Қазақ өнерінің майталманы

Қазақ өнерінің майталманы

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Рыдченко жайлы

Сарыкөлдің мақтанышы

Бұл кісіні көшеде жиі кездестіремін. Салауатты өмір салтын ұстанған азамат табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Себебі, ол денсаулықтың бірден бір кепілі жаяу жүру, содан дене қимылы деп түсінеді.

Ол 80 жасқа толса да әлі тың. Сөзі де мағыналы. Әрине, кейде сол артта қалған жылдарды әңгімелеп, жастық шағына шолу жасайды.

Владимир Васильевич ел сыйлаған тұлға. Талантты музыкант. Қазақстан Республикасы музыка қайраткерлері одағының мүшесі. Ол елімізді өзінің туған жері деп есептейді.

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, ол 1939 жылы 2 ақпанда Қостанай облысының қазіргі Сарыкөл селосында туылды. Белгілі азамат сонау кішкентай кезінен өнер мен мәдениетке ынтызарлық танытты.

Мектеп оқушысы кезінен бастап, келешекте музыка саласын меңгеріп, елі мен халқына адал қызмет етсем деп армандады. Қолына кәмелеттік аттестат алған соң сонау бір жылдары Алаш қозғалысының негізі қаланған киелі қала Семей шаһарындағы ұлтымыздың көрнекіті композиторы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге шәкірт болып қабылданды.

Аталмыш оқу орнында халық аспаптары сыныбында дәіс алды. Әрине, осында жүріп, оның көксеген мақсатының негізі қаланып, ұлағатты ұстаздарының арқасында біраз жайға қанықты.

Содан кейін де ол білімін үнемі жетілдірумен болды. Орыстың ұлы өнер қайраткері Константин Станиславский айтқандай, өнерде биікке жету үшін оған өзіңнің ғұмырыңды арнау керек екендігін жан жақты ұқты.

Өйткені, күнделікті өзіңді қамшылып, шыңдап отырмасаң тек ғана жалғыз бойыңдағы дарынға ғана сеніп отыруға болмайтынын жете түсінді. Сондықтан да болар, 1970 жылы сонау бұрынғы Ленинград шаһарына аттанды.

Осы жоғары оқу орнында мәдениет институтының халық аспаптары факультетін аяқтап, оны бітіргенде халық аспаптары оркестрінің дирижері мамандығын алып шықты.

Содан кейін 1971 жылы Семей халық шығармашылық үйінің басшысы болып бекітілді. Ондағы жергілікті жұртшылықтың тарапынан сый-құрметке бөленді.

Өз саласын жетік білетін азамат кейін Қостанай өңіріне кеткенде олар өздерінің қимастық сезімдерін білдірді. Өйткені, жергілікті азаматтар бұған әбден бауыр басып, адамгершілік қырларына әбден үйренген-ді.

Қостанай ыстық мекеніне айналды

Кіндік қаны тамған өңірге келген соң да оның жан-жақты білімі бұрын атқарған жауапты қызметі ескеріліп, 1975 жылы қаладағы Қостанай халық шығармашылық үйінің директоры болып тағайындалды.

Талантты адам өзін көрсетпей қоймайды. Өйткені, музыка саласы үнемі халықтың көз алдында болады. Оның үстіне өзінің де кісілік қырлары баршаға өнеге болатын.

Уақыт өткен сайын оның жұртшылық арасындағы танымалдылығы мен беделі арта түсті. Сондықтан да болар, тиісті орындар оған үлкен сенім білдірді.

30 жыл бойы қазіргі Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясына жетекшілік етті. Онымен бірге қызмет атқарған жігіттер мен қыздар сол бір күндерді ерекше ықыласпен еске алады.

Кеңпейілді, жайсаң мінезді азамат ешкімді ұлтына бөлмеді. Талантты деген жастардың нағыз қамқоршысы болды. Сөйтіп, ұлттық мәдениетті дамытуға айрықша назар аударды.

Білікті басшының қамқорлығы арқасында филармония ұжымы үнемі даусы құлаққа жағымды әрі орындаушылық шеберлігі жоғары әншілер және музыканттармен толығып отырғанын да әңгіменің орайы келгенде тілге тиек еткеніміз жөн.

Оның тікелей жанашырлығының арқасында қазіргі таңда өнер ордасының майталмандары болып табылатын Гүлбану Абдуллина, Гүлмира Үмбетова, Манапбек Қәдіров, Сергей Әбілев және басқа да дарын иелері бүкіл елімізге белгілі болды.

Ол шын мәнінде қазақ музыкасының әлемге танылуына да бір кісідей үлесін қосты. Өйткені, филармония құрамындағы ансамбльдер мен оркестрлер шет елдерге де шығып, ұлттық мәдениетімізді асқақтатты.

Қаншама лауреаттар шығып, көптеген әншілер лайықты марапаттарға ие болды. Кезінде ол сонау Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға арнайы барып, оны аяқтағалы отырған жастарды өңірімізге шақырды.

Әрине, бұл ретте сол кездегі облыс әкімі Кенжебек Үкіұлы мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған Рима Ғайсеновалардың да еңбегі зор.

Сол кісілердің қолдауының нәтижесінде дүниеге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Назымбек Молдахметов басқарған „Ақжелең„ ұлттық этнографиялық ансамблі құрылған болатын.

Владимир Васильевич Рыдченконың филармонияны өркендетуге қосқан үлесі өте мол. Өзі де атқарған жұмысына орай құрметке бөленді. 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағына ие болды.

Сондай-ақ кеудесіне бірқатар мемлекеттік медальдарды тақты. Қостанай облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты атанды.

Сондай-ақ Қостанай қаласының құрметті азаматы мәртебелі атағы да берілді. Отбасында сыйлы жар, өнегелі әке. Қыздары мен немерелерінің асқар таудай атасы.

Оразалы Жақсанов

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись