауым өкілі ретінде ерекше ардақ тұтады. Өйткені, абыз ақсақал бүкіл ғұмырын қазақ елінің өркендеуіне арнаған көрнекті тұлға.

Қолы босаса өлең жазатын ақын жанды ағамыз бен осы киелі шаңырақтың мәртебесін асқақтатуға өзінің лайықты үлесін қосқан Бағытай апамыз екеуі бес балаға уақыт талабына сай тәлімді тәрбие берген болатын.

Ата-ана үшін әрбір баланың өз орны бар. Олар ешқашан да перзенттерін бір-бірінен бөлмейді. Дегенмен де әлгі ұл мен қыздардың арасында қайсар мінезді болып өскен Манарбек кішкентайынан көздеген мақсатына жетпей қоймайтын табандылығымен көзге түсті.

Ол 1961 жылы 9 наурызда Ұзынкөл ауданының Үкіатқан деп аталатын қазақы елді мекенінде дүниеге келді. Алайда ардақты әкесінің қызмет бабына байланысты өңірдің бірқатар жерлерінде болды.

Сондықтан Мәкең Меңдіқара ауданына қарасты Қаратал ауылында орта мектепті ойдағыдай аяқтады. Оны 1979 жылы бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алғаннан соң арнайы шақыру бойынша әскер қатарына алынды.

Бұл шақырылған жігіттердің бәрі де түр-тұлғасы келіскен, денелі де шымыр, жастай спортпен айналысқан бозбалалар болатын. Сонымен бұлар Қазақстанның Семей облысындағы Георгиевка -3 деп аталатын қалалық типтегі поселкедегі әскери бөлімшеге барып түсті.

Әрине, ә дегеннен бұлар әскери өмірге де тез бейімделді. Өйткені, темірдей тәртіп пен күнделікті жаттығу өздерін әбден ширатты. Қиын сәтте өз беттерінше шешім қабылдауға үйретті.

Осы жерде шамалы уақыт болған соң сондағы бір топ жігіттерді Өзбекстанның атақты Термез қаласына жіберді. Өйткені, бұл жерге Ауғанстан мемлекеті жақын еді. Шекара да тиіп тұрған болатын. Жап-жас бозбала бүгінгі әңгімеміздің басында айтылған 781-ші жеке барлау батальонының үшінші ротасына алынды. Онда өзі секілді намысты да жігерлі жігіттер болды.

Құралайды көзге атқан мергендер

Сонымен бұлардың ротасы бірінші болып 1979 жылы 25 желтоқсанда күндізгі сағат үште техникаларымен Ауған жеріне табан тіреді. Осы жерде бір айта кетер жай, Ауғанстан мұсылман мемлекеті болып табылады. Онда жергілікті ұлтпен қатар тәжік, өзбек, тіпті орыстар да тұратындықтарына көздері айқын жетті.

Қазір арада жылдар өтіп, кешегі Кеңес Одағы кезіндегі бауырлас республикалар тәуелсіздік алып, жеке-жеке мемлекет болды.

Адам баласына өзі бір перзенті болып табылатын Отанынан артық ештеңе де жоқ екен. Кешегі Ауған соғысы туралы түрлі ойлар айтылады. Алайда бұлар сол уақыттағы тәртіпке бағынып, өздерінің интернационалдық борышын өтеген жоқ па?

Бұл күндері бір сәт толғанысқа түсіп, өткенге ой жіберсе терроризм деген адамзаттың қас жауы сол шақтың өзінде басталған екен. Сол шет елде қызмет еткен жылдары аузын айға білеген АҚШ, Пәкістан және өзге де елдерден есірткі, қару-жарақтар тасылды.

Міне, Манарбек секілді бауырларымыз солардың ауған жерінен Кеңес Одағына өтіп кетпеу жағын күндіз-түні бақылады. Сауысқаннан да сақ болып, құралайдың көзін атқан мерген болуға тура келді.

Өйткені, әлгі елмен жақын орналсқан Пәкістан секілді мемлекеттерден керуендер үздіксіз ағылып жататын. Оларға қарулар тиеліп, тек жеке бастарының ғана құлқынын ойлайтын.

Манарбек қызмет атқарған ротада 78 қырағы жауынгер болды. Жалпы, батальонда төрт рота болса, соның бірінде бұлар өз міндеттерін барынша жауапкершілікпен атқарды.
Бұл құрамына кіретін ротада небәрі екі қазақ ғана бар еді. Соның бірі-рудныйлық бауырымыз Жанабек Құдабаев болатын. Сол кездегі туған елге деген сағыныштарын, ата-анасы мен ағайындарының қадыр-қасиеті жөніндегі ойларын қазір тілмен айтып жеткізе алмайды.

Осы қанды көйлек досы Жанабек те қазіргі таңда арамызда жоқ. Ауғанстаннан жарақат алып келген жігіт туған жерге оралғаннан кейін қайтыс болды. Содан бері де бес жыл өтті. Манарбек әлі күнге дейін қимас жауынгердің отбасы және туған-туысқандарымен жиі араласып тұрады.

Ауғанстанның астанасы Кабулден бұлар қызмет атқарған Баграм қаласы онша алыс емес. Барлаушылардың негізгі қызметіне ауыл-ауылды аралап, сырттан келетін азаматтарды бері жібермеу, оларға дер кезінде тойтарыс беру кіретін.

Мәкең борышын өтеген рота негізінен барлау яғни десанттық рота деп аталатын. Жергілікті мұсылмандар жігіттерді «Шурави» дейтін. Бұл сөз кеңестік жауынгер деген мағынаны беретін.

Сол қиын кезеңдер де артта қалды. Әскери міндетін ойдағыдай орындаған Манарбек кіндік қаны тамған туған жеріне 1981 жылы 9 мамыр күні оралды. Осы кезде ағайын, туған бауырлардың қуанышында шек болған жоқ.

Қаратал ауылынан әскерге алынған 35 жігіттен төртеуі ғана Ауғанстанда болыпты. Сол қиын күндер әлі күнге дейін жадында.

Ауған жауынгерлері жеңілдікті пайдаланады

Жалпы, содан бері де қаншама жылдар өтті. Манарбек Жәлелұлы да жұрт қатарлы сүйген қызы Жанармен жеке шаңырақ көтеріп, ата-анасын үлкен қуанышқа бөледі. Анасы Бағытай апамыз осы келінінің дайындаған дәмін татып, немерелерінің қолынан су ішті.

Келіндері Жанар Қостанаймен іргелес жатқан Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын атындағы ауданның Жалтыр деп аталатын елді мекенінде дүниеге келді. Ол да отағасы секілді өнегелі шаңырақта өсіп, жастайынан анасының ғибратты тәрбиесін алды.

Сұлтанғазиндер әулетіне құт береке алып келді. Бұл күндері ол «Цеснабанктің» облыстық филиалында қызмет атқарады. Ерлі-зайыптылар қос ұлдарын жастайынан ізгілікке, адамгершілікке, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа баулыды.

Қазіргі таңда осы перзенттері Сәндібек пен Бекарыс та келін түсіріп, әке-шешесін шексіз бақытқа бөледі. Ата-әжелерінің Нұрайым есімді сүп-сүйкімді немерелері өсіп келеді. Кезінде оған аталған атты әжесі Бағытай қойған-ды.

Кешегі ауған соғысының ардагері Манарбек Жәлелұлы кемеліне келген тәуелсіз елдің азаматы. Ол қос жоғары оқу орнын аяқтаған саналы тұлға.

Осы күнге дейін көптеген жауапты жұмыстарды атқарып, алғы шептен көрінді. Кәсіпкер де болды. Қаншама ынтымағы жарасқан ұжымдарды басқарды.

Өзі жастайынан спортқа бейім болатын. Жастық шағында еркін күрестен алдына жан салмады. Сондықтан оның ерік жігері мықты екендігін араласатын замандастары әрқашан да мақтанышпен ауызға алады. Кейіпкеріміздің аңшылық қырлары да бар.

Әсіресе, өзгенің қайғысын терең сезінеді. Қолынан келсе көмекке мұқтаж кісілердің қолтығынан демеп, жетім-жесірқиын шақта жетім-жесірдің жандарынан табылуға тырысады.

Ол қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Қостанай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Еліміздегі жетекші партиясы халық арасындағы құрметі мен беделінің арта түсуіне өзінің парасатты азамат ретінде лайықты үлесін қосып келе жатқандығын да замандастары өзгелерге өнеге етеді.

Манарбек Жәлелұлы «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, Ауғанстанда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін бірқатар ордендер мен медальдарға да ие болды. Тәуелсіз еліміздің 20 жылдығына арналған мерейтойлық марапатты да алды.

Қазіргі таңда ол Ауғанстан соғысы ардагерлерінің Қостанай облысы Одағының төрағасы. Бұл күндері өңірде 1059 ардагер ғұмыр кешіп жатыр. Оның 350-і Қостанай шаһарында тұрады. Олар кешегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері секілді бірқатар жеңілдіктерді пайдаланады.

Жылына бір рет жергілікті бюджеттің есебінен өңірдегі қалың қарағайдың арасында орналасқан «Сосновый бор» санаторийінде тегін демалады. Бұл да болса еліміздің оларға жасап жатқан нақты қамқорлығы емес пе.

Оразалы Жақсанов

Оразалы Жаксанов

комментарии
  • Ал, аспаз офицерлік асхана қызмет еткен, неге айтты?

  • оставить комментарий

    Создать профиль



    Войдите в свою учетную запись